Заңды күшейтіп жатыр

11.01.2020
Қаралды: 65

Президент Қ. Тоқаев Қылмыстық Кодекске бірқатар өзгертулер мен толықтырулар ендіру жөніндегі Заңға қол қойды.

 

Онда жыныстық зорлық жасағандарға, есірткі тарат­қандарға, көлікті мас күйде жүргізгендерге қатысты жазаларды қатаңдату жағы да көзделген.

 

Мұндай қылмыстарға қатысты заңның қатаңдатылуын, әсіресе мас күйде адам өліміне соқтырған апат­қа себепкер болған жүргізушілерге қатаң жаза қолданылуын жұрт құптайды. Себебі соңғы кездері елімізде мұндай тәртіп бұзулардың  көбейгені, оған кінәлілердің кейбірі жеңіл жазамен, кейбірі тіпті жазасыз да құтылып кетіп жатқаны белгілі.

 

Енді олай болмайды. Мас күйде көлік жүргізіп, нәтижесі адам өліміне соқтырған жол-көлік оқиғасына себепкер болған жанға 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Тараптардың бейбіт келісімге келуіне, яғни зардап шегуші жақтың кінәліге кешірім жасауына жол берілмейді.

 

Мас күйде жол ережесін бұзғандарға Қылмыстық Кодекс талабы бойынша мынадай жазалар қолданылады: 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе ол қоғамдық жұмысқа, еңбекпен түзеу­ге жегіледі немесе көлік жүргізу құқынан айырылады, бас бостандығынан айырылуы да мүмкін. Егер жол-көлік оқиғасы кезінде адамдар денсаулығына зақым келген болса, кінәлі жүргізуші 3 жылға бас еркінен айыру жазасына кесіледі. Екінші рет осындай қылмыс жасағандар көлік жүргізу құқынан өмірлікке айырылады.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ