Зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы өсе ме?

24.12.2019
Қаралды: 460

Елімізде 2020 жылдан бастап жәрдемақының, зейнетақының, шәкіртақының өсетіні туралы жаңалықтар айтылды. Ендеше, әлеуметтік саладағы бұл өзгерістер қандай болмақ?

 

Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері бұрынғыдай 42 мың 500 теңге болып қалғанымен, 2020 жылы ең төменгі зейнетақы 36 мың 108 теңгеден 38 мың 636 теңгеге көтеріледі. Сонымен қатар, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 31 мың 183 теңге (1500 теңгеге өсті), айлық есептік көрсеткіштің 2651 теңге (126 теңгеге өсті) болып бекітілуіне байланысты әлеуметтік төлем мөлшері де өзгереді.

 

Атап айтар болсақ, баланың туылуына байланысты берілетін бір реттік жәрдемақы мөлшері бірінші, екінші, үшінші балаға 95 мың 950 теңгеден 100 мың 738 теңгеге көтеріледі. Ал төртінші баладан ары қарай сәл жоғарырақ берілетін жәрдемақы 159 мың 75 теңгеден 167 мың 13 теңгеге өседі.

 

Ал балаға бір жасқа дейін ай сайын берілетін ақша бірінші балаға 14 мың 544 теңгеден 15 мың 270 теңгеге, екінші балаға 17 мың 195 теңгеден 18 мың 54 теңгеге, үшінші балаға 19 мың 821 теңгеден 20 мың 811 теңгеге, төртінші және одан кейінгі балаларға 22 мың 473 теңгеден 23 мың 594 теңгеге жетеді.

 

Енді мүгедектік бойынша төленетін жәрдемақы мөлшері де бұрын­ғыдай емес. І топ – 59 мың 872 теңге, ІІ топ – 47 мың 710 теңге, ІІІ топ – 32 мың 431 теңге алады. 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға 43 мың 657 теңге төленеді.

 

Еңбекке жарамсыз отбасы мүшелеріне төленетін жәрдемақы да ұлғаяды. Жанұяда бір адам болса, 26 мың 818 теңге, екі адамға 46 мың 463 теңге, үш адамға 57 мың 689 теңге, төрт адамға 61 мың 119 теңге, бес адамға 63 мың 302 теңге, алты немесе одан көп адам үшін 65 мың 797 теңге ай сайын беріледі.

 

Жылдың тағы бір жаңалығы – кәмелетке толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі ұл-қыздары бар көпбалалы отбасыларға кіріс көлеміне қарамастан берілетін жәрдемақы. Соған сәйкес, төрт балалы отбасыға 42 мың 500 теңге, бес балалыларға – 53 мың 125 теңге, алты баласы бар отбасыларға – 63 мың 750 теңге, жеті және одан да көп балалыларға – 73 мың 375 теңге ай сайын төленеді. Қазіргі таңда бұл санатқа 340 мыңнан астам жанұя кіріп отыр.

 

Сондай-ақ аз қамтылған отбасыларға 1-6 жас аралығындағы балаларына тамақ, гигиеналық заттар, білім беру қызметтері кіретін әлеуметтік пакет жасақталуда. Ал 6-18 жас аралығындағы балалар мектеп формасымен қамтылып, жолақысы төленеді, оларға мектепте тегін тамақ бері­летін болады.

 

Айта кетер бір жайт, аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек беру тоқтамайды. Бірақ АӘК алып отырған отбасыдағы еңбекке қабілетті азамат жұмысқа орналасудан бас тартса, онда төлем тоқтайды. Себебі АӘК алушыларға бос жұмыс орнымен қатар кәсіп бастауға арналған қайтарымсыз гранттар, жеңілдетілген шағын несиелер қоса ұсынылатын болады.

 

Сондай-ақ шәкіртақыға да ақша қосылады. Бакалавриат, магистратура және докторантурада оқитын 133 мың студенттің шәкіртақысы 25 пайызға өседі. Соның нәтижесінде бакалавр дәрежесінде білім алушылар 20 мың 249 теңгенің орнына 26 мың 186 теңге, магис­тратурадағылар 53 мың 530 теңгенің орнына 66 мың 913 теңге, докторантурада оқитындар 81 мың 998 теңгенің орнына 102 мың 498 теңге алатын болады. 

 

...Иә, әлеуметтік төлемнің өскені жақсы-ақ. Бірақ онымен бірге қымбатшылықтың да қоса өсетіні жаман...

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ