Ерекше жыл келеді, мол несібе береді

25.12.2019
Қаралды: 465

Келер жаңа жылды біз алдағы көктемде, 22-наурызда қарсы аламыз. Әйтсе де қазіргі тұтыныстағы күнтізбе бойынша 1-қаңтардың жыл басы деп есептелетіні белгілі. Яғни осы күнтізбеге сай енді бірер күннен соң 2020 жыл басталады. Бұл – Тышқан жылы.

 

Қалай болғанда да адам жаңа жылдан түрлі өзгерістер күтеді, алдағы уақытқа жоспарлар құрады. Осы орайда жұлдызшылардың 2020 жылға беріп жатқан сипаттамасынан құлағдар ете кетуді жөн көрдік.

 

Жалпы, Тышқан жылы туралы айтылатын жағымсыз сөздер көп емес. Өйткені тарихта өткен Тышқан жылдарында жұт, ашаршылық, түрлі апаттар мен соғыстар аз болған. Есесіне бейбітшілік, молшылық жиірек қайталанып тұрыпты. Сондықтан адамдар бұл жылдан көп үміт күтеді, ырыс-береке, татулық, тыныштық әкеледі дейді, бұл жылы қиындықтар көп болмайды деп есептейді. Әсіресе дән мол болады деп ырымдайды. Ал дән деген – тіршілік көзі, одан көп нәрсенің өніп шығатыны белгілі.

 

Оның үстіне тышқан – Жыл басы. Өзіміз бала кезден білетін ертегіде ол Жыл басы болуға таласқан жан-жануарларды қапы қалдырып, Жаңа таңның шапағын бірінші болып көрген. Ол 12 жылдық жыл қайырудың басында тұр, жаңа айналымды бастайды. «Түйенің құлағының ұшына шығып кетіп» Жыл басы атанған тышқан қай кезде де тыным таппай, несібесін молынан жинап алатын көрегендіктің, ақылдылықтың, қулықтың, ептіліктің, пысықтықтың символы сияқты қабылданады.

 

Ал астрологияда бұл жылдың иесі нені болса да ақылға салып істейтін, ұстамды, берік шешімді тез қабылдай алатын, табанды, турашыл, адал, әділ деп сипатталады. Онда бос қиялға алданып жүру деген жоқ, үнемі тыным таппай, қозғалыс, іс үстінде болады. Икемді, епті, қандай қиындық болса да одан аман өтеді. Өйткені оның ішкі түйсігі мықты, ол өзгеше сезгіш.

 

Жыл иесінің бойында осындай жақсы қасиеттер бар екен. Ол адамдарға жұғысты болады дейді. Демек, алдағы келе жатқан Тышқан жылының адамзатқа берері аз болмайтын сияқты.

 

Ендеше сол молшылықтан баршаңызға бұйырсын дейміз. Мақсаттарыңыздың орындала беруіне тілектестігімізді білдіреміз. Сіздерді алдағы келе жатқан Жаңа, 2020 жылмен шын жүректен құттықтаймыз, ағайын!

 

Қазақ Елі бейбіт күнде дами берсін, жаңа, 2020 жыл елімізге жарқын жаңалықтарын ала келсін!

 

«Замана».

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ