Қыздарды да сойылмен ұрған

20.12.2019
Қаралды: 398

1986 жылдың қаһарлы қысында алаңға шығып, әділдікті талап еткен желтоқсаншы жастар бүгінде ел ағасына айналды.

 

Солардың бірі – Алматы қаласының тұрғыны Жақсылық Жексембаев. Ол сол уақытта «ЖЭУ»-де мастер болып жұмыс істеп жүрген екен. Соған қоса бұл оның Алматы құрылыс техникумын тәмамдап, ары қарай «нархозға» сырттай оқуға түсіп, қысқы сессия тапсырып жүрген кезі көрінеді.  Ол сол жылдары 29 жаста болыпты.

 

– Мен алаңға 17-желтоқсан күні түс қайта бардым. Ол кезде көліктер өртеніп, алаң астаң-кестең болып жатыр екен. Шыны керек, өз басым сол кезде «лед тронулся» деп іштей қуандым. Халқымыз орыстың саясатымен осылай орыстанып кете бере ме деген уайым жанымызды жегідей жеп, әзер шыдап жүргенбіз.

 

Трибунаға қарсы бетте студенттер мен әскерилердің арасында кәдімгідей қақтығыс жүріп жатты. Соны тоқтатпақ болып, топтың ортасына кіруге ыңғайландық. Биік бардюрдің үстіне шыққаным сол еді, біреу жағамнан шап беріп мені өзіне тартып қалып, үстіне   құлатты. Не болғанын түсінбей қалдым. Сөйтсем, бір офицер артымнан келіп ұстап әкетпекші болған екен. Әскерилер осылай шабуылдап, студенттерді әкетіп жатыр екен. Әлгі жігіт мені олардан құтқарып қалды, – дейді ол.

 

Жақсылық Жексембаев қақтығыстың түн жарымға дейін тоқтамағанын айтады.

 

– Адамдар азая бастаған соң ертеңіне қайта келеміз деп ойладық. Бір жағы алаңды босатсақ, ертең мұнда кіре алмай қаламыз-ау деген күдік те болды. Сөйтіп тұрғанда әскерилер лап қойды. Адамдар қашатын жер таппай,  қазіргі ескерткіш тұрған жерге кептеліп қалды. Қыздарды ұрмайтын шығар деп ойлағанмын. Олай болмады, «дубинкаларын» оңды-солды сермеп, жапырып жатыр. Оншақты жігіт солдаттарға қарсыласуға тырыстық. Қолыма ағаш жәшіктің сынығы ілінді. Әйткенмен оларды 2-3 минут қана ұстап туруға шамамыз келді. «Кеттік артқа!» деген дауысқа жалт қарасақ, еңгезердей бір жігіт өзі сындырып алған шыршаның бұтағы болса керек, қолындағысын жан-жақты сермеп келеді. Арамыздағы етбетінен құлай жаздаған бір жігітті екінші қайтара ұрғызбауға тырысып жатқанбыз. Бір кезде әлгі еңгезердей жігіт жүресінен отырды да қалды. Маңдайдан аққан қан бетін жуып кетіпті. Оны сол отырған жерінен бір офицер төсінен теуіп құлатты. Оған қарауға мұрша жоқ. Алысып жүріп жігіттерден қара үзіп қалған соң, сол жерде фонтан болатын, соның ішіне секіріп түстім. Артымнан екі қыз жүгіріп келе жатыр екен. Ішіне біреуін түсіріп болып, екіншісіне қолымды соза бергенім сол еді, артынан бір офицер келіп, басынан күрекпен ұрып үлгерді. Сол қыздың құлап бара жатқаны әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді, – дейді ол.

 

Желтоқсаншы сол күні жарақат алған жастардың аз болмағанын алға тартады.

 

– Жаңағы қызбен бірге фонтанның екінші жағынан шығып, Байсейітов көшесіндегі бірінші үйдің артына бас­қа да жолай қосылған студенттермен қашып кірдік. Алдымызда кетіп бара жатқан қыздың жандаусы шықты. Қақпағы жабылмаған құдыққа бір аяғы түсіп кеткен екен, оны әзер шығарып алдық. Абай мен Фурманов көшелерінің қиылысқан тұсына жеткенде бір офицер ұзын жасыл пальто киген қызды күрекпен қуып жүргенін көрдік. Әзер жүгіреді. Офицердің артынан бір жігіт қызды ұрғызбауға тырысып жүр. Біз де өзімізше көмекке ұмтылдық. Әлгі адам қызды ұра бергенде жүйріктеу біреу қолынан ұстап үлгерді. Екіншісі оны тепкіге алды. Мен күрегіне жармастым.

 

Шевченко көшесіне келсек, бір жігіт басының қанын тоқтата алмай тұр. Оны көшеден көлік тоқтатып, салып жібердік.

 

Түнделетіп үйге келдім. Дермантин плащым болатын. Оған қан жұққан.  Қасымыздағы жатақханадан әйелімнің құрбылары, балдыздарым біздікіне қашып келген екен. Сол түні ешкімде ұйқы болған жоқ.  

 

Келесі күні парламентёр ретінде бір топ қыз-жігіттер Үкімет үйіне барып, пленум шешіміне қарсы екенімізді айттық. КНБ-дағылар бізді сұрақтың астына алды. Ақыр соңында жұмыстан статьямен қуылып тындым, – дейді.

 

...Сол күні мұндай шым-шытырық оқиға алаңға шыққан әрбір жастың басынан өтіп жатты. Ал сол кезде олар осының келешекте тарих болып қаларын білген де жоқ.

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ