Біз Жаңа жылды қалай қарсы алатын едік?

30.12.2019
Қаралды: 303

Біз мектепте оқып жүргенде Жаңа жыл жақындағанда оқушы басына 1 сомнан ақша жинаушы едік. Оны дер кезінде жинау да оңай болмайтын. Колхозда жұмыс істейтін ата-аналарымызда көбінесе артық ақша бола бермейтін.

 

«Подарканың» ішінен екі алма мен қатқан тәттілер шығатын

 

1 сом дегеніңіз ол кезде әжептеуір ақша. Сол себепті ағайларымыз Жаңа жыл мерекесіне екі-үш апта қалғанда алдын-ала жинап қоюды қолға алушы еді. Сонымен ата-анамыз қиналып тапқан 1 сомды қалтаға салып, көлемі үлкендеу газетті төрт бүктеп тіккен қағаз қалтаны қолға алып, ағайымызға тапсыратынбыз. Сосын қашан Жаңа жыл болады екен деп шыдамсыздана күтіп жүретінбіз.

 

29-шы немесе 30-шы желтоқсан күні көптен күткен арманымыз орындалып, Жаңа жылдың «подаркасын» қолға алатынбыз. Ол кезде қазіргідей банан, апельсин, ананас, мандарин дегендерді түсімізде де көрмейтінбіз. Газеттен жасалған қағаз қалтаға толар-толмас сыйлығымызға қол ұшын да тигізбей үйге әкелетінбіз, екі езуіміз құлағымызға әрең жетіп. Содан анамыз көптен күткен сыйлықты ашып, тәттілерді тарататын. Оның ішінде екі алма (кейбірі шіріп кеткен), үш-төрт вафли, азын-аулақ арзандау кәмпит-печеньелер, қатқан пряниктер ғана болатын. Одан басқа еш­нәрсе де болмайтын.

 

«Аяз ата» ағайлар

 

Сосын ауылдағы шағын клубқа қарай бет түзейтінбіз. Онда мектеп оқушыларының жаңажылдық шыршасы болады. Жасыл шыршаны қайдан әкелетінін білмейміз, ал Аяз атаның бейнесін сомдайтын ағайларды жазбай танитынымыз айдан-анық. Өйткені оларды дауысынан, жүріс-тұрысынан бірден танисың. Аяз атамыз бетіне мақтадан сақал-мұрт жабыстырып, тонын теріс айналдырып киіп алатын. Қолына таяғын ұстап, мойнына дорбасын іліп қоятын.

 

Одан әрі біз де әлем-жәлем киініп алып, Жаңа жыл жайлы тақпақтар айтуға көшетінбіз. Тақпақты мүдірмей айтып шықсаң, Аяз ата қолындағы дорбадан сыйлыққа кәмпит, пряник беретін. Оны күтірлете жеп, жаңажылдық мерекеден соң үйге қайтатынбыз. Одан әрі рахат, он екі күндік каникулға шыққандықтан ойынның қызығына алаңсыз беріліп кететінбіз.

 

Көнбіс керзі етігіміз шаңғыға ұқсап кететін

 

Біз көбінесе қолдан жасалған шанадан (ішінде табанына қаңылтыр қағылған ағаш шанамыз да бар) түспей, ауылдың қырат беткейінен төмен қарай оқша зулағанды жақсы көруші едік. Одан кейін өсіп тұрған ағаштардың қайқы бұтақтарын іздеп жүріп тауып, арамен аралап, балтамен шауып «хоккей таяқ» жасап алатынбыз. Миды ашытатын сабақты біржолата ұмытып, кешке дейін хоккей ойнағанды ұнатушы едік. Аяғымыздағы керзі етік байғұс ол кезде өзіне жүктелген барлық міндетті мүлтіксіз атқаратын. Осы етікпен сырғанақ та тебеміз, хоккей де ойнаймыз. Кейде мұзы ойылған суға да абайсызда түсіп кететінбіз. Бірақ жаны сірі керзі етігіміз ешқашанда сыр бермейтін. Кешке қас қарайған сәтте оның басы қайқайып, шаңғыға ұқсап қалушы еді. Үйге оралысымен әке-шешеміздің ұрысқанына қарамай керзі етікті әрең шешіп, төрге қарай ұмтылатынбыз. Тамақ ішіп болған соң шешеміз әлгі «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» еті­гімізді пешке қақтап қоятын.

 

Ол күндерде сағынатын сәттер көп

 

Қазіргі таңда қысқы каникулды балалардың қалай өткізіп жүргенін біл­меймін. Ал біздің кезімізде өте қызық еді ғой. Ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігі бірдей еді. Атың өшкір кредит деген бәлені мүлде білмейтінбіз. Бү­гінгідей бай-бағландар, шіренген ше­неуніктер, өзінің жеке мүддесі үшін туған әкесін де сатып, сазға отырғызып кететін жылпос, алаяқтар мүлде жоқ болатын.

 

Бала кезімізде күнде ойын, күнде думан болушы еді. Жаңа жауған аппақ қардан аққала соғатынбыз. Шананы есекке жегіп алып, бір-бірімізбен жарысатынбыз. Көше-көше болып бөлініп, хоккейден жарыс өткізетінбіз.

 

Ол кездің балалары онша-мұнша ауруға бой бермейтін де еді. Қайран, балалық бал кезең-ай! Күні бойы ойын ойнап, сілеміз қатып, үйге қас қарая келсек те кітап оқып, батырлар жыры мен ертегілер әлеміне еніп кететінбіз. Одан қалса, күнде газет-журналдар әкеліп тұратын почтальонның қолынан алған «Балдырған» журналы мен «Қазақстан пионері» газетін қызыға оқып тұратынбыз.

 

Ал қазіргі балалар ше? Олар бүгінде каникулды қалай өткізіп жүр? Әрине, олардың (көбісінің) кітап оқымайтыны, батырлар жыры мен ертегіден мүлде алыс екендігін ешкім де жоққа шығара алмас. Сонымен қатар шанамен сырғанап, аулада хоккей ойнамайтыны да бесенеден белгілі. Оның есесіне интернет пен «соткаға» үздіксіз шұқшия­тындары айдан-анық. Кім біледі, қазіргі озық технология дамыған заманда солай болғаны дұрыс та шығар.

 

Қайран, қайта оралмас, бақытты да уайым-қайғысыз балалық шағым-ай! Артыңнан таксимен қусам да, тіпті ұшақпен ұшып шығып, төбеңнен төн­сем де енді жеткізбейсің-ау. Қайтейін сені...

 

Орынтай КӨМЕКОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ