Ауыр дертке шалдыққан жанға көмек керек

23.12.2019
Қаралды: 285

Түркістан облысының Сайрам ауданында тұратын жап-жас жігіт өте ауыр халде. 31 жастағы  Қуаныш Исабековты соңғы 2 күнде дәрігерлер 3 ауруханаға ауыстырған.

 

Қазір ол Шымкенттегі Облыстық клиникалық аурухананың ревматология бөлімінде жансақтау бөлімінде жатыр.

 

«Күйеуімнің диагнозы – «вульгарная пузырчатка». Денесін түгел көпір­шікті жара басып, ТІРІДЕЙ ШІРІП барады. Қуаныш бір айдан бері мүлде жүріп-тұра алмай қалды.

 

Кешегі сенбі – 7 желтоқсан күні кешке дәрігерлер консилиум жасаймыз деген  соң сағат 21:00 шамасында Қуанышты Шымкенттегі тері-венерологиялық ауруханасына апардық. Ол жерде хирург, кардиолог, онколог, ревматолог, нефролог, басқа да бірнеше дәрігер болды. Бәрі де «Менің ау­руым емес» дейді.

 

Негізі бұл тері ауруы. Бірақ күйеуімді осы ауруханаға емес, Шымкенттегі облыстық ауруханағаның 7 корпусындағы жансақтау бөліміне жатқызған. Бұл сенбі болатын. Гемоглобині 50-ге түсіп кеткен. Көзінен тіршілік белгісі кетіп бара жатқан еді. Ол жерде 650 мл қан құйды. Дәрігерлердің бақылауында ғой деп қуанып, үйге қайттық.

 

Ертеңіне барсақ, оны «Қатын көпір» жақтағы бұрынғы эндокринологиялық орталыққа ауыстырып жіберіпті. Ол жақта ревматология бөлімшесінің жансақтау бөліміне жатқызып қойыпты. Себебін сұрасам: «Негізі біздің ауруханаға түк те қатысы жоқ. Кожаный больницада реанимация болмаған соң осы жаққа жіберді. Біз облыстық аурухананың бөлімшесіміз ғой», – дейді.

 

Дәрігерлер неге күйеуімнің ауыр жағдайына қарамай ары-бері сандалтып жібергенін түсіне алар емеспін.

 

Қуаныштың аузының ішіне – тілінің жан-жағына өңешіне дейін ЕТ ӨСІП кеткен. Ас түгілі су іше алмайды. Жұ­тын­ғанда, су ішкенде қанап кете бе­реді. Өңеші бітеліп бара жатқан соң оған тыныс алу да қиын. Сол етті операциямен алып тастаса, дұрыстап демалып, дұрыстап ас іше ме деп үміттеніп едім. Бірақ дәрігердің бірі бұл онкологиялық өскін болуы мүмкін, оны кесу қауіпті, тексеру керек дейді. Оған тексерілгенде анализде  онкологияға көрсеткіш жоқ болып шықты. Ал онколог біздің ауру емес деп қашады. Дерматолог асқыну жоқ деп отыр. Сонда біз Қуаныштың аузындағы өс­кінді кімге көрсетеміз?

 

Қуаныштың жағдайы күннен күнге нашарлап жатыр. Гемоглобин 55-ке түсіп кеткен. Табандарына дейін түйін шығып кетті. Ол қатты қиналып жатыр. Тірідей шіріп бара жатқан отағасының жағдайына қарап жаным ауы­рады.

 

Қуаныш үйдегі жалғыз ұл. Мен жұмыс істемеймін. Сулы жарасы жарылған сайын денесі ашып, қышып, қиналған күйеуіме қараймын. Түтік­шемен ас езіп беремін. Шиеттей балаларыма қараймын.

 

Қайынатам 2 рет инсульт алған, өзі әрең жүріп-тұрады. Ортаңқол жұ­мыс­тағы қайыненемнің жалақысы қайсы­бірімізге жетсін?

 

Біздің үш бала-шағамыз бар. Үлкенім – 5-те, екіншім 3-ке толады. Кенжеміз 1,8 жаста. Балаларымның әкесі – отағасының жазылып, қатарға қосылуын тілеп, күндіз-түні Аллаға жалбарынамын», – деп жылайды келіншегі Жан­ерке Есеева.

 

Исабеков Қуаныш Жамалбекұлы 12.01.1988 ж. Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Ақсукент ауылында туған. Бұл ауру 3 жыл бұрын басталыпты. 2016 жылдың сәуір айында аузы ойылып, стоматит белгісі байқалған. Артынша денесі бөртіп, қызарып жаралар шыққан. 2016 жылдың мамыр – қыркүйегі аралығында 5 ай Шымкент қаласындағы тері аурулар ауруханасында жатады.

 

Келіншегінің айтуынша, жазылып, жақсы болып шыққан. Бірақ...

 

Бірақ екі жылдан кейін – 2018 жылдың желтоқсан айында аузы ойылу қайта пайда болады. Бірнеше рет Шымкент пен Алматыда ем алғанмен, беті бері қарамай, апталдай азамат осындай күйге түскен. Ақыры осы қараша айынан бері жүріп-тұра алмайтын халде төсекке таңылыпты.

 

 «Вульгарная пузырчатка» – сирек кездесетін өте қатерлі ауру. Аутоиммундық кесел. Яғни адамның имму­нитеті өзіне шабуыл жасайды, ішкі органдарын зақымдап, теріні, асқазан-ішек жолдарын бүлдіреді. Иммунитет қарсылығынан ағзадағы сулы-тұзды қыш­қыл, ақуыз сынды барлық зат алмасу бұзылады. Түркістан облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасы бұл аурудың айықпас кеселдер қатарына жататынын айтады.

 

«Көпіршік жарасы – бұл сирек кез­десетін және айықпас аутоиммундық ауру. Күрделі көпіршікті емдеу шаралары Қазақстан мен шет мемлекеттерде біркелкі. Тек науқастың өмірін сақтауға негізделген ұзақ мерзімді терапия қолданылады. Қазіргі уақытта науқастың қорғаныш күштерін арттыру мақсатында қан құюды қамтитын қарқынды терапия жүргізілуде», – дейді аталмыш басқарманың баспасөз хатшысы.

 

Қуаныш бұл ауруға ауыр стресс алғаннан кейін тап болғанға ұқсайды. Бірақ Ж. Есеева отағасының толық жазылмаса да иммунитетінің күшейіп, беті бері қарайтынынан үмітті. Cон­дықтан, жан-жаққа сұрау салып көріпті. Украинада тап осы ауруға ем жасайтын орталық бар екен. Әзірге онымен байланысу мүмкін болмай отырған сияқ­ты. Ресейде бір клиника дәрі­герлері бетін бері қаратып беруге уәде етіп отыр екен. Бірақ ақысы қымбат. Күніне 30 мың рубль. Ем кемі 30 күнге созылады. Қосымша анализдері мен жол шығыны бар. Яғни емнің өзіне кемінде 8-9 миллион теңге қажет.

 

Осы себепті Қуаныш пен Жанерке көпшіліктен көмек сұрауға мәжбүр. 

 

«Көмек көрсеткен әрбір адамға Алла сауабын жазсын деймін. Ешкімнің басына мұндай қайғы бермесінші», – дейді олар.

 

Есеева Жанерке Қазбекқызы – 8-702-490-83-90 (Каспий голд осы номерде)

ЖСН 91 11 17 40 20 01

5169 4971 7038 8072 (Каспий голд)

 

Шырылдаған келіншек пен жәутеңдеген балалардың көз жасы құрғап, төсекке таңылған азамат аман-есен отбасымен қауышса екен!

 

Р. ОРДАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ