Тойға тәттіні «прокатқа» алады

23.12.2019
Қаралды: 585

Өткен аптада бір шаруалармен құрбымның жұмысына барғанмын. Амандық-саулықтан кейін ол мені асханаларына ертіп барды.

 

Түстенетін уақыт та болып қалған екен. Сәлден кейін жанымыздағы үстелдерге әріптестері де келіп отырды. Әңгіме арасында құрбымның бір әріптесі Өзбекстанға тойға барып келгенін айтты. Той дегесін бәріміз де елең етіп, сол жаққа қарай бұрылдық. «Қандай болады екен олардың тойы? Қызығын айтып отырсаңызшы», – деді  құрбым. Оның сөзін сол жерде отырғандардың бәрі құптады. Әлгі кісі ол жақта көрген-білгенін былайша әңгімеледі:

 

«Тойдың қызығы өз алдына ғой, мен ол жақта ысырапқа жол бермейтінін байқадым. Біздегідей дастарханда бос орын қоймай, құстың сүтінен басқасының бәрін қойып, оны пакеттеріне салып әкетіп жатқан әйелдерді көрмедім. Естуімше, ол жақта жеміс-жидек, кәмпит-пішінәй, тәтті сусындар және тағы басқа дастархан сәні үшін қойылатын заттарды той иесі тойхананың өзінен жалға алады екен. Оны білетін тойға келген қонақтар ондай заттарды тұтынбайды. Біздегі сияқты пакеттеріне салып үйлеріне әкетпейді. Той біткесін той істеген адам әлгіндегі заттардың бәрін санайтынын санап, таразыға өлшейтінін өлшеп, тұтынған заттың ақшасын ғана төлеп, қалғанын өздеріне қайтарып береді екен.

 

Бұл – тойхана қожайынының той иесіне жасаған жеңілдігі. Біз, шымкенттіктер оны қайдан білейік, чак-чактан біраз жеп қойыппыз. Ал ол жақтың адамдары тамақ пен салаттарды ғана жеп, «арендаға» алған тәттілерге қол созбайды екен».

 

Әлгі кісі әңгімесін аяқтасымен сол жерде отырған бес-алты адамның бәрі бір ауыздан «мынау дұрыс нәрсе екен» дестік. «Шынында сол кәмпиттерді кім жей береді?», «Жеміс-жидек те дастархан жұтаң көрінбес үшін сәнге қойылады», «Кейбіреулер торт, «пирожныйлар» қойып жатады. Оның да үстіне арақ төгіліп, бекерге рәсуа болады» деп әрқайсысы өз ойларын айтысты. Жұрт тыныштала бастаған кезде жасы үлкендеу бір әйел: «Қазір өзіңнің жақын туыстарыңның арасында ғана аталып өтілетін бесік той, туған күн, «юбилейлерді» де жұрт тойға айналдырып жіберді ғой. Үйлену той мен сүндет тойдан басқасының бәрі артық той. Қалғандары жай, отыз-қырық шақты адамға, өзінің ең жақындарын ғана шақырып, аталып өтілетін нәрсе ғой», – деді. Ол апайдың да сөзін бәріміз құптап кеттік.

 

Әрине, тойды көпсінбейміз. Тойдың болғаны жақсы ғой. Бірақ қарызға батып той істеудің қажеті бар ма? Сіз не айтар едіңіз?

 

Г. ТҰРАРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ