Атақты футболшы мұсылмандарға ара түспегендерді сынады

24.12.2019
Қаралды: 83

Ағылшынның «Арсенал» клубының ойыншысы, ұлты түрік германиялық футболшы Месут Өзіл өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Қытайдың жергілікті мұсылмандарға көрсетіп жат­қан қысымын айыптап, бауырларына ара түспей отырған мұсылмандарға сын айтты. Оның сөздерін германиялық қазақ азаматы Өмірхан Алтын қазақшаға аударып жариялады.

 

«Аяулы Шығыс Түркістан! Мұсылман қауымының қансырап жатқан жарасы. Азаптауға қарсы күресіп жатқан мұсылман ерлер мен әйелдер қауымы. Ислам дінінен күштеп айыруға тырысқан жауға қарсы бір өздері ғана қарсылық көрсетіп келе жатқан даңқты мүминдер.

 

Құрандар өртеліп жатыр, мешіттер жабылып жатыр, медреселерге тыйым салынуда, дін ғалымдары біртіндеп өлтірілуде. Еркеккіндік бауырларымыз лагерьлерге күштеп тоғытылуда. Олардың орнына үйлеріне қытай еркектері орналастырылуда. Қарындастарымызды қытай еркектеріне күштеп қосуда.

 

Осының барлығын естіп-біліп отырып мұсылман әлемінің даусы шықпайды, мұсылмандар­ға ие болмайды. Олар білмейді ме? Зұлымдыққа көну де зұлымдық болып саналады», – дейді М.Өзіл.

 

...Месут Өзіл Германияның Гельзенкирхен қаласында туып-өскен. Ол 1988 жылы қазан айында осы қалада өмірге келген.

 

М.Өзілдің ата-анасы Германияға тұрмысын түзеу мақсатында көшіп барған. Олар Түркияның солтүстігіндегі Зонгулдак қаласынан 1967 жылы қоныс аударған. Месут – олардың кенже ұлы, оның ағасы мен екі әпкесі бар. Бұл отбасы тұрмыс таршылығын көп көрген.

 

М.Өзіл футболмен 6 жасынан бастап айналысқан. Ол – Германиядағы «Шальке 04» футбол академиясының түлегі. Бірнеше жастар клубтарында ойнап көзге түскен, Германияның жастар футбол құрамасы қатарында Еуропа кубогін жеңіп алған.

 

М.Өзілді 2010 жылы Испанияның әйгілі «Реал» (Мадрид) командасы өз құрамына алды, осында ол 3 жыл өнер көрсетті. Сол жылдары «Реал» Испания чемпионы болды, ел кубогын, Испания суперкубогын жеңіп алды.

 

2013 жылы М.Өзілді Англияның «Арсенал» командасы өз құрамына алды. Осы жылы «Арсенал» кейінгі он жылдың ішінде тұңғыш рет Англия кубогін ұтып алды, оны кейін тағы да екі мәрте иеленді, сондай-ақ Англияның супер­кубогіне де үш мәрте қол жеткізді.

 

Осы аталған футбол сайыстарының бәрінде де Месут Өзіл жасындай жарқырап көрініп жүрді. Ол 5 мәрте Германияның ең мықты ойыншысы деп танылды. Месут Өзіл – футбол әлемінде өзіндік орны бар, атақты спортшы.

 

М.Өзіл – бес уақыт намазын қаза қылмайтын мұсылман. Ол қайырымдылық шараларымен де айналысады. Мысалы, 2014 жылы Бразилияда өткен Әлем біріншілігі кезінде осы елдегі 30-дан аса балаға жасалған операцияға жеке өз қалтасынан қаржы бөлген. Ол Сириядағы соғыстан бас сауғалап кеткен мұсылман балаларына да жәрдем жасап тұрады.

 

М.Өзіл биылғы жазда, маусым айында отбасын құрды. Ол 2014 жылы «Түркия аруы» атанған белгілі модель Әмина Гүлшеге үйленген болатын.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ