«Баланы өз бетінше емдеу өте қауіпті»

23.08.2016
Қаралды: 1603

Шынын айту керек, баласы ауырса оны дәрігерге көрсетпей, өзінше ем-дом жасайтын аналар көп.

 Біреулері үйде бар дәріні пайдаланса, екіншілері халық емімен емдегенді дұрыс көреді. Осы дұрыс па? Дәрігерлер баланы өз бетінше емдеуге неге қарсы? Шымкенттегі «Балдырған» клиникасының педиатр дәрігері, невропатолог,  гельминтолог Гүлнара Абдукадировамен әңгімеміз осы сұрақ төңірегінде өрбіген еді.

– Бала ауырғанда оған жеңіл-желпі қарамай, міндетті түрде дәрігерге апарып, кеңесін алып, содан кейін ғана емдеуді бастау керек. Мысалы, баланың қызуы көтерілді делік. Ал қызу көтерілудің мың түрлі себебі бар. Баланың іші ауырғанда, өткенде, құсқанда, жұқпалы ауру болса, суықтағанда, соқырішекпен ауырса да баланың дене қызуы көтеріледі. Егер осы кезде анасы дәрігер кеңесінсіз дәріханадан дәрі сатып алып, өз бетінше ем жасаса, ол асқынып кетеді. Сондықтан бала ауырғанда оған дәрі берместен бұрын дәрігерге көрсеткен жөн. Қандай дәрі болмасын тек дәрігердің кеңесімен пайдалану керек. Дер кезінде ем қабылдасаңыз, бала да ауруынан ертерек айығады.

– Баласы ауырғанда майлап-сылап немесе антибиотиктерді өз бетінше пайдаланып, емдейтін аналар көп. Олар­ға қандай кеңес айтасыз? 

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, қазір әлемде 75-80 пайыз балалар аллергиямен ауырады. Майға баланың аллергиясы болса,  емделу орнына ауруы асқынып кетуі әбден мүмкін. Сонымен қатар кейбір ата-аналар дәрілерді өз бетінше сатып алып қолданады да, баланың ауруы асқынып, жағдайы әбден нашарлаған кезде ғана дәрігерге апарады. Ондайда тағайындалатын дәрілердің саны көбейеді әрі баланың дертінен айығуы да біраз уақытқа созылып кетуі мүмкін.

Қазір интернетке кірмейтін адам жоқ. Кейбір аналар балаларын интернетте жазылған кеңестер бойынша емдейтін болып жүр. Бұл дұрыс емес. Себебі онда жазылған шағымдар сіздікіне ұқсас болғанымен, кеңесті дәрігер немесе ауырған адам беріп отырғанын сіз білмейсіз. Сондықтан ауруымыз бір екен деп, оның пайдаланған дәрісін қабылдауға болмайды. Шағымдарыңыз бірдей болғанымен, әр адамның организмі әртүрлі. Сондықтан оған тағайындалатын дәрілер де түрліше болмақ.

– Гельминтолог ретінде қандай кеңестер айтасыз? Ағзасында құрты бар балалардың қандай да бір белгілері бола ма?

– Егер бала себепсіз құсқысы келсе, тамаққа қарағысы келмей жиренсе, тәттіні көп жесе, жүдесе, іші өтіп немесе қатса, іші құрылдаса, тамаққа тәбеті болмаса, ашуланшақ болса, ондай баланың ағзасында құрт бар деген сөз. Қыз балалар астыңғы жағының қышитынын айтады. Құртты кетіру үшін де өз бетінше ем қабылдау дұрыс емес. Алдымен дәрігерге көрсету керек. Дәрігер қандай анализ тапсыруы керектігін өзі айтады. Біреулер үлкен дәретін, келесілері «соскоб», тағы біреулері қан тапсыруы мүмкін. Себебі құрттардың нәжісте, қанда жүретін түрлері бар. Сондықтан да анализді де дәрігердің тағайындауымен тапсыру керек. Айта кетерлік тағы бір жайт, қазір клизма, «очищение» арқылы ағзадағы құртты түсіруге болады деп түсінетіндер көбейді. Құрттың түрі көп, оның бәрін бірдей клизмамен немесе «очищениемен» кетіре алмайсың. Оған қоса, ағзаға қажетті бактериялар да жуылып кетуі мүмкін. Ал оны қайта қалпына келтіру үшін ең аз дегенде бір ай уақыт керек. Егер біреу клизмадан жақсы болдым десе, оған сенуге болмайды. 

– Ағзадағы құртты анықтайтын аппараттар көбейіп кетті. Осыларға сенуге бола ма?

– Сену, сенбеу әркімнің өз еркіндегі іс. Бірақ мұндай аппараттардың құртты анықтайтыны дәстүрлі медицинада дәлелденген жоқ. Тек қана дәрігер тағайындаған анализдерді тапсыру керек. Сонда уақытыңызды да, ақшаңызды да артық шығындамайсыз.  

– Ағзаға құрт түсуінің алдын алу үшін не істеу керек?

– Ең бірінші тазалық керек. Сырт­тан кіргенде, әжетханадан шыққанда қолын жуып жүрсін, жеміс-жидекті жуып, щеткамен ысқылап тазалап, содан кейін жесін. Егер үйде ит пен мысық болса, оны мал дәрігеріне апарып, құртқа қарсы дәрілетіп алсын. Біреу жеген тамақты екінші адамға беруге болмайды. Әркім жеке ыдысқа салып жесін, сүлгі, щетка деген сынды нәрселер ортақ пайдаланылмасын. Бір сөзбен айтқанда, гигиеналық тазалық сақталынуы керек.  

– Интернетте  құртқа қарсы дәрілердің де саудасы қызып жатыр. Бұған не дейсіз?

– Есіңізде болсын, ағзада құрттың түрлері өте көп. Оның бәрін бір ғана дәрімен емдеу мүмкін емес. Әр құрттың өмір сүру, өсіп-өну уақыты әртүрлі. Мысалы, бір құрт дәрінің көмегімен 5-6 күнде өлсе, тағы бір құрт 28-30 күнде өлуі мүмкін. Сондықтан дәрігер анализ қорытындыларына  қарап, комплексті ем тағайындайды. Оны міндетті түрде қабылдау керек. Сонда ғана ем нәтижелі болады.

Сұхбаттасқан – Г. СҰЛТАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ