Иассауи кесенесін кие тұтқан Татьяна әженің әңгімесі

27.12.2019
Қаралды: 506

Кезекті еңбек демалысымды алып, Алматыға барып қайттым. Жұмыс орнымнан кәсіби мерекемізге орай бір жалақы көлемінде сыйақы мен ем-дом қабылдайсыңдар деп көмекақы берген. Соның алдында ғана алған айлығым, «отпускнойым» тағы бар. «Орал – Алматы» пойызымен туған елге тартып кеттім.

 

Жолда небір адамдар кездесті. Маған әсіресе Татьяна есімді орыс апаның әңгімелері қатты әсер етті. Ол кісі Оралға қайтып келе жатқанымда кез болды. Пойызға Түлкібастан отырды. Өзі бір ашық-жарқын, әңгімешіл адам екен. Базбіреулерге ұқсап қыртып, беталбаты далаға лақпайды. Әзіл-қалжыңын араластырып отырып, әңгімені жібереді екен.

 

Шуға дейін бір  купедегі бір әйел әркіммен дауласып, соттасып, жеңгенін, ағасының сенатор екенін айтып мақтанып отыр еді. Әңгімесін де, өзін де жаратпай, жоғарыдағы орныма жайғасып, ұйықтап қал­ғанмын.

 

Оянсам, орнында орыс апа отыр самбырлап сөйлеп. Не айтар екен деп біразға дейін тыңдап жаттым. Ана әйелге ұқсап әлдебіреуді қарғап-сілегенін, қарғаған адамының міндетті түрде аяғы аспаннан келетінін айтып жатқан жоқ. Әйтеуір әңгімесі түзу.

 

«Мен осы Түлкібастың қызымын. 30 жыл бұрын Орал жаққа тұрмысқа шықтым да, сонда қалып қойдым. Сенесіңдер ме, 30 жылдан соң бірінші рет келіп тұрмын туған жерге», – деп бастады ол кісі әңгімесін. «Мәссаған, шын айтып тұрсыз ба?! Содан бері бірде-бір рет болған жоқсыз ба сонда Түлкібаста?» – деп әңгімеге араласты жанымыздағы Нұржамал есімді келіншек.

 

Тараздан Қарашығанақ кенішіндегі вахталық жұмысына қайтқан Володя аяғын айқастырып, ұялы телефонын шұқылап жатыр еді. Мынадай әңгімені естіген соң ол бірден басын көтеріп, шынтақтап жатты.

 

«Түлкібас деген – қасиетті де киелі жер, – деп әңгімесін жалғады апа. – Туған жерге, туған елге барып, мауқымды басып келе жатқан жайым бар, айналайындар. Өмір дегенің қамшының сабындай ғана қып-қысқа екен ғой, зу етіп өте шығады. Бір әттеген-айы, мен білетін кісілердің көбі бұл күнде бақилық болыпты. Бейіттеріне бардым. Дүние екі айналып келмейді екен. Қайғырып, қамыққанмен түк шықпайды. Мен сендерге одан да бір қызық әңгіме айтып берейін.

 

Тұрмысқа шығардан бірер жыл бұрын қатты ауырғанмын. Дерт мені алқымымнан алып, екі өкпемнен қысты. Жөтелгенде іртік-іртік қан түсетін аузымнан. Дәрігерлер «Өкпесінде ісік бар, 4-5 айдай ғана өмірі қалды» деп диагноз қойып берген. Оны үйдегілерден естідім. Қазақ арасында өскендіктен халық емшілеріне, тәуіп, бақсы-балгерлерге сенеміз ғой. Бір күні әкем үйге молда шақырып, дем салдырды. Ол кісі: «Бәрі де бір Алланың қолында. Дініміз бөлек болғанымен Құдай біреу. Ақылымды тыңдасаң, Түркістандағы Иассауи кесенесіне барып қайт», – деп кетті. Молда кеткен соң кәдімгідей жеңілдеп, өзімді жақсы сезіне бастағандай болдым.

 

Содан бірнеше күннен соң Түркіс­тандағы Иассауи кесенесінің алдында тұрдым. Қабырғасына қолымды тигізіп, айнала жүріп келе жатқанмын. Бір заматта сөзбен айтып жеткізгісіз ерекше бір рахат сезімге бөлендім. Алдымен көзім қарауытып, жалт-жұлт еткен сан мыңдаған сәуле ойнағанын көрдім. Сосын алдымнан аппақ кеңістік ашылып, өзге бір әлемге еніп кеткендей болдым. Тура бір көкте ұшып бара жатқан сияқтымын. Есімді жисам, тізерлеп алып, еңіреп, ағыл-тегіл жылап отыр екенмін. Қанша жылағаным есімде жоқ. Әйтеуір бір кісілердің жаныма келіп, қолтықтап алып бара жатқаны еміс-еміс есімде. Міне, содан бері мені еш ауру мазалаған емес.

 

Қасиетіңнен айналайын Түркістаным! Киелі жер ғой бұл! Мен бұл жердің қадір-қасиетін қыз күнімде-ақ сезіп, білгенмін».

 

Осылай деген Татьяна әжей терезеден алысқа көз тастады. Менің тұла-бойым шымырлап қоя берді.

 

Біраздан соң ол кісі: «Біз Бөрлі ауданының Святодуховка деген ауылында тұрамыз, – деп тағы бір әңгіменің шетін шығарды. – Ауылда отбасын құрғанына бірнеше жыл өтсе де бала сүйе алмай жүрген бір келіншек бар еді. Әлгі молданың осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын маған берген ақыл-кеңесін мен соған айттым. Ол мені тыңдап, Түркістанға барып, Иассауи кесенесінде болып қайтты. Бір жылдан соң әлгі келіншек дүниеге шекесі торсықтай ұл әкелді. Оның атын Богдан деп қойды. Богдан шапқылап, жүгіріп жүр қазір. Өзі сүп-сүйкімді. Оны көрген сайын: «Сенің атың Богдан емес, сенің атың – Құдайберген! Кудайбергенчик!» – деп күлемін қазір. Иә, Құдайдың құдіретінде шек болсайшы, шын сұрасаң бәрін береді», – деп кейуана адамды тағы да тұңғиық ойға батырды.

 

Содан кейін тағы бір әңгіме бастады.

 

«Күйеуім «КамАЗ» айдады. Бір күні қарлы боранда аудан орталығына барып, үйге қайтып келе жатқанда алдынан бір әдемі келіншек кез бола кетіпті. Күйеуім көп әңгімеге жоқ адам еді. «Байғұс боранда үсіп өлмесін, жетер жеріне жеткізіп тастайын» деп әлгіні мәшинесіне отырғызып алады. Ана келіншек біраздан соң небір қылық шығарып, менің күйеуімді көзімен атып, жеп жібере жаздапты. Ары айтады, бері айтады, ал менің байғұсым не ымға, не дымға түсінбей, машинасын айдап отыра берген. Ақыры болмаған соң келіншек сөзден іске көшеді. Мұндайды күтпеген күйеуім жалма-жан тежегішті басып: «Есің дұрыс па өзіңнің?!» – деп дүрсе қоя беріпті. «Менікі дұрыс. Ал сенің есіңнің дұрыстығына күмәнім бар. Тап қазір менімен төсектес болмасаң, 9 айдан соң өлесің! Әйеліңнің аяғы ауыр екенін білмейтін боларсың сен байғұс!» – дейді келіншек. Бұл аң-таң қалады. «Онда 8 ай өткен соң ұлды боласың. Ұлың дүниеге келгеннен кейін өзің көз жұмасың. Өлгің келмесе, менің айтқанымды істе. Аман қалудың амалын айтамын», – депті әлгі. Күйеуім оның қалауынан бас тартқан. «Ендеше өз обалың өзіңе! Біз әлі кездесеміз!» – деп көзін қысып, оң қолының саусақтарын шөп еткізіп бір сүйіп, оны ерімнің ерніне басыпты да, көліктен түсіп, есікті тарс жауыпты әлгі келіншек.

 

«КамАЗ»-ынан түсіп, ары қарайды, бері қарайды, ұшты-күйлі жоқ. Ұйытқып тұрған қарлы боранға сіңіп кеткен.

 

Содан күйеуім үйге келген бетте менен: «Аяғың ауыр ма?» – деп сұрады. «Иә. Әдейі айтпай жүр едім», – дедім. Ол маған болған жағдайды бастан-аяқ баяндап берді. Көпке дейін біртүрлі болып жүрді. Содан ұлымыз дүниеге келген соң бір ай өтер-өтпесте ауырмай-сырқамай дүние салды. Ұйқыдан оянбай қалды.

 

«Әй, сорлым-ай, одан да әлгі жол үстінде кездескен келіншектің айтқанын бұлжытпай орындай сал­ғанда жақсы болар еді ғой. Сонда құда да тыныш, құдағи да тыныш, біз де білмей жүре берер едік. Несі бар еді қасарысып?» – деп мырс-мырс күліп отыр әжеміз.

 

Володя екеуміздің ішек-сілеміз қатты.

 

Таня апа әзіл-қалжыңның да түбін түсіреді екен. Барар жерімізге жеткенше ішіміз пысқан жоқ.

 

Ардақ АЙБАРҰЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ