Бос мақтанға малданбай, нақты істерге көшейік

27.12.2019
Қаралды: 145

Тәуелсіздік күнінде құттықтаулар айтылып жатыр. Бәрі дұрыс қой. Осы жерде ойланатын бір нәрсе бар.

 

Менің ойымша, біздің қоғам «Бізді әлем танып жатыр», «мойындап отыр», «төрткүл дүниеге танылған ел болдық» деген түсініктерден арылуы қажет. Деңгей өсуі керек.

 

Бұл тақырыптар тәуелсіздіктің алғашқы 10-15 жылында актуальды болған шығар. Бірақ қазір «әлем бізді танып жатыр ма?» деген ойдан кетуіміз қажет.

 

Осы әлемге таныламын деп миллиардтаған долларға ЭКСПО өткіздік. Олимпиада өткізу үшін Қытаймен таластық. Ұтылып қалғанымыз жақсы болды, әйтпесе бүгінгі күніміз не болатынын бір Құдай білсін.

 

Біздің мақсатымыз «қайтсек елдегі халықтың жағдайын көтереміз?», «қайтсек саяси реформаны дұрыс жасай аламыз?», «әлеуметтік мәселені қалай шешеміз?» деген проблема төңірегінде болуы тиіс. Бірінші өзімізді ойлауымыз қажет.

 

Дубайда әлемдегі ең биік ғимаратта Қазақстан туы тұрса, меніңше, оның ақшасы төленген. Немесе ол – елде бір мүддесі бар бизнесменнің тартуы. Бірақ тегін еместігі анық. Ақшасын берсеңіз, сіздің де суретіңізді 1-2 минутқа шығарып береді.

 

Бір күнде 24 сағат бар. Солай ақша тауып жатқан арабтардың басы істеген екен. Кәдімгі ақша табатын маркетинг. Болғаны сол. Мұндай ұсақ дарақылық, мақтангершіліктің қажеті жоқ. Сол Дубай ғимаратының ішіндегі техниканы, лифтті, есік-терезені, жиһазды біз жасап шығарсақ және оны әлем сатып алып жатса, міне, сол кезде мақтану қажет.

 

Шыны керек, АҚШ-та қарапайым тұрғындар Қазақстан деген елдің барын біле бермейді. Бұл да қалыпты жағдай. Уақытымен келетін нәрсе.

 

Түркияда «бізді әлем танып жатыр» деген ауру психология жоқ. АҚШ-та тіпті де жоқ. Біз не істесек те өзіміз үшін істейік.

 

Бір нәрсе анық: дайын өнім шығармай бізді ешкім мойындамайды. Танымайды. Сондықтан алға ұлттық мақсат дұрыс қойылуы тиіс.

 

Бауыржан СЕРІКБАЕВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ