Арыс: Шырылдаған адамдар. Өтірік уәдеден шаршаған халық

11.01.2020
Қаралды: 407

Өткен жылдың жазы. Арыс қаласындағы жарылыс. Арада өткен алты ай. Арыс тұрғындары Жаңа жылды түгелімен қалпына келіп, жөнделген үйде қарсы алды ма? Үкімет барлық үйді қалпына келтіріп береміз деген уәдесінің үдесінен шықты ма, қалай ойлайсыз?

 

Күнтізбесі күні кеше біткен Доңыз жылында жұрт есінде ерекше қалатын осы бір жайға тағы бір шолу жасамақ болғанбыз. Жергілікті билік өкілдері мен Арыс тұрғындары айтқан сөз бір-біріне мүлде ұқсамайтынын, тіпті кереғар келетінін байқадық.

 

Әкімнің уәдесі әдемі еді...

 

Алдымен ресми мәліметтерге тоқталайық. Премьер-министрдің бірінші орынбасары – ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов Арыс қаласын қайта қалпына келтіруге 34,5 миллиард теңге бағытталатынын айтқан. Бұл жұмысқа 126 құрылыс компаниясы мен 4 мыңға жуық жұмысшы жұмылдырылды деген-ді. Жұмыс барысын Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев тікелей өзі бақылады: шілде айында шұғыл түрде сол жерде штаб құрып, бір ай бойы жарылыстан зардап шеккен жұрттың  ортасында болды.

 

Әкімнің не айтқанын еске алайық: «Мен осында бір ай болып, құрылысты күнде басында тұрып қадағалаймын. Егер қай аудан ұйымдастыра алмаса, жауаптысын жұмыстан босатамын. Жауапты облыстар мен қалалар салғырттық танытса, Үкімет басшысына мәлімдеймін. Халықтың мұқтажын жедел шешуіміз керек».

 

Бұл Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің шілде айының басында Арыс қаласында өткен алғашқы апталық аппараттық мәжілісте айтқан сөзі. Көп ұзамай – 23-қазан күні Ө. Шөкеев былай деп есеп берді: «Арыстағы 8637 тұрғын үйдің 7163-і жөндеуді қажет етті. 470 үйді толықтай сүріп, қайта салу қажет болатын. Қазіргі уақытта бұл жұмыстар толық аяқталды. Арыс қаласының әлеуметтік нысандары, инфрақұрылымы, жолдар, көшелер – бәрі толығымен күрделі жөндеуден өтті».

 

Әкім айтқандай, жұмыстар толық аяқталған болса, Арыс жұртшылығы түгелдей Жаңа жылды өз шаңырағында қамсыз, уайымсыз қарсы алуы тиіс-тін. Бірақ шын мәніндегі жағдай бұдан басқаша сияқты.

 

Көпбалалы ана не деді?

 

Жаздағы жарылыста жұртпен бірге баспанасын тастай бас сауғалап қашқан көпбалалы ана Ұлбосын Садықовамен (суретте) сөйлескенбіз. Жетпіс бестегі апа бізге былай деді:

 

«Біздің көшемізде қираған үй көп. Бірақ үш ай дегенде әзер бір үйді жөндеді. Қалғандарын сол бойы қалдырды. Түрткен де жоқ.

 

Мен сегіз балалы, алтын алқалы анамын. Сегіз баланың алтауы осы Арыста. Оның төрт үйі бұрынғы «Зеленая», қазіргі Жұмағалиев көшесінде тұрамыз.

 

Бір балама еншісін береміз сәл әріден үш бөлмелі үй (18-ші үй) салғанбыз. Енді кіргіземіз деп отыр едік. Сол үйдің жанына екі снаряд түскен. Бірі үйдің тап бұрышына, іргетасына тіреле тоқтаған. Содан «фундаменті» жарылып, қабырғалары ары қарай қисайып, бұрышы төмен түсіп тұр.

 

Біз Ақтөбе облысына қарайтын 12-ші сектордамыз. Адамдарын шақырып, көрсетіп, қаншама зар илеп айтсақ та сыртын сылаймыз да кетеміз деді. «Бұл қам кірпіштен тұрғызылған үй. Снаряд тура іргетасына тұмсық тіреп құлаған. Мықты деген цемент қақ жарылғанда қабырғалары қайбір сау дейсің? Сылағын түсіріп көрейік», – десем құлақ аспады. Көзге көрініп тұрған сылағы түскен жерін ғана сылаймыз дегендерінен қайтпады. Әу баста сыртынан сетка жүргізгенбіз. Шынын айтқанда, үй соның күшімен ғана құламай тұр. Төбесінен он шақты шифері ұшып еді, соны қақты-дағы кетті. Келіп жүрген бастықтары Мақсат деген бала еді,  сол «отказ жазғансыңдар» дейді.

 

Біз үйге келгенде де мына жағымыз әлі тарсылдап жарылып жатқан. Қалай болар екен деп жанымызды шүберекке түйіп отырғанбыз. Сол кезде әскери киінген бір жас балалар келді. «Апа, сіздер қашып ана жаққа кеткенде біз көшені күзетіп жүрдік.  Соны растап мына қағазға қол қойып жіберіңізші, бізді қарап жүр, келді деген қағаз», – деді. Жас бала екен, біз өзіміз жанымызды сақтаймыз деп қашып жүргенде мына бейшаралар біздің елімізді, үйімізді қорып жүр екен ғой айналайындар деп елжіреп қол қойып бергенмін. Сөйтсем ол үйімнің бәрі таза, ештеңесі жоқ деген  әлгі «дефектый акт» екен ғой, қайдан білейін. Сонымен алданып отырмыз енді. Сол қағазбен айтысып, ақыры шиферді де ауыстырған жоқ.

 

Бір үйді паналаған үш отбасы

 

Бір балам әйелі мен үш перзентімен, сосын күйеуі қайтыс болған келінім үш баласымен, бойдақ ұлым мен өзім – барлығы 11 адам бір үйде қысылып-қымтырылып тұрып жатырмыз. Үйіміз 1964 жылы салынған. Жарылыс бол­ғанда терезе жақтаулары орнынан та­йып, ашылып, әйнектері шағылып, шашылып кетті. Есіктердің бәрі қисайып қалған, ашылып кеткен. Сол бойы қалды.

 

Шиферларымыз тозған еді, соның  15-і жарылып тұр. Ақтөбенің адамдары соны түгел ауыстыруға көнбеді. Әй­нектердің сынған көздерін ғана салды. Ал қисайып, орнынан тайып кеткен жақтауларына тиіскен жоқ.

 

Ал салынғанына 15 жыл ғана бол­ған басқа көшедегі кейбір үйлердің шиферлары, есік-терезелері түгел ауыстырылды. Тамыр-танысы барлар, депутат, олардың қарындастары, кластастары, құдаларының үйі. Біздің көшемізде өңшең момын, көпбалалылар тұрады. Дөкей танысымыз жоқ. Содан естігеніміз –  тек жарайды деген уәде. Алдымыздан шығатыны әлгі алдап қол қойғыз­ған қағаз.

 

Сол күні мен сыртта отырған едім. Құжатымызды ала, балаларымызды бауырымызға баса, есік-тереземіздің бәрін ашық тастап, есік алдындағы бір көлікке отыра салып қырға қарай қаштық. Сол жерде тұрғанның өзінде кемі жиырма рет атылғанын көрдік қой. Сонда анау 60 жыл бұрын салынған үйдің  шеге­лерінен не қалды дейсің? Қатты жел тұрса төбеміз ұшып кетеді, не үстімізге құлайтыны анық. Бір жақсысы, қабыр­ғалары жарылған жоқ.

 

Осы Жұмағалиев көшесідегі 19-шы үйде тағы бір балам тұрады. Оның үйінің де қабырғалары жарылып,  төбесін тіреп тұрған ағаштары сынып кеткен. Майысып тұр. Жаңбыр қатты жауса не қар қалыңдау түссе төбесі дәл ортасынан опырылып, үстеріне түсейін деп тұр. 

 

Мында бір көршіміздің үйінің қабырғалары айырылып, қисайып, төбесіндегі ағаштары қирап тұр. Фундаментіне дейін оңбай қалған. Оның төбесін ашса, қа­быр­ғалары шалқасынан құлайды. Оның сыртына сетка қойып, жарығын жасырып қана сылап-сипап кетті.

 

Біздің көшенің жағдайы осындай. Ешнәрсесіне тимей отырмыз. Тиюге де қорқамыз. Өйткені жарылған қабырғалардың арасы күн санап ашылып бара жатыр».

 

Алматы да алдап кеткен бе?

 

Жарылыстан кейінгі жағдайды, Үкіметтің уәде еткен жөндеуі жайлы жасырмай ашық айтып жүрген азамат Әмір Құлжабаевтың да айтары бар екен.

 

«Арыста үйлердің барлығын жаңа  деп айта алмаймын, – дейді ол. – Ескі үйлер көп еді. Соның бәрі жарылып, қақырап, жарамсыз болып қалды. Оларды іші-сыртын әдемілеп сылап, шатырын ауыстырып беріп кетті. Сылағын түсіріп, сол бойы тастап кеткен де үйлер бар. Әсіресе Ақтөбе облысына қарасты 12-ші секторда мұндай үйлер көп. Тұр­ғындар амал жоқ өз ақшаларына істеді. 

 

Өткендегі қару-жарақты жою мақсатында жоспарлы жарылыс кезінде  жөндедік деген үйлердің көбісі  қайтадан жарылып кетті. Әділ сараптама жасатса, қирап, шашылып кеткен, сүруге, бұзуға жататын үйлер көп. Іргетасы жарылған үйлер қашанға дейін шыдамақ? Бірақ үйдің арасы ажырап, ортасы ашылмаса бұзуға жатпайды деді.

 

Менің үйімді, керек десеңіз, толық бітірмей, қашып кетті. Құрылысшылар бастаған жұмыстарының соңын өзім жасадым. Үйімнің шифері, балкалар, стропила сынған. Төбесі ішіне қарап салбырап қалды. Оны ашып жапты. Сылақтарын түсіріп, қайтадан сылаған болды. Бірақ оңдырып істей алмады, қисық-қисық, қолмен сипасаң түсіп қалады. Жауапты ретінде Алматы облысы әкімінің орынбасары жүрген. Шақырып, үйге кіргізіп көрсеттім. Дұрыс емес екенін ол да айтты. Бірақ сылақты түсірейін десе, болмайды, бір жұмыстары екі бол­ғалы тұр. Cоның ізін жабу үшін барлық бөлмеге «жидкость» жақты. Ал мен басында түп-түзу етіп сылап берсеңдер болды дегенмін. Соны істей алмады. Енді шала тірліктен бұрынғы жарылған жерлер тағы да көрініп жатыр.

 

Төбе ішке қарай майысқанда есік­тердің бәрі жарамай қалды. Соны ауыстыруға ең арзан есіктерді әкеліпті. Ортасы қуыс, екі шетіне ДВП қағып қойған жұқа қабат әшейін. Көшедегі бір үйге қойған, бір ай болмай қисайып, майысып қалды. Маған да сондай есік қоямыз деп тұр. Амал жоқ олардың есікке деп бөлген арзымас ақшаларын алып, үстіне 16 мыңнан қосып, 8 есікті өзім сатып алдым.

 

Жалпы, 16-шы секторға Алматы облысы жауапты болатын. Мұндай жағдайлар көп. Бірақ біз ешқайда шағымдан­ған жоқпыз. Себебі алдыңғы жарылыста күл-талқан болғанына қарамағандар мына сызаттарға қарайды дейсіз бе?

 

Үкімет ешқандай да уәдесінде тұрған жоқ. Бүлінген үйлер толық жөндеуден өткен жоқ. Жауапты адамдар: «Сетка қоямыз, үйтіп сылаймыз, бүйтіп жасаймыз, қабырғасы ешқашан жарылмайды», – деп уәдені үйіп-төгіп берді. Барлығы да өтірік болып шықты.

 

Арыс қаласын қалпына келтіру үшін әр облыстан адамдар келді ғой. Сол кезде тек Жамбыл облысынан ғана біраз құрылысшылар келді. Қалған облыстардан құрылысшы көрген жоқпын. Облыс­тың басшылары екі апта отырды осы жақта. Іздеп жүріп құрылыс компаниясын тапты. Оған осы Арыстағы танитын біреуді бригадир етіп алады. Адамды осы жақтан жинайды. Арыстың тұрғындарының бәрі құрылысшы емес қой. Содан біреудің сылағаны ертеңіне түсіп қалып жатты. Екіншісі қисық сылайды. Сондай шала тірлік болды.

 

Шатырларды бұзып, жаңадан жабатын кезде ақша беріп жас балаларға істетті. Тоғызыншы-оныншы сынып оқи­тын балалар. Құлап, өліп кетсе не болар еді? Құлады да кейбірі. Елеусіз, айтусыз қалды. Шырылдап осыны айттық.  Ешкім құлақ аспады.

 

– Облыс әкімінің тікелей өзіне неге шағымданбадыңыз?

 

– Жолата ма жанына? Бір адамды жақындатпады ғой. Асқар Мамин келді, премьер-министрдің орынбасары екі рет келді. Екеуінде де көшеде істелмей жат­қан, көзге анық көрініп тұрған шала тірлікті айтайын деп бардым. Біздің көшеде үйі бұзуға жататын бір әйел бар еді. Жағдайын айтсын деп соны ертіп барғанмын. Бізді көріп, менің көзімше әлгі әйелді сол жердегі бір үйдің дарбазасынан ішке кіргізді де, сыртынан құлыптап қойды. Сосын мен ол әйелдің баласын шақырдым. Айтты жағдайын. Ертең бастаймыз деп сендірген. Уә­делерінің өтірік екенін айтып едім, қолымды қайырып, әкетіп қалды.

 

– Арыс полициясы ма?

 

– Жоқ. Бәйдібек ауданынікі. Мамин кеткен соң ғана босатты. Екіншісінде келген кезде үйлері істелінбей жатқан біраз адамдарды шақырғанмын. «Оцепление» істеп қойған, жанына адам жолатпады. Үйімнің алдына үш полиция  қойды. Қайта өзімді аңдуға көшті.

 

– Үйі әлі бітпей жатқандар бар ма?

 

– Жақында бір жігіттің үйін көрдім, ескі үйінің жанынан жаңа үй салған. Бірінде ағасы, екіншісінде өзі тұрады. Олардың жаңа үйін жөндеп беріпті. Ескісін сол күйі қалдырған. Бір адамға екі үй жасап бермейміз деген. Сөйтіп төбесін ауыстырып береміз деп ашып, сол бойы тастап кеткен. Олар ағасы екеуі бала-шағасымен бір үйде тұрып жатыр.

 

Осы жайдың барлығын ашық көрсетіп, басшыларға жазайық десек адамдар аты-жөнін көрсетіп, қол қоюға қорқады.  Айта алмайтын етіп қойған.

 

– Қалайша?

 

– Түн ішінде адамдардың үйіне барып, заңды айтып, ескерту беріп, қандай да бір дау, шағым болса қамаймыз деп қорқытқан деген сыбыс бар. Тір­ліктің шала екеніне іштей наразы болса да үнсіз тілін тістеп отыр жұрт. Бәріне де тыныштық керек.

 

Менің қызымды – үш баланың анасын түнгі сағат 12-де шақырып, сот жасап, адамдарды митингке шақырдың деп 50 АЕК айыппұл салды. Ол айыппұлынан әлі құтыла алмай жүр. Өзі жұмыс істемейді. Не үш баласына жәрдемақы алмайды. Не үйін жөндеп берген жоқ.

 

– Қызыңыз шынымен митингке шақырып па еді?

 

– Бізді қалаға кіргізгенде олар Шымкентте қалған. Өйткені әлі оқ-дәрінің иісі бар, балалардың үстіне түсініксіз жара шығып жатты. Содан кішкентайларға обал болмасын деп солай шешкенбіз. Сол кезде болған тірлік. Қызым жаппай жұртқа емес, бірді-екілі адамға әкім­шіліктен рұқсат алып, бейбіт шеруге шығайық деген ұсыныс айтқан. Бейбіт заманда соғыс зардабындай жарылыс көріп, балаларымен бас сауғалау ешкімге де оңай емес. Мұны шын күйінген адам айтады. Бірақ күйініп тұрса да заңсыз митинг емес, рұқсат етілген бейбіт шеру деп айтқан. Заң бойынша ондай жағдайда түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ескерту берілуі керек. Мұндай әрекетті қайталаған жағдайда ғана айыппұл салынады.

 

Жарылыс болмай тұрып қару-жарақ қоймасы түнде өртенді ғой. Оны жұрттың бәрі біледі. Сол кезде оны ел-жұрттың бәрі айтты. Қызым да соны сөз қылса керек. Осы сияқты уатсаптағы жазба, күдік, күмән, өзара әңгімелерді сылтау етіп қамап қоймақ болды. Жүктілігіне қарамай құқық қорғаушылар ұстап әкетті деген соң соңынан бардым. Қызың кешірім сұрап, видеоға түссін деді. Журналист деп бір орысты әкеліп қойыпты. Біз оған көнбедік. Дауластық. Алда-жалда кешірім сұрап, видеоға түспесе болмайды десеңдер, онда тәуелсіз жур­налистерді шақырыңдар дедім.  Болмайтын болған соң қойды. Тыныш жүріңіздер деді. Бір ай өткен соң ақыры сол қызымды сотты етіп көрсетіп, мойнына айыппұл ілді ғой.

 

Ауру тапқан адамдар бар

 

– Жарылыстан кейін адамдарға түсініксіз жаралар шықты дедіңіз.

 

– Жаңа екі ағайынды бір үйде тұрып жатыр дедім ғой. Сол жігіттердің бірі жарылыс болғанда үйіндегі жүре алмайтын апасын көтеріп, жалаңаяқ қашқан екен. Енді екі балтыры көгеріп кеткен. Өткенде аяғын көрдім. Табанынан ті­зесіне дейін ісіп кеткен. Балтыры біреу сиякөкпен бояп қойғандай көкпеңбек.  Арыстағы дәрігерлерге қаралды. Шымкентке де барды. Ешкім себебін айта алмапты. Қазір Нұр-Сұлтанға бару үшін портал кезегін күтіп отыр.

 

Бір саусағынан айырылған адам бар. Жарылыста жан-жаққа жансауғалап қашқан жұртпен бірге ол да «КамАЗ»-ға отырады. Снаряд жарықшағы түскенде көлік бір жағына қарай қисайып қалған. Сонда әлгі келіншектің қолы кузовқа қысылып қалыпты. Жұрттың бәрі «түс, түс» деп тартқылағанда саусағы кузовқа қыстырылған күйі жұлынып, сол жерде қалып қойған. Хат пен шағым жазбаған жерім қалмады дейді. Нәтиже жоқ. 

 

Ашығын айтқанда, Үкімет арыстықтарға берген уәдесін ары кетсе 70 па­йыз ғана орындаған шығар. Оның өзі айқай-шу, дәлелдеу, тартыспен жасалды. Арызданса да шала тірлікті дәлелдей алмай жүргендер әлі бар. Шатырларды әдемілеп, оны жоғарыдан дронмен түсіріп, елге Арыс әдемі болып қалды деп соны дәлел ретінде көр­сеткеніне күйінесің. Ал шындығында басты көшелер ғана жақсы жасалды. Көктемде жалғастырамыз, әлі жұмыс жасаймыз деп қояды. Бірақ біз мұндай уәденің талайын естідік, көбі бос сөз екенін көрдік қой.

 

Мұндай шындықты айтсақ өзіміз жалалы боламыз. Тіпті «Бүтін тұрған үй­лерін өздері бұзып, әдемілеп істеп бер деп жатыр», – деген ақпарат таратты ғой бір кісі туралы. Сол сөз бүкіл арыстықтарға таяқ болып тиді. Содан қаламыздың баскөтерер азаматтары барып сөйлескенбіз. Сөйтсек ақпарат жалған. Бұрмаланған. Ешкім өз үйін өзі бұзбаған. Ол өзі бір қолы жоқ азамат екен. Сөйлескенде белгілі болғаны, үйіне комиссия барғанда ол уақыт өткізбейін, істің тезірек бітуіне аз да көмек болсын деп жалғыз қолына күрек алып, үйінің сылағын түсіріп жатқан екен.

 

Арыстықтардың айтары көп, әттең, тілді байлап тастаған. Біз бос, жалған сөз, өтірік уәдеден шаршадық».

 

...Қыс ауасында шатырымыз құлап кетер ме екен деп қардың қалыңдау түсуі мен желдің қаттырақ соғуынан қорқып отырған жұрттың сөзі осындай. Соған қарап біз Арыс қаласын қалпына келтіру жұмысында бұрмалау мен көзбояушылық орын алған ба деген ойға қалдық. Тұрғындар текке шырылдамайды ғой.

 

Әкімнің әдемі уәдесі еріксіз еске түседі. Өмірзақ Естайұлы Ақтөбе мен Алматы облыстарының шалағай тірлігін біле ме екен? Бұл жайлы Үкімет басшысына арнайы мәлімдеді ме екен?

 

Д. ӨМІРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ