Өзін қаланың «папасы» сезінетіндер қалай сүрінді?

24.12.2019
Қаралды: 217

Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан қаласында орын алған шулы оқиға жұрттың есінде біраз уақыт сақталатын түрі бар. Осындағы М.Жұмабаев атындағы мектептің әжетханасы төңірегінен шыққан даудың бір шеті астанаға дейін жетті.

 

Соның себебінен қалалық полиция басқармасының бастығы Данияр Мейірхан лауазымынан уақытша шеттетілді, қазір оның үстінен қызметтік тексеру жүріп жатыр.

 

Осыдан бір ай бұрын Тараз қаласында болған оқиға жұрттың есінде. Онда бұрын сотты болған бір арам ниетті оңбағанның 7-сыныпта оқитын қыз баланы зорлап кеткені белгілі. Оқиға оқушы мектеп ғимаратының сыртындағы әжетханаға барған кезде орын алған. Кейін қылмыскер ұсталған. Осы оқиғаға жол берген кінәлі ретінде мектеп директорынан бастап, бірнеше қызметкер жұмысынан айырылған еді.

 

Міне, осы оқиғадан кейін еліміздегі мектеп әжетханаларының қауіпсіздігіне назар аударыла бастады. Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы Д.Мейірхан да өткен 13-желтоқсан күні мектеп әжетханаларындағы ахуалды бір тексеріп көруге ниеттенген екен. Бірақ бұл әрекеттің соңы оның өзіне де, өзгелерге де жайсыз тиген оқиғаға ұласты.

 

Бұған қатысты түсірілген видеода мынадай көріністер бар: №15-ші мектептің әжетханасына жақын жерде тұрған полиция бастығының мұнда қауіпсіздікпен ешкімнің ісі жоқ деген тұрғыда мектептегілерді кінәлай сөйлеген үні естіледі. Ол орысша сөйлеп тұр. Сол жерге келген мектептің шаруашылық меңгерушісі полицейлерге үзіліс кезінде тәртіпті бақылайтын мұғалімдер бар екенін, олардың әжетхананы қадағалайтынын айтып, сендіре алмау­да. Полиция бастығы қарап тұрғанына біраз уақыт болғанын, ондай ештеңені де көрмегендерін айтады. «Я хочу, чтобы стоял здесь человек», – дейді полиция бастығы.

 

Осы жерге келген аға лейтенант шеніндегі полиция инспекторы бастығының алдында бүгежектеп, «кезекшінің барын, жаңа осында жүргенін» баяндауда. Ол мектеп ғимараты ішінде әжетхана барын, бірақ оның сумен қамтуға қатысты жұмыс істемей тұрғанын да жеткізеді. Д.Мейірхан болса, зіркілдей сөйлеп, оған өзі отырған кабинетті әжетхана үшін босатып беруді тапсырады. Арада көп өтпей келген әлгі полицей өздері отыратын бөлме іші өлшеніп, смета жасалғанын баяндап тұр. (Тура бір анекдоттағы сияқты. Жөнсіз болса да бұйрықты орындаудағы неткен жылдамдық десеңізші! Осының өзі полицияда бастық пен бағыныштының ара қатынасы қандай болатынын көрсетіп тұрғандай).

 

Полиция бастығы мұнда оқыс оқиға орын ала қалса, «мектеп қызметкерлерінің «красавчик» болып, полицияның кінәланатынын» айтып, орысша «күйіп-пісіп» тұрғанда ол жерге сол күні әжетхана жақты қадағалауға жа­уапты болған адам келеді. Ол дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бақыт Кеукенов деген азамат екен, өзіне жүктелген міндетті атқарғанын, жаңбыр жауып тұрғандықтан бір мезет су болған аяқ киімін ауыстыру  үшін ішке кіргенін айтып ақталуға тырысады. Бұлар оның сөзін жал­ғанға шығарады. Осы жерден бастап қалалық полиция бастығының мектеп мұғалімімен әңгімесі дөрекілеу сипат алған. Полицияның мұғалімге балағат сөз үшін жа­уап беретінін ескерткен, оның «балағаттаған жоқпын», «прокуратураға шағынамын» деген, оған: «Хоть куда пиши», – деген сөздер естіледі. Қысқасы, не керек, полиция бастығының бұйрығымен мұғалімнің қолын қайырып, полиция бөлі­міне әкетіп, сол жерде арнайы хаттама толтырылып, оған айыппұл салынған.

 

Ал аталған оқиғадан түсірілген видео бүгінде ғаламтор желісін шарлап кетті. Онда кейін «кешірісіп, түсініскен» полиция бастығы мен мұғалімнің қол алысып тұрған суреті де жарияланды. Алайда оқиға соңы мұнымен біте салмайтын сияқты. Себебі бұл жерде полиция бастығының қызмет өкілеттігін асыра пайдаланып, заңды белден басқаны көрініп тұр.

 

Жалпы, сырт адам бұл оқиғадан қандай ой түйер еді?

 

Бұл бізде «науқаншылдық ауруының» дендеп кеткенін көрсетіп тұр. Өткенде Таразда болған өкінішті оқиғадан соң әжетхана аңдитын науқан басталып кеткен сияқты. Ал мұндайда әсіресе «шаш ал десе, бас алатындардың» әрекеті күшейетіні белгілі.

 

Полицияның жай сөзбен түсінісуге олақтығы ма, әлде оны қажет көрмейтіні ме, әлде өз күшіне сенген менмендігінен бе – бұл жерде бейбіт шешуге болатын мәселенің соңы насырға шапты.

 

Жұрт арасында полицияға сенімнен гөрі оны жеккөрушілік тереңдеп бара жатқан сияқты. Оның үстіне кім-көрінгеннен жөнді-жөнсіз сөз еститін мұғалімдердің де жүйкесі әбден ширығып кеткендей. «Ендігі қалғаны әжетхана күзету еді!» деп іштей наразы болып та жүрген шығар мүмкін.

 

Оқиға болып жатқан жерге келіп, жөн сұраған басқа бір мұғалімге – әйел кісіге қалалық полиция бастығының өзін: «Как папа города пришел», – деп кекете «таныстырғаны» да оның өзіне абырой әпере қоймас. Осы сөзі үшін оған зығырданы қайнай пікір білдіріп жатқандар өте көп.

 

Қазақы қала деп жүрген Түркістанның өзінде бір-бірімен жағаласқан қазақтар орысша «түсінісіп», әдеп-мәдениеті мен пайым-парасатының қандай деңгейде екенін көрсетті.

 

Өкінішке орай, мұндай келеңсіздіктер біздің қоғамда жиі орын алатын болып тұр.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ