Тышқан жылы туылғандардың мінезі қандай болады?

29.12.2019
Қаралды: 402

Әдетте, «адам қай жылы туылса, мінез-құлқы да сол жылдың егесіне ұқсайды» деп жатады. Расында да солай ма? Алда Тышқан жылы келе жатыр. Астрологтар «Тышқан жылғылар әділ, кең пейілді, жомарт жүректі болады. Алға қойған мақсатына жетпей тынбайды. Таза және сақ жүреді. Думан-той, ырду-дырдудан бойын аулақ ұстауға тырысады. Тіл табысқыш болғанымен, нағыз досқа мұқтаж. Тәкаппарлық, сәл нәрсеге өкпелегіштік қасиет те жоқ емес. Олардан жақсы саудагер, жазушы, сыншы және публицист шығуы мүмкін» деп мінездеме береді. Ал біз осы жылы дүниеге келген кейбір жандардың мінез-құлқын салыстырып көру мақсатында біршама шымкенттік тұрғындарды сөйлетіп көрген едік.

 

Құндыз Қайратқызы: Тышқан жылында менің нағашы әжем мен нағашы ағам туылған. Екеуінің мінезі бірдей. Көпшіл емес. Тұйық. Көп сөйлемейді. Тірліктерін жасап, өз алдарына жүре береді. Тапсырған істі тындырымды етіп, соңына дейін орындайды. Мінездері шатақ емес. Кейбіріне ғана болмаса, барлық адамға бірдей ашыла бермейді.

 

Гүлзахира Пернеева: Менің 11 жастағы ұлым Нұртілеу тышқан жылғы. Өзінің қатарындағылармен салыстырғанда алғыр. Өз ортасында белсенді. Ашуланады, бірақ қайтымы тез. Көп сөйлейді. Содан да болар, адамдармен тез тіл табысады. Көңілі босағыш, адамдарға жаны ашығыш. Қолына тиын түссе дүкендердегі садақа жәшігіне тастап жүреді.

 

Дариға Мамырбек: Мен 1996 жылы Тышқан жылы туылғанмын. Негізі Тышқан жылғылар ашық, жан-жақты болып келеді. Бұл қасиет менде де бар. Кітап оқығанды, жаңа нәрсені білгенді, ізденгенді жақсы көремін. Бір орында отырғанды ұнатпаймын. Отбасымды әрдайым бірінші орынға қоямын. Қырсықтығым да бар. Тағы бір кемшілігім – біреудің сөзін көңілге тез аламын. Бірақ өте сенгішпін. Адамдарға сырымды ақтарып қоямын. Ақыры бұл өзіме таяқ болып тиеді. 

 

Мафтуна Абдугаппарова: 1984 жылғы әпкем Мәдинаның жылы – Тышқан. Өте ақкөңіл, кең пейілді және бауырмашыл. Көпшіл. Дегенмен жуас. Кім не айтса да иіле береді. Сол үшін де өмірден таяқ жейді. Пысықтығы да бар, қолынан көп нәрсе келеді. Бірақ ұйқыны сондай жақсы көреді.

 

Зейнепкүл Ахметова: Алдағы 2020 жыл інім Бәй­дібектің жылы. Қазір 23-ке келді. Өте пысық. Тышқандар кез келген жерде кеміріп, тамағын тауып жүреді емес пе?! Ол да солай. Бала күнінен-ақ қалайда өз қалағанына қол жеткізетін. Мектеп бітірген соң, екі жыл оқуға түсе алмады. Үшінші жылы қайта тапсырып, өз күшімен оқуға түсті. Өз күшімен жұмысқа тұрды. 4-5-сыныпта жүргенде ағаштың жуандау бұтақтарын кесіп алып, қабығын ашып, соны 100-150-200 теңгеге күрек-кетпенге сап ретінде сататын. Кейіннен әкеміздің інілеріне жармасып жүріп, солардың көлігімен базарға барып, тауық алып, оның балапандарын сататын. Жинаған ақшасын қойға айналдыратын. Мал базарға баратын адамдармен ілесіп, көктем, жазда қозы әкеліп, оны бағып, күзде қайта сататын. Анам ауырып қалған кезде биені, сиырды сауып, қымыз бен айран-сүтін тағы сататын. Сөйтіп оқушы кезде-ақ өзіне ең жақсы телефон алды, киімнің жақсысын таңдап киді. Біз оған «тышқан сияқты тамақ тапқышсың» деп әзілдейміз.

 

...Тышқан жылғылар осындай жандар екен. Расында да, мінездерінде өзара ұқсастық бар сияқты ма, қалай?!

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ