Туған-туысты жалға алатындар да бар

27.12.2019
Қаралды: 400

«Замана» газетінің өткен нөмірінде Өзбекстанда тойға тәттілерді «прокатқа» алатыны туралы жазған болатынбыз. Сөйтсек, тәттілер былай тұрсын, адамды да жалға алатындар бар екен. Бірақ бұл Жапонияда.

 

Осыдан 30 жыл бұрын басталған

 

Осыдан біраз уақыт бұрын Назым Осака есімді келіншек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мынадай хабарландыру жазды: «65-70 жас аралығындағы, ішімдік ішпейтін, темекі шекпейтін, маған әке бола алатын ер адамды іздеймін. Отбасылы болса да бәрібір. Ол мені моральді түрде қолдап, кейде мақтап, әкелік кеңестер бере білуі тиіс. Кездескенде міндетті түрде бір рет басымнан сипап, маңдайымнан сүюі керек. Менің тарапымнан толық материалдық қолдау көрсетіледі. Мен тек әкенің жылулығын сезінгім келеді. Бұл шын сөзім».

 

Назым осыған дейін «КТК» арнасындағы «Астарлы ақиқат» бағдарламасына қатысқан болатын. Онда ол өзі бес жасқа келгенде ата-анасының ажырасып кеткенін, 20 жасында әкесінің қайтыс болғанын, бала кезден-ақ әкенің жылулығын көре алмағанын айтты. Сол үшін де Назым өзіне әке жалдап, жылы қарым-қатынас үшін айына 300 мың теңге төлеуге даяр екенін жеткізген болатын.

 

Назымның жасы – 42-де. Кәсіпкер келіншек Жапонияда 20 жылдан астам уақыт тұрған. Әу баста ол жапон азаматына тұрмысқа шығып, он жылдан соң екеуі ажырасып кеткен көрінеді. Назымның өзі қызының оқуға түсуіне байланысты осыдан бес жыл бұрын Қазақстанға қайта оралыпты. Қазіргі таңда ол өзінің жеке кәсібімен айналысып жүр. Бағдарлама барысында Назым туған-туысты жалға алатын мұндай үрдістің Жапонияда қалыпты жағдай саналатынын  түсіндірді.

 

Расында да, Жапонияда әке-шешені, ұл мен қызды, немерені, достарды, әріптестерді, іні мен әпкені, сіңлі мен қарындасты, басқа да туған-туыстарды жалға алуға болады. Мұның басы 1989 жылы сол кездегі токиолық компанияның президенті Сацуки Оиваның назардан тыс қалған қарияларға жалға бала-шаға, немере ұсынуынан басталған екен. Оивада бұл идея бір қызметкерінің ата-анасына барып қайтуға уақыт таба алмай жүргенін айт­қаннан кейін туындаған. Оның бұл қызметі сол кезде барлық газет бетінде жарияланып, бір жылдан кейін-ақ оның жүздеген тұрақты клиенті болған. Туған-туысты жалға алу үрдісі қоғамда қалыпты жағдайға айналып кеткен. 

 

Жапондар кімді жалға алады?

 

Жапониялық азамат Юичи Иши – «Famіly Romance» деп аталатын адамды жалға беретін агенттіктің басшысы. Осы кәсіпті оның өзі 20 жасында жалдамалы немере болудан бастаған. Ол тапсырыстың көп бөлігі үйлену тойларынан түсетінін айтқан. Мұндай тойда жапондықтар «әріптестерін», мектепті жиі ауыстырғандар «бала кездегі дос­тарын», жаңа үйленгендер қажет етсе «ата-аналарын» жалға алады. Агент­тіктің адамдары жылына 2-3 рет жал­ған той ұйымдастырады екен. Мұндай тойларда жас жұбайлардың өз ата-аналарынан басқа қонақтардың барлығы жалдамалы жандар болады. Кейде жаңа үйленіп жатқан ерлі-за­йыптылардың бірінің әке-шешесі қайтыс болған, қамауда отырған, айырылысып кеткен немесе науқас болса, онда тойға ата-ананы да ақыға шақырады.

 

Дәл сол секілді, мұнда болашақ қалыңдықты да, күйеу жігітті де жал­ға алып, ірі көлемде ақша жұмсай отырып жалған той жасайтындар да аз емес көрінеді. Мұндай ұсыныс ұлының немесе қызының үйлену то­йын көргісі келген ата-аналардан, маңайдағылар үшін көзбояушылық жасайтын лесбияндар мен гейлерден түсетін көрінеді. Кейде жас отбасылар «ата-әжесін», бойдақтар отбасылық өмірдің қандай болатынын көру үшін «әйелі» мен «ұл-қызын» жалдайтын жағдайлар да кездеседі екен.

 

Күйеу мен әйелді, әке мен ананы да жалдауға болады

 

Жапонияда жалғызбасты әйелдер күйеуді жалға ала алады. Бұл оларға көбіне маңызды мерекелік кештерге жалғыз бармау үшін, балаларын мектепке берерде өздерін толыққанды отбасы етіп көрсету үшін қажет. Ереже бойынша оларға өзара физикалық жақындық орнатуға тыйым салынады. Кей әйелдер жаңа «күйеуіне» бауыр басып немесе оны ұнатып қа­латын көрінеді. Ондай кезде агенттік қызметкері клиентімен кездесу санын бірден қысқартуға мәжбүр болады. Ал роль сомдаушылардың өздері ешқашан сезімге ерік бермейтін көрінеді. Себебі олар үшін бұл тек күнкөріс көзі, жұмысы болып саналады.

 

Дәл сол секілді мұнда жалға әйел алу мүмкіндігі де бар. Бір келіншек жеті жыл бойы бір адамның сүйікті жарының ролін сомдаған. Себебі әлгі азаматтың өз әйелі қатты толысып кеткендіктен оны өзімен бірге ертіп жүргісі келмеген.

 

Кейде агенттік актрисалары артық салмақты аналарды мектептегі ата-аналар жиналысында да алмастырады екен. Бұл баласын сыныптастары анасының семіздігі үшін келеке етпеуі үшін керек болады.   

 

Ақысы төленсе, агенттіктен әке алу да оп-оңай. Рейко есімді жапон әйелі қызы он жасқа толғанда оған әке жалдауға мәжбүр болған. Қызы күн өткен сайын тұйықтанып, сабаққа баруды қойған соң анасы осындай шешімге келіпті. Жалған әкенің жылуынан соң оқушы қыздың сабақ үлгерімі жоғарылап, жаңа достар таба бастайды. Қыздың жасы 19-ға келсе де ол әкем деп жүрген адамның жай ғана роль сомдаушы екенін әлі күнге дейін білмейтін көрінеді. Анасы бұл жаңалықты қызына айтудың қаншалықты қорқынышты екенін елестете де алмайды. Ал Рейконың өзі жалдамалы адамның өзіне үйленгенін қалайды екен.

 

Өзіне ұрысатын адамды ақыға шақырады

 

Жапониядағы әлгіндей агенттік­терде қызметтің тағы бір қызық түрі бар. Адамдар арнайы ақы төлеп, өзіне ұрысатын жанды шақырады. Ол ұрыса отырып, сынайды, сөйтіп адамның намысын оятып, оны жұмыс істеуге, іс бастауға, тағы да басқаға ынталандыруға, жігерлендіруге тырысады.  

 

Сондай-ақ жапондар жалдамалы жандарды тек жеке өмірінде ғана емес, жұмыс барысында да пайдаланады. Мәселен, қандай да бір қызметкер қызмет көрсету барысында ойламаған жерден қателік жасап қой­са, әлгі клиент мекеме басшысының өзінен кешірім сұрауын талап ететін жағдайлар болады. Сондай кезде агенттік қызметкері сол басшының ролін сомдайды. Ол қызметкері үшін кешірім сұрап, клиенттің алдында бас иеді. Егер әлгіндей жағдайларда клиент кінәлі қызметкердің түрін жыға танымайтын болса, ондай кезде де агенттік қызметкерлері көмекке келе алады. Жәбірленуші кінәлі болған қызметкерге айғайлап, ұрысып жатқанда соның орнындағы жалдамалы адам барлығын тыңдап, айыбын мойындайтынын айтады. Ал шын кінәлі адам мұндайда сырттан бақылап қана тұрады. 

 

Тағы бір қызық, күйеуі әйелінің көзіне шөп салғанын білген кезде ол көңілдесінің өзінен кешірім сұрауын талап етеді. Сондайда кейбір әйелдер әлгіндей агенттіктен ақыға адам шақырады. Агенттіктен «көңілдесімін» деп келген адам әйелдің жолдасының алдында тізе бүгіп, аяғына жығылып, барынша жалбарынып кешірім сұрайды.

 

Сонымен қатар, кейде қыз-келін­шектер өздері жылағанда беторамалмен көз жасын сүртетін арнайы жігіт­тер жалдайтын көрінеді. Ол қызметті рең-басы келіскен, сымбатты ер-азаматтар атқарады екен.

 

...Жұмысшының ісін робот атқаратын бұл дамыған мемлекеттің ақсаған тұсы да осы болса керек. «Замана» газетінің өткен нөмірлерінің бі­рінде кей жапондықтардың силикон қуыршақпен махаббат құратынын, тіпті бірге тұратын да айтып едік. Соған қарағанда, Жапония халқы мейірімге, жылы қарым-қатынасқа өте зәру ме деп қаласың. Мұндай үрдіс Қазақстан­ға келе көрмесін деп тілейік. Жатты жақыным бол деп ақшаға жалдау жапондар үшін қалыпты болса да біздер үшін қауіпті. Себебі мұның ақыры адамдардың өз ата-анасын, бауырларын, туған-туыстарын мүлде іздемейтін, керексіз ететін жағдайға апаруы әбден мүмкін. Жат адамға қанша жалақы төлесең де жақыныңдай болмайтыны анық. Сондықтан өз туғандарымыздың қадірін білейікші.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ