2019 жыл қандай оқиғалармен есте қалды?

29.12.2019
Қаралды: 221

Енді бірер күнде 2019 жылмен қоштасамыз. Ал бұл жылы елімізде шулы оқиғалар көбірек болған сияқты. Солардың бірқатарын тізе кетейік.

 

2019 жылдың басы жайсыз оқиғамен басталғаны мәлім. 31-желтоқсаннан 1-қаңтарға қараған түні Қарағандыдағы «Древний Рим» мейрамханасында қазақ және армян ұлты өкілдерінің арасында жаппай төбелес болып, оқиға кезінде 23 жастағы Рахымжан Жанпейісов есімді азамат қаза тапты. Осыған ашынған Қарағанды жұртшылығы көтерілді, осы кезде көптеген әлеу­меттік мәселелердің қордаланып қалғаны мәлім болды. Ал оқиғаға қатысты басталған сот процестері бір жылға жуық уақытқа созылып, кінәлі деп табылған бірнеше азамат сотталды.

 

Аталған оқиғадан тура бір ай өткенде, 2019 жылдың ақпан айын­да Астана қаласында өте қайғылы жай орын алды. Онда көпбалалы отбасы паналап отырған «времянкадан» өрт шығып, бес бірдей бүл­діршін мерт болды. Бұл қыз балалардың үлкені 11 жаста, ал кішісі әлі 1-ге де толмаған еді. Аса қай­ғылы оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Осы кезде еліміздегі ең көкейтесті мәселенің бірі – көпбалалы, баспанасыз отбасылардың көп екені айқын көрінді. Ашынған жұртшылық, көпбалалы аналар сол кезде, одан кейін де Астанада, Алматыда, Шымкентте және басқа да қалаларда бірнеше мәрте наразылық акцияларына шықты.

 

Мұның соңы Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев басқарған Үкіметтің отставкаға кетуіне апарып соқты.

 

Әрине, 2019 жылдың басты жаңалығы деп Қазақстанды 30 жыл­ға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың орнын босатуын айтсақ болады. Осы жылдың 19-нау­рызында Н.Назарбаев өзінің өкі­леттігін тоқтататыны туралы мәлім етті. Ол кісі Президент лауазымына осыған дейін Парламент Сенатының төрағасы болып келген Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды, оны депутаттар қолдады. Қ.Тоқаев Президент міндетін кезектен тыс өтетін сайлауға дейін атқаратын болды. Сенат спикері лауазымын Дариға Назарбаева иеленді.

 

Ал Н.Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы қызметін сақтап қалды. Ол Ақордадан «Назарбаев орталығына» көшті.

 

Жаңа Президент Қ.Тоқаев өзінің алғашқы Жарлығымен Астана қаласының атауын «Нұр-Сұлтан» деп өзгертті. Сондай-ақ ол еліміздегі қалалардың орталық көшелеріне Назарбаевтың атын беру жөнінде шешім шығарды.

 

Қазақстан жұртшылығын алаңдатып жүрген мәселенің бірі Қытай мәселесі екені белгілі. Елімізге оның зауыттарын әкелмеуді талап еткен бірнеше наразылық акциялары орын алды.

 

Осы наурыз айында Қытайда қысым көріп жатқан қазақтардың мәселесімен айналысып жүрген құқық қорғаушы, «Атажұрт ерікті­лері» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләш тұтқынға алынды. Оған «ұлт араздығын қоздырды» деген айып тағылды. Ол өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ, 5 айдан аса уақыт «үй қамағында» отырды. Ке­йін процессуалдық шешімге келу­і­не байланысты босатылды. Оған бірнеше жылға дейін қоғамдық ұйым­ды басқаруға, саясатпен айналысуға тыйым салынды.

 

2019 жылы еліміздегі үлкен сая­си науқан – кезектен тыс Президент сайлауы болып өтті. Маусым айында өткен, түрлі партиялар мен қоғамдық ұйымдардан 7 үміткер қатысқан сайлауда «Нұр Отан» пар­тиясының атынан түскен Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті деп танылды. Орталық сайлау комиссия­сы оған сайлаушылардың 70 па­йыздан астамы дауыс берді деп жариялады. Басты қарсыласы – «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының атынан ұсынылған саясаткер Әмір­жан Қосановтың өзі оны жеңісімен бірінші болып құттықтады. Негізі Қосановқа дауыс бергендер де баршылық еді (өзінің айтуынша, 1,5 миллиондай адам), бірақ ол ашық күреске тәуекел ете алмады. Осы оқиғадан соң Қосанов халық алдындағы абыройынан жұрдай болып, сенімнен айырылды.

 

2019 жылы халықты дүр сілкін­дірген оқиғаның бірі, әрине, Арыс қаласындағы қару-жарақ қоймасының жарылуы. 24-маусымда орын алған осы оқиға кезінде екі сарбаз бен бір қала тұрғыны қаза тапты. 50 миллионға жуық тұрғыны бар Арыстың халқы түгелге жуық қаланы тастап қашты. Олар бірнеше аудандар мен Шымкенттегі эвакуациялық бекеттерге орналастырылды. Қаланы залалсыздандырып, қалпына келтіру жұмыстары біраз уа­қытқа созылды.

 

Осы маусым айында 2018 жылы Қытайдан қашып келген, шекарадан заңсыз өткені үшін шартты жазаға кесілген Сайрагүл Сауытбай отбасымен бірге Швецияға кетті. Қазақстан оған босқын мәртебесін бере алмады.

 

2019 жылы еліміздегі бірнеше нысанда шетелдік және жергілікті жұмысшылар арасында жаппай тө­белес орын алды. Олар да бұл салада шешімін таппаған күрделі проблемалар бар екенін ашып көр­сетті.

 

29-маусымда Атырау облысындағы «Теңіз» кенішінде араб және жергілікті қазақ жұмысшыларының арасында жаппай төбелес болды. Ол бір араб азаматының әлеуметтік желіге қазақ қызымен түскен анайы сурет жариялауынан басталды. Бұрыннан әлеуметтік мәселелері шешілмей, наразы болып жүрген жергілікті жұмысшылар көтеріліп, келімсектерді соққыға жықты.

 

Осыған ұқсас оқиға арада екі айдай уақыт өткесін, 13-тамызда Қарағанды облысының «Жәйрем» кенішінде орын алды. Мұнда жер­гілікті тұрғындар түрік компаниясының жұмысшыларымен төбелесті. Бұған да әлеуметтік мәселелердің шешілмеуі басты себеп болды.

 

Ал арада екі айдай уақыт өткесін, 21-қазанда Алматы облысының Ақсу ауданында жол салып жатқан Қытай компаниясында қытай жұмысшылары өз араларындағы этникалық қазақты жабылып соққыға жықты. Осыны естіп ашынған жергілікті жастар өндірістік аймаққа басып кіріп, қытай жұмысшыларын сабады. Қазақтың намысын қорғаған осы жігіттердің 5-еуі бүгінде қамақта отыр. Үстінен қылмыстық іс қозғалған бұл азаматтарды құтқаруға қоғам белсенділері мен ұлтжанды адвокаттар әрекет жасауда.

 

Осы қазан айының басында Қазақстанға Қытайдан тағы да екі қазақ жігіті қашып келді. Қастер Мұсаханұлы және Мұрагер Әлім­ұлы есімді бұл азаматтар бас еріктеріне, өмірлеріне Қытай тарапынан қауіп төніп тұрғанын айтып, Қазақстаннан саяси баспана сұрады. Бірақ Қазақстан оларды Қы­тайға қайтармақ ниетте. Шекара қызметінің басшысы осылай деп мәлімдеді. Ал бұған жұрт наразы, елім деп, пана сұрап келген жандарды Қытайға қайтармауды талап етіп жатыр. Адамдар жекелеп те, топталып та наразылықтарын біл­діруде.

 

Елімізде саяси реформалар жасауды, әділеттілікті, адам құқының тапталмауын талап еткен митингтер кешегі 16-желтоқсан – Тәуелсіздік күнінде Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында орын алды. Осы күні және оның қарсаңында полиция кү­шей­тілген тәртіпте жұмыс істеді, барлық дерлік қалалардағы қоғам белсенділері аңдуда болды.

 

...Қысқасы, 2019 жылы есте қалар оқиғалар өте көп болды. Әсі­ресе ол наразылық акцияларының көптігімен ерекшеленді. Жыл басынан кешегі Тәуелсіздік күніне дейін, ай сайын дерлік бірнеше наразылық акциялары болып өтті, көптеген қоғам белсенділері қамауға алынып, әкімшілік жазаға тартылды. Олар­дың арасында сотталып кет­кендері де бар.

 

Дегенмен 2019 жыл келеңсіз оқиғаларға ғана бай болған жоқ. Бұл жылы жарқын жаңалықтар да орын алып жатты. Мысалы, белгілі әнші Димаш Құдайберген қазақты, қазақ ән өнерін әлемге танытты, мойындатты. Ол Ресейде «Жыл әншісі» деп танылды. Ресейге ғана емес, Жапонияға, АҚШ-қа барған сапарларында жанкүйерлері оны қазақша сөйлеп қарсы алуға тырысты.

 

Кішкентай әншіміз Ержан Мақсым «Голос. Дети», «Детское Евровидение» халықаралық байқауларында 2-орын алып, әлем жұртшылығын тамсандырды.

 

Сондай-ақ тағы бір жұлдызымыз – мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева әлемде тұңғыш рет «төрттік сальхов» жасады, оның есімі «Әлемнің ең үздік 10 мәнерлеп сыр­ғанаушысы» рейтингіне енді.

 

...Жалпы, 2019 жыл осындай оқиғаларымен ерекшеленді. Енді бірер күннен соң тарих табалдырығын аттайтын 2020 жыл елімізге тек жарқын жаңалықтарын ала келгей дейміз.

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ