Лужков жайлы не білеміз?

20.12.2019
Қаралды: 286

1992-2010 жылдар аралығында Ресей астанасы – Мәскеу қаласының мэрі бол­ған белгілі қоғам қайраткері, саясаткер Юрий Лужков 83 жасында дүние салды. Лужков Германияның Мюнхен қаласында жүрегіне жасалған операция үстінде жан тапсырды. Ол Мәскеудегі «Новодевичье» зиратына жерленді.

 

Мәскеуді 18 жыл басқарған еді

 

Ю.Лужков 1936 жылғы қыркүйек айын­да Мәскеу қаласында жұмысшы отбасында өмірге келген. Губкин атындағы мұнай химиясы және газ өнеркәсібі инс­титутын бітірген. Бірер жыл Қазақстанда тұрған, тың және тыңайған жерлерді игеруге қатысқан. Кейін туған қаласына оралып, ғылыми-зерттеу институтында, Химия өнеркәсібі министрлігінде, бірқатар кәсіпорындарда жауапты қызметтер атқарған. Бірнеше мәрте депутат болып сайланған. 1990 жылдан Мәскеу қалалық атқару комитетінің төрағасы болды. Кейін қала мэрінің орынбасары болып істеді. 1992 жылы Мәскеу қаласының мэрі болып тағайындалды. Кейін бұл лауазымға бірнеше мәрте сайланды. Бұл қызметті ол 2010 жылға дейін атқарды. Сондай-ақ ол 1996-2001 жылдар аралығында Мәскеу үкіметінің төрағасы болып та істеді.

 

Көп деректерде Лужковтың қызметте тез өсуін Ресейдің алғашқы прези­денті Б.Ельцинмен байланыстырады. Ельцин оған аса сенім артқан және оны қолдап отырған. Сол жылдары Лужковтың есімі дүрілдеп тұрды. Оның отбасы Ресейдегі ең бай адамдардың маңдай алдында аталатын. Мәскеуді басқарып тұрғанында оны Ресейдегі ең бай адам деп атағандар да болды. Мысалы, 2001 жылы оның байлығы 400 миллион доллардан асады деп бағаланған болатын.

 

Ю.Лужков басшылық қызметте өз принципінен танбайтын, өте іскерлігімен танылды. Оның жаулары да аз болған жоқ. Ақпарат құралдарында оны ма­фия­мен, «заңдағы ұрылармен» байланысы бар деп те айтып жатты. Оның Ресей олигархтарымен жауласқан кезі де болды.

 

Лужков қызметінен Ресейде Д.Медведев президент болған кезде кетті. Оның жаңа билікпен сөзі жараспады. Бұл кезде Лужковқа қарсы күштер де белең алған еді. Ақырында ол 2010 жылы «өзіне көрсетілген сенімді тауысты» деген желеумен қызметінен алынды.

 

Жеке кәсіппен, ғылыммен де айналысқан

 

Сол кезде жасы 74-те болса да аса жігерлі бұл адам қызметтен босадым деп күйзелмеді, қаусап қалған жоқ. Ол алғашында университетте декан болып істеді. Кейін Латвияға қоныс аударып, кәсіппен айналысты. Кейін ол жақтан кетіп, отбасымен Лондонда тұрды.

 

Ю.Лужковтың Калининград облысында жылқы, қой өсірумен, ауыл шаруашылық өнімдерін өндіріп, өңдеумен айналысатын «Веедерн» деп аталатын концерні бар. Аумағы 5 мың гектарды құрайды. Онда 2015 жылдан бастап 100 гектар жерге ақ және қызыл түсті қарақұмық өсіру қолға алынған. Ол жыл са­йын мыңдаған тонна астық өндіреді.

 

Лужков осы кәсіпорында тамырлар жұмысын, қан айналымын жақсартатын рутин деген препарат шығаруды да қолға алған. Мұндай препарат Ресейге Қытайдан, Корея мен Жапониядан жет­кізіледі екен. Олар оны есекмиядан өндіреді. Ал Лужков рутинді қарақұмықтан шығаруды жолға қойған.

 

2017 жылы бұл концернде «Медовые лужки» атты жұмсақ ірімшік сұрыбын шығару жолға қойылды. Лужковтың ойында алдағы уақытта майлы, қатты ірім­шіктер шығару жоспары да болды.

 

Ю.Лужков – химия саласының маманы. Ол осы бағытта ғылыммен де айналысқан. Химия ғылымдарының докторы болған Лужковтың бұл салаға ен­дірген жаңалықтары да баршылық екен. Мысалы, тұзды судан тұщы су өндіретін, ауа тазартатын, ісіктің өсуін тежейтін, сиыр сауатын, морс, бал қосыл­ған шырын шығаратын құрылғылар жасаған. Өзі ат спортымен қоса бал арасын өсі­румен де айналысатындықтан өздігінен ашып-жабылатын омарта да жасапты. Ол 123 патенттің қосалқы авторы бол­ған. Бірнеше ғылыми еңбектер жазған.

 

Бұл азаматтың Құрметті атақтарының өзі бірнешеу, оның Кеңес Одағынан, Ресейден, ТМД елдерінен, әлем мем­лекеттерінен, түрлі ведомстволар мен ұйымдардан алған орден-медальдарының өзі бірнеше костюмнің алды-артын толтырардай мол болған.

 

Әйелі әлемдегі ең бай әйелдердің бірі саналады

 

Марқұм Ю.Луж­­ковтың әйелі Елена Батурина бүгінде әлемдегі ең бай әйел­дер­дің бірі саналады. Ол Ресейден шыққан ең бай әйел дәреже­сін 2007 жылдан бері ие­леніп келеді. Ресейлік «Форбс» журналының 2019 жылға қатысты рейтингінде оның байлығы 1 миллиард доллар деп көрсетілген.

 

Е.Батурина – бүгінде негізін Лужковтың өзі қалаған «Интеко» корпорациясының басшысы. Оған «Газпром» мен «Сбербанктің» қомақты акциялары тие­сілі. Сондай-ақ Батуринаның Ресей мен бірқатар Еуропа елдерінде мейманхана бизнесі бар. Батурина сондай-ақ бас­тауын XVІІІ ғасырдан алатын «Веедерн» жылқы зауытының да иесі. Бұл зауытта асылтұқымды жылқылар өсірі­леді.

 

...Жалпы, Ю.Лужков үш мәрте үйленген. Студент кезінде  бас қосқан Алевтина есімді жұбайымен арада бала болмағандықтан ажырасқан деседі. Екінші әйелі – Марина Башилова ілгеріректе қайтыс болған, одан Лужковтың Михаил және Александр есімді ұлдары бар. Ал үшінші әйелі Елена Батуринадан туған Елена, Ольга есімді қыздары бүгінде шетелде тұрады, бизнеспен айналысады.

 

"ЗАМАНА".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ