«Пушкин» көкенің алдынан адам үзілмейді

20.12.2019
Қаралды: 363

Зейнеткерлікке шығып, бүгінде Түлкібас ауданының орталығы – Т. Рысқұлов ауылындағы «Шұғыла» базарында темір бұйымдарды жөндеуден қызмет көрсетіп келе жатқан 66 жастағы Мықтыбек Дүйсенбаев есімді кісіні былайғы жұрт онша тани бермейді. Ал Пушкин десе, бәрі елең ете қалып, бірден тани кетеді.

 

Бұл атауға Мәкең де үйреніп алған. «Қалайсыз, Пушкин аға?» – деген кез-келген жанға: «Жақсымын, айналайын», – деп бір­ден жауап қатады. Әрине, аты әлемге әйгілі ақын болмаса да қолының ептілігімен, темір-терсек бұйымдарын шебер жөндеу­мен аудан көлемінде аты шыққан кәнігі маман деп айтсақ, мұнымыз артық айтқандық емес.

 

Жақында біз Мәкең жұмыс істейтін жайға бас сұққан едік. Аумағы шағын, көлемі сопақтау келген дүңгіршекте сүт тартатын сепаратордың, киім тігетін машинаның түр-түрі жайғасыпты. Одан бөлек, мәсі тігетін арнайы қондырғы, пышақ қайрайтын зырылдаған шарықтар да жұмыс істеп тұр. Тіпті шаңсорғыштар мен жөндеуді күтіп тұрған үтік­терге де орын табылған. Осы тұрмысқа қажетті бұйымдарды қазіргі таңда аса қажет­сі­не­тіндіктен Пушкин ағамыздың алдынан адам қарасы үзілмейді.

 

– Бұлардан басқа да заттарды жөндеуді өз міндетіме алғанмын. Шынын айтқанда, мен үшін олардың шын көңілден айтқан  алғысынан өзге бақыттың керегі жоқ. Міне, көріп тұрсыңдар ғой, тігін машиналардың баяғы «Зингер» түрінен қазіргі маркасына дейін тізіліп тұрғанын. Сепараторлар да солай. Осында келгендердің көп­шілігі істен шыққан бұйымдарын менен  мүмкін­дігінше те­зірек жөндеп  беруімді өтінеді. Мен де олардың тапсырысын тезірек істеп беруге күш саламын. Бірақ оған көбінесе қажетті қосалқы бөлшектердің тапшылығы қолбайлау болып жатады. Ескі тұрмыстық бұйымдарға керек бөлшектер табыла бер­мей­ді. Кейбір жеңілдеулерін өзім қиыннан қиыстырып жөн­деп беремін, – дейді ол.

 

– Рахмет, ағасы. Еңбегіңіз әрдайым жана берсін. Енді мүмкін болса, қысқаша өмірбая­ныңызды айта кетсеңіз. Содан кейін сіздің әдемі, есітер құлаққа жағымды Мықтыбек атыңыз қа­лайша Пушкин болып кеткен, соны айтыңызшы...

 

(Ол кісі жауап бермес бұрын рахаттана күліп алды.)

 

– Менің өмір жолдарым  анау айтқандай ұзақ емес, – деді сосын. – 1953 жылы қазан айында тау қойнауына орналас­қан Сарытөр ауылында дүниеге келіппін. Аудан орталығындағы Абай атындағы орта мек­тепті бітірген соң Ванновкадағы гидроме­лиоративті техникумға оқуға түстім. Механик мамандығын алып, әскерге барып келдім. Одан әрі бір жылдай Шымкенттегі фосфор зауытында жұмыс істедім. Менің одан кейінгі қызметім Жаңатас қаласында жалғасып, «Қаратау» өндірістік бірлестігінде токарьлық цехтың жетекшісі, кейінірек басшысы болдым. Содан елге оралып, Түлкібас аудандық баспаханасында ұзақ жылдар ең­бек еттім. Өтпелі кезең басталғанда баспахана жұмыс істеуін тоқтат­қан соң күнкөрістің қамымен әр мекемеде түрлі жұмыстарды атқаруға тура келді. Осылай жүріп зейнеткерлікке шықтым. Қолым  темір бұйымдарды жөндеуге епті болған соң кейінгі үш жылдан бері өз алдыма отау тігіп, өз арбамды өзім сүйреуге көштім.

 

Мұным жаман болған жоқ. Маған түсіп жатқан тапсырыстар да жеткілікті, табысым да жаман емес. Ал өздеріңді қы­зық­тырған Пушкин атауы маған мектеп қабырғасында жүргенде таңылды. Міне, көрдің бе, бү­гінде ағарып кеткен мына бұйра шашымды? Оған бетімнің жартысын алып жатқан ұзын мұр­нымды қос. Сонымен жас ке­зімде рең-басым Пушкинге қат­ты ұқсайтындықтан құрдас­та­рым мен кластастарым мені қа­зақтың Пушкині деп бір ауыздан атап кетті. Кейінірек оған басқа да үлкенді-кішілі адамдар қосылып, нәтижесінде Пушкин есімін өзіме біржолата мен­шіктеп алдым. Міне, бұған да жарты ғасырдай уақыт болып қалыпты. Өз басым оныма ешқашан да өкінбеймін. Есімі бүкіл әлемге әйгілі ақынның тегін жаң­ғыртып жүргенімді қайта мақтан тұтамын.

 

...Біз жұмыс істеп жатқан Мықтыбек-Пушкин ағаны бос сөзбен одан әрі мазалай бер­генді жөн көрмедік. Бірақ ол кісінің қызықты тағдырын «Замананың» ойлы оқырмандарына қаз-қалпында жеткізуді жөн көрдік.

 

К. ОРЫНТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ