Алаңға «Менің Қазақстаным» әнін алғаш айтып шыққан

20.12.2019
Қаралды: 179

Қазаққа тәуелсіздік пен егемендік әкелген «Желтоқсан оқиғасына» биыл 33 жыл. Халелхан Әділханов (суретте) ағамыз – осы күні алаңға шығып, кеңестік биліктен теңдік сұраған жалынды жастың бірі. Бұл оқиға әрдайым оның көз алдында. Себебі «Тағдыр айдап, мен бүгін бірнеше жыл бұрын осы оқиға кезінде өзімді өлімші етіп қар үстіне тастап кеткен жерде тұрып жатырмын», – дейді. Қазақтың бүгінгі Әнұраны – «Менің Қазақстанымды» алаңда ең алғаш бастап айтқан да осы кісі. Ол өзінің басынан өткергенін былайша әңгімелеп берді:

 

Әскерде ән бастаушы болғанмын

 

«1986 жылы мен Алматыда жұмыс істейтінмін. Ол кезде «КазГУ»-ге түсу үшін екі жыл құрылыста жұмыс істеуің керек. Мен де оқуға түсу үшін осы сатымен келе жатқан жастың бірі едім. Ауыл шаруашылығы институтында оқитын досым бар еді. Желтоқсанның 16-сы күні соны іздеп бардым. Арғы жағындағы алаңда 200-300-дей адам тұрды. «Мұнымыз болмайды. Жан-жаққа барып, таңертең әркім өзінің жатақханасынан адамдарды ертіп шықсын», – деген соң есеп-несие техникумында (учетно-кредитный техникум) оқитын жерлестерімді ертіп, тағы бірнеше адамдар бар, 17-желтоқсанда алаңға шықтық.

 

Бұл күні алаңда 50-60 мың адам болды. Мен әскерде жорыққа шыққанда ән бастайтынмын. Содан ән салайық дегенде «Елім-айды», «Атамекенді» айттық. Сол жерде «Менің Қазақстанымды» бастап айт­қан адамның бірімін. Жан-дүниеңді толқытып, қазақтың рухын оятатын әнді алаңдағы бүкіл 50-60 мың адам қостай кетті.

 

Біз неге алаңға шықтық?

 

Басты себебі Дінмұхамед Қонаевтың орнынан алынып тасталуы болса, оның арғы жағында 70 жылдан бері халықтың көңіліне ұялап қалған өкіметке деген наразылық жатыр.

 

Семейдің полигон болуы, Сары­өзектің полигонға айналуы қазақтың жанына батты. «Ана иесіз Сібір, тундралар жатқанда сары алтындай Сарыөзекте несі бар?!» – деп Шымболаттың айтқанындай, жеріміз полигон болды. Тың жерлерді игереміз деп сылтауратып бізге 5 миллион орыс пен басқа ұлт өкілдерін әкеліп төкті. Қазақтың мектептері жабылды. Алматыда бір ғана қазақ мектебі қалған. Нақты тарихи деректерден кеше біліп отырмын, бас қаламызда сол кезде он үш-ақ пайыз қазақ болған екен. Қазақтар тек қара жұмысшы болды. Өз жерімізде за­уыт-фабрикалардағы басшылық орындардың бәрінде басқа ұлттар отырды. Стратегиялық нысандардағы лайықты қызметтерге қазақ азаматтарын мүлде жолатпаған. Осындай қордалан­ған мәселе халықтың наразылығын бұрқ еткізді.

 

Әдейі арандату болған ба?

 

Қанша жерден наразы болсақ та сол күні алаңға біз төбелес іздеп шыққан жоқпыз. Біріміздің де қолымызда қару болған жоқ. Бірақ, менің ойым, арамызға қарапайым  киінген «штатский» адамдарды кіргізіп, арандату арқылы бейбіт шеруді қып-қызыл төбелеске айналдырды. Сол кезде Кеңес Одағында ылғи жетім балалардан дайындалған, кемпір-шалды да, екіқабат әйелді де аямайтын жауыздардан дайындалған әскер болған екен. Мәскеу соларды тез әкеліп, Алматыға тастады. Олар қыз демей, жігіт демей шашынан ұстап сүйрелеп, бетінен ұрып қан-жоса етті. Бөлек-бөлек машиналарға тиеп, бізді Ташкент – Сейфуллин көшелерінің қиылысындағы түрмеге апарып қамады.

 

Түрменің ішінде орын жоқ. Аулада көк мұздың үстіне екі сағат отырғызып қойды. Мына жерде отырып өлгенше алысып өлейік деп бір жігіт атып тұрды. Оған ілесе бәріміз тұрып едік, іштен шыққан солдаттар бәрімізді автоматпен талдыра ұрып-соқты. Менің жамбасыма автоматтың сүңгісін сұғып алды.

 

Есімді жисам, ен далада, қардың астында көміліп жатырмыз. Ең бірінші есін Сәдуақас деген жігіт жиған. Менің қолым қардан шамалы шығып жатыр екен, сүйрелеп жүріп шығарып алады. Сол кезде білдім, бір жақ аяғым жараланған, қолым мен мұрным сынған.  Солдаттар есінен танып құлағандарды жарақатына қарамай, қан-жоса күйі Алматының шетіндегі Боралдай деген жерде сайға апарып тастаған.

 

Бір жарым жыл бой тасалаған

 

Боралдайға көлік онша тоқтамайды. Сонда да сүйретіліп жүріп жолға шықтық. Бір «УАЗ» жүргізушісі бізді көлігіне отырғызып, сыртымыздан «палаткамен» орап қойды. Жасы 60-тарға таяп қалған бір кісінің үйіне апарып, жуындырып, жарамызды таңды.

 

Ертеңіне сүйретілген аяқ, сын­ған мұрынмен елден қалмай алаңға шықтық. Сол қырғын – наразылығын бейбіт түрде білдіргісі келген қазақтарды ұрып-соғу қайта жалғас­ты.

 

Бұл оқиғадан кейін мен тез арада еліме кеттім. Ауылым Шығыс Қазақстан облысы, бұрынғы Тарбағатай, қазіргі Зайсан ауданы. Шілікті деген ауыл. Шекаралық аймақта тұрамыз. Ауылға барсам,  автобуспен Алматыдан келгендерді түгел ұстап алып жатыр екен. Мені де түсе салысымен жергілікті әскери комендатураға апарды. Түнімен қамап, қайта-қайта сұрақ алып, төртінші күні қоя берді. Бұлардың енді маза бермейтінін біліп, Оң­түстікке кеттім. Жетісайда Ғазизхан деген ағам тұратын. Соған бардым. 2-3 ай сонда жаттым. Одан кейін Сібірге қашып кеттім. Аласапыран басылғанша бір жарым жыл сонда жүрдім. Ол кезде Мырзағұл Әбдіқұлов, Қайрат Рысқұлбеков ату жазасына кесілді. Кейін Қайрат Семейдің түрмесінде асылып өлді деді де, Мырзағұл ақталып шықты.

 

Көз алдымнан күнде өтеді...

 

Бұл жағдай әлі күнге менің жаныма батады. «Желтоқсанның» шындығы толық ашылған жоқ деп санаймын. Оны әлі күнге оқиға дейді. Бұл – ереуіл! Көтеріліс! Халықтың қылышынан қан тамған кеңестік қызыл империяға қарсы наразылық шарасы.

 

Енді мына жайға назар салайық: алаңда өлгендердің бірі – Ербол Сыпатаев. Оған «Халық қаһарманы» атағын бермей жатыр. Ал Қайрат Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағын берді. Бұл атақ осындай бір ұрыста, соғыста ерлік көр­сеткен батырларға беретін жоғары мемлекеттік награда. Оны оқиғаға бермейді. Біздің мемлекет 1986 жыл­ғы жағдайға лайықты баға бермей отыр. Бірақ өздеріне өздері осындай қайшы әрекет танытып қояды.

 

Енді бір айтайын дегенім, жиырма жыл дегенде мен отбасыммен Алматыға көшіп келдім. Судың жағасынан 4 соттық жер сатып алдым, үй салдым. Тұрып жатқан жерім –  Көкқайнар деген ауыл. Боралдайдың бергі жағында.

 

Боралдайдың жолынан бір нәрсе еміс-еміс есіме түседі. Сөйт­сем, сол желтоқсанда өзімізді әкеп тастаған сайда тұрып жатырмын қазір.

 

Мені қар астынан шығарып алған жігіт осыдан 2-3 жыл бұрын қайтыс болды. Сол Көкқайнарда жотаның үстінде молада жатыр. Тағдыр деген сол екен».

 

...Халелхан Ибраимханұлының одан кейінгі өмірі де өте қызық. Сондағы өткен суықтан ол сирек кездесетін кеселмен ауырады. Бірақ оны жеңіп шығып, бүгінде өзі де қол-аяғы, буыны шыққанды, бел ауруларын емдеумен айналысып жүр. Бұл ретте де оның айтары өте көп және маңызды. Оны «Замананың» қосымшасы – «Ауырмаңыз!» газетінің осы аптада жарық көретін нөмірінен оқи аласыздар.

 

Р. ОРДАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ