Жаңа жәрдемақы туралы жұрт не дейді?

20.12.2019
Қаралды: 164

Алдағы жылдың қаңтар айынан бастап көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы туралы жаңалық бір адамдарды қуантса, енді бірін ашындырып жатыр. Әлеуметтік желі қолданушылары осы тақырыпты өзара тал­қыға да салыпты. Санат Сүгірәлі есімді желі қолданушысы өз парақшасында мынадай пікір қалдырған екен.

 

«Бұл қандай түсінік? Бауырлар, мен мына Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің халықтың әл-ахуалын көтеру жөніндігі түсінігіне аң-таң қалып отырмын. Мен бұлардың бұл мәселелерде түсінік­терінің өте таяз екендігін, мәселе­лерді комплексті түрде шеше алмайтындығын бұрын да алғаш рет көпбалалылар мәсе­лелерін шешеміз дегенде-ақ Үкімет комиссиясына жеткізгенмін, бірақ құлақтарына да қыстырмады. Жалпы, халықтың әл-ахуалын жақсарту дегенді бұлардың өздерінің қалай түсінгендеріне менің таңым бар. Бұлардың түсінігі бойынша көп балалы аналарға көмек көрсетілсе ғана халықтың әлеуметтік жағдайы түзеліп жүре береді екен (көп балалы аналар, ренжі­меңдер, мен сендерге болмасын деп жат­қан жоқпын, жалпы болмасын деген оңбасын, өз қағидам). Әкелерім-ау, қоғамның басқа әлсіз топтары қайда қалады? Мүмкіншілігі шектеулі жандар, толық емес отбасылар (жетім-жесірлер, күйеуі жоқтар, жалғыз басты қарттар қазір солай аталатын болыпты), 1-3 балалары барлар қайда қалады? Немене үш бала бала емес пе, олар тамақ ішпей ме, киім кимей ме, ауырмай ма (құдай сақтасын)? Осы категориядағылардың барлығы байлар қатарына жата ма? Көп балалы байлардың балаларына берілетін көмекті үш баласы барларға неге бермейсіңдер, жұмысы жоқ аналар оларды ауамен қо­ректендіре ме, папуастар құсап үстеріне жапырақ жауып қоя ма? Мен сияқты кәмелетке жетпеген баласы бар, толық емес отбасы, бірінші топ мүгедегі, дәрі­герлерің алты рет ота жасап, орнынан тұрғыза алмаған қарт кісіге қандай көмек бар? Қазіргі уақытта менің зейнетақымның жартысы (40000 теңгеден астамы) «обезболивающий уколға» кететіндігін біреуің де білмейсіңдер. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» дегенді сендерге қаратып айтуға болады, миллиондап жалақы алатындар халықтың жағдайын қайдан түсінбек?! Мен сияқтылар аз емес. Онда сендердің жұмыстарың жоқ.

 

Н.Назарбаев 2017 жылғы Жолдауында мүмкіншілігі шектеулі жандардың жәр­демақысы 30 пайызға өседі деген. Сапарбаев мырза жәрдемақы 31080 теңгеге өседі деген. Экс-министр төменгі зейнетақы 70000 теңге болады деген. Қайда сол уәделер? Біреуі де орындалған жоқ. Жәрдемақылар 1500-2000 теңгеге ғана өсті. Инфляцияны 5-5,3% деп отырсыңдар, қазір инфляция баяу инфляциядан асып, қарқынды инфляцияға айналды (10-100%), оны халықтан жасырасыңдар, ал азық-түлік бағасының қарқындап өсуі оны жасыртқызбайды. Халықты енді алдай алмайсыңдар. Қоғам да өзгерді, қоғамдық сана да өзгерді».

 

Бұл пікір оны оқыған басқа да адамдарды бей-жай қалдырмапты. Осыған қатысты өздерінің тұрмыстық жағдайын жарыса айтқан жандар былай дейді: 

 

Айгүл Джумадилова: Мен жалғыз басты анамын, төрт ай болды, денсаулығым болмай жұмыс істей алмай отырмын. Қан кысымым жоғары, басымды МРТ-ға, рентгенге, енді КТ-ға түсір деп жатыр. Көкірегімде киста бар. Үш ай емделу керек. Аптасына мазьдың өзіне 3800 теңге кетеді, ішетін дәрісі 2600 теңге тұрады, бұл аздай мұрнымнан тағы киста табылды. Оның отасы ақылы, 80000 теңге тұрады екен, порталды күту керек. Барлығы қаражатқа келіп тіреледі. 21 мың теңгеге де ілінбедім. 11500 теңге алу үшін тағы 3-4 бала тууым керек. Жасым 46-да. Не істесем болады, ойлауға қорқамын.

 

Анар Абильдаева: Шынымен, «жаны ашымағанның қасында басың ауырмасын» деген, тағы  «тоқ бала аш баламен ойнамайды» дейді. Бәрі дұрыс. Қарның ашады, қағаз жүзінде бәрін қатырып жатырмыз дейді, сол жазбаны мыңғырлап шала қазақша оқып шығып, қатырдым деп миллион айлығын алып рахат өмір сүріп жүргендер халықты қайтсін?! Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайдының кері бұл. Қанша айтылғанмен құлақ салар министр ма? Вице-министр келді, мұң-мұқтажымызды айттық, бәрін қатырамыз деп қалды, бірақ баяғы жартас бір жартас... 

 

Кенжетай Ситербаева: Үш немерем мен келінім үйде отыр. Келінді жұмысқа шығарып, өзім әже болып отырайын десем, 58 жастамын. Әлі екі жыл жұмыс істеуім керек екен. Мұғаліммін. Бір рет бас­қа ота жасаттым. Сонда қалай күн көреміз?! Шіркін-ай, зейнетке шығып орныма жас маман ұстаз келсе, мен немерелеріме қарап, зейнетақымды алып отырсам ғой. Дәрі-дәрмек алу керек, қан қысымы, аневризма бар. Баламның тапқаны өздерінің отбасына керек. Үш балаға жәрдемақы берсе құба-құп болар еді.

 

Тұрар Қауғабаева: Үш баласы бар. Мектепте. Айлығы елу мың. Күйеуі жұмыс істемейді. Істейін десе жұмыс жоқ. Ішейін десе тамақ жоқ. Бұларды есепке алмайды өкімет. Халықтың жағдайын ойлаулары түсініксіз. Төрттен жоғары баласы барлар ғана миларында қалған. Кішкене бір саты төмен түсіп ойланыңыздаршы.

 

Маржан Закирова: Менде АК-ке мамыр айынан бері құжат өткізіп, ала алмай шаршадым. Табысым асып кеткен екен, 30 886 теңге. Студент қызым бар. Байқамай жүріп байлардың қатарына кіріп кет­кенмін. Басы ауырмағанның Құдаймен ісі жоқ деген осы да.

 

Бота Бота: Толық қосыламын. Біздің ауданда кішкентай үш баласы бар отбасы пәтер жалдап тұрады екен. Анасы кеше ғана бастауыш мектепте оқитын үлкен қызын әкелуге кетіп, балаларды сыртынан жауып кеткен. Келгенше үй өртеніп, екі бала ыстан уланып шейіт болып кетті. Міне, солай...

 

Алия Жабаева: Егер жұмыс орындарын ашып, пенсияны, жалақыны, еркін, тарылмай өмір сүретіндей етіп көтерсе, азық-түлік, киім-кешек пен тұрмысқа қажетті заттардың бағасын тұрақтандырып, қадағалап отырса, онда ешқандай жәрдемақы тағайындаудың керегі болмас еді. Өздеріне тәуелді етіп қойды, халықтың өз ақшасына. Халықты осындай жағдайда ұстаған тиімді болып тұр ғой.

 

...Жұрт осылай дейді. Әйтеуір, жаңа жыл жақсылығымен келсе екен...

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ