Желтоқсан оқиғасы алдын-ала түсіме кірген сияқтанады

20.12.2019
Қаралды: 348

Осы бір оқиға менің жадымнан ешбір кетпейді. Жылда есіме түседі.

 

Осыдан 38 жыл бұрын, сонау 1981 жылғы қараша айының соңында Алматыға барғанмын. Сонда Үкімет үйін, «Қазақтелекомды»  алғаш рет көріп едім.

 

Алаңда келе жатқанмын. Адамдар жан-жағымнан әрі-бері өтіп жатыр. Көзім аяқ астында басылып жатқан нанға түсті. Оны еңкейіп, алдым да, «урнаға» салдым. Аяқасты болмасын, «урнаны» тазалайтындар алып, тиісті жерге жеткізер деп ойладым.

 

Жанымда бірге жүрген адам: «Жеңеше, неге тоқтап қалдыңыз? – деді маған бұрыла қарап. – Қалып кетпеңіз», – деп пысықтап қойды. «Осы нанның арқасында тайраңдап жүрген жоқпыз ба? Мұнда талай адамның еңбегі бар. Аяқ астына тастағаны несі, обал емес пе?» – дедім. Ол менің жердегі нанды алғаныма өзінше намыстанып: «Түу, төмен адамның қылығын істемеңізші!» – деп қалды.

 

Біз сонау 1950 жылдары нанға тоймай өскен ұрпақпыз ғой. Тамақ ішіп болғасын қасық-табағымызды жалап-жұқтап қоюшы едік. Әке-шешеміз нанды жерге тастама, нан қоқымын баспа деп құлағымызға құйып өсірген. Біз нанды аса қадір­леп өскенбіз.

 

Ал мыналар болса... Сол жерден ары-бері өтіп жатқан үлкен-кіші бірінің жерде жатқан нанға көз қиығын да салмағаны маған аса жайсыз әсер етіп еді. Сол нан көпке дейін көз алдымнан кетпей қойған.

 

Арада көп өтпей, желтоқсан айының бір күнінде мен түс көрдім. Түсімде күндізгі сағат 12-нің шамасы екен деймін, аспанды қою бұл басқан, жаңбыр шелектеп құйып тұр, асфальт үстімен лай су сарқырай ағып жатыр. Алаң жақта екенмін, ол жерге адамдар ағылып келуде. Бірі қолшатыр ұстаған, енді бірінің қолында жазу жазылған үлкен плакаттар бар. Соларға ере жөнеліппін. Бәріміз орталық алаңға беттеп барамыз.

 

Бір кезде Үкімет үйін көріппін, көп жерде жарық жоқ, оның да екінші-үшінші қабатындағы үш-төрт терезеден ғана жарық көрінеді. Алдына үш адам шығыпты, біреуі қолын көтеріп, бірдеңелерді айтып жатыр, екеуі оның артында тұр. Сөздерін түсіне алар емеспін. Қай тілде сөйлеп тұр екен деп жақындап барып тыңдайын десем, ауыздары жыбырлағанымен үндері шықпайды.

 

...Содан шошып ояндым. Таңға жақындап қалған екен. Тілімді кәлимаға келтіріп, өз-өзімнен: «Қазақ елі – мәңгілік. Құдай сақтасын!» – деп күбірледім.

 

Сол түс жыл сайын есіме түседі. Ойласам, содан тура бес жыл өткесін болған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы түсіме кірген сияқтанады.

 

Сол жылғы көтерілісте ұлтын сүйген талай жас өмірден мезгілсіз өтті, біреулері мүгедек болып қалды, көкірегі шер мен намысқа толып, қорланғандары қаншама?! Сол кезде оларды бұзақылар, нашақорлар деп кінәлады. Ал олар ешқандай да бұзақы емес, нағыз батырлар еді.

 

Көбі ізсіз кеткен сол әруақтардың арқасында кейін біреулерге бақ, дәулет қонды, біреулердің атағы аспандады.

 

Тәуелсіздік үшін жанын қиған бұрынғы-соңғы өткен ерлердің рухы күйзелмесе екен. Рухтарына құран бағыштайық. Өзіміз елімізге, жерімізге лайықты болайық, ие болайық дегім келеді.

 

Оразкүл АҚБЕРГЕНОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ