Мәскеуден орыс келіп басшы болды...

17.12.2019
Қаралды: 539

Отыз жылдан астам уақыт өтсе де 1986 жылдың желтоқсаны мәңгі жадымызда қалатыны анық. Себебі сол күндері Мәскеудің шешіміне наразылық танытып алаңға шыққан қазақ жастары қазақ халқының бойындағы намыс-жігердің қаншалықты биік екенін көрсете алды.

 

Солардың қатарында болған алматылық азамат, «Желтоқсан қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлыбек Қуанбаев та ол күндерді ерекше еске алады. Біз ол кісінің өзімен сұхбаттасқан едік.

 

–  Нұрлыбек мырза, Желтоқсан оқиғасы туралы айтып беріңізші.

 

– Мен 1986 жылы сол кездегі Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университеті физика факультетінің 1-курс студенті едім. Қонаевты алып тастап, орнына Колбинді қойды дегенді 16-желтоқсан күні кешке қарай радиодан естідік. Одан кейін жатақханада «Бұл не деген масқара?! Қазақты алып тастап, орнына орысты әкеліп қо­йыпты!» деген әңгімелер жүріп жатты. 17-желтоқсан күні біз күн­дізгі 10-11-дің шамасында курстас­тарым Құрманғазы Рахметов, Мейіржан Ешмағұлов бар, үшеуміз алаңға бардық? Барсақ, алаңның 70 пайыздайы адамға толған. Әр жерінде «Қазаққа қазақ қана басшы!», «Колбин кетсін!» деген секілді ұран айтылып жатты.

 

Күндіз ешқандай тәртіпсіздіктер болған жоқ, қақтығыстар кешке қарай басталды. Түнгі 01.00-ге дейін сонда жүрдік, алыстық-жұ­лыс­тық. Су шашатын көліктер келді, солдаттармен текетірестік.

 

Сол кездегі қазақ қыздарының ерлігі ерен болды. «Ұрсаң, ұр!» – деп қарсы келе жатқан солдаттардың алдына қаймықпай шығып, сол жердегі гранит тастарды сындырып, лақтырып, қорғана бастады. Қақтығыс қатты болды. Адамдар жараланып, кейбірін алып кетті. Түрмелер лық толған соң оларды қайда апарарын білмей, қаланың сыртына, тау бөктеріне, сай-салаға көлікпен тасып жатты.

 

Жастардың бұлай шыққан себебі – сол кездегі тіл, дін, ұлт, салт-дәстүр мәселесі болатын. Әсі­ресе тіліміздің ұмытыла бастауы қатты жанға батты. Алматыға келгенде Ресейдің астанасына келгендей болдық. Қалада орыстар көп, қазақша сөйлей алмайсың. Автобуста екі қазақ бірін-бірі көріп қалса, жақын тартып, өзара сә­лемдесетін. Бір-бірімізбен қазақша сөйлесіп отырсақ, орыстар: «Вы че, на своем языке... Гр-гр-гр... Говорите на русском!» – деп жекитін. Қазақша салт-дәстүр ұмытылып, Наурыз тойы тойланбайтын. Құран оқу деген қалып бара жатты. Ал Мәскеуден орыс келіп басшылыққа отырғанда мүлде құ­ритын болдық дедік. Сол нәрсе­лердің барлығы жинала келіп, желтоқсанда бұрқ етіп жарылды. Біз алаңға шыққанда билікті қолға беруді сұрамадық, шәкіртақыны көтер деген жоқпыз, жатақхана бер демедік. Көкірегімізді тесіп бара жатқаны тіліміздің, дініміздің, дәс­түріміздің ұмытылуға шақ қал­ғаны, Алматының орыстанып кеткені еді.

 

17-желтоқсан күні Үкімет басшылары алдымызға шығып, қайтуымызды талап етіп жатты. Ал 18-желтоқсан күні алаңға Серік Әбді­рахманов, Роза Бағланова келді. Роза апамыз: «Қайтыңдар, әйтпесе сендерді қырып салады, аямайды!» – деп жылады. Бірақ жастар тыңдаған жоқ.

 

Күш құрылымдары жастардың барлығын қуып таратты. Басып-жаншуға Алматы гарнизоны мен ішкі әскердің, милицияның күші жетпеді. Совет Одағының түкпір-түкпірінен арнайы жасақтар келіп, екі-үш күнге созылған көтерілісті әрең басты.

 

Кейіннен қудалау басталды. Мен оқыған факультеттен жиырмаға жуық студент оқудан шығып қалды. Олардың қатарында мен де бар едім. Менімен бірге еріп барған курстың комсоргы Құрманғазы Рахметовты жеті жылға соттады. Біраз уақыт тергеуде жүрдік.

 

Оқудан шеттетіліп, ауылға бар­ғанда да бізді жетістірген жоқ. Бәрі бізді халық жауы көріп, Алматыдан келген нашақор, бұзық деген теріс көзқарас танытты. Ешкім жұ­мысқа алмайды. Біраз жүрген соң Алматыға қайта оралдым.

 

1997 жылы 20-қазанда ресми түрде ақталдым. Ақталу қағазым әлі күнге дейін сақтаулы.

 

Сол қыстың ызғарлы күндері ештеңеге араласпай, шетте сығалап тұрғандар, бізді жаншығандар, сатқандар мен соттағандар – барлығы да қазір жер бетінде жүр. Бізге қарсы таяқ, су атқыш, сапер күректерін қолданған, итке талат­қан жекелеген әскерилердің әрекет­терін, жаппай түрмеге тоғытып, қу­далап, 16-25 жас аралығындағыларды халық жауы етіп, ойына кел­ген озбырлықтарын жасаған сол кездегі мемлекеттік қызмет­кер­лердің қылықтарын еш ақтай алмаймыз. Жантүршігерлік әрекеттерден бізді ешкім арашалап алмады. Тіпті  билік басындағы ағаларымыз да, зиялы қауым өкілдері де, кеудесіне орден тағып «Ұлы Отан соғысының ардагерімін» деген ақсақалдар да бізге араша болмады. Керісінше, «нашақорлар, маскүнемдер» деген жалаға іліктік. Сафуан Шәймерденов, Жұбан Молдағалиев, Бейбіт Қойшыбай сияқты саусақпен санарлық ақын-жазушылар ғана бізді жақтай алды.

 

– Тәуелсіздік күні мейрамының тойлануына қаншалықты көңіліңіз толады?

 

– 16-желтоқсан Тәуелсіздік күні болса, 17-желтоқсан – Демократиялық жаңару күні. Осыған байланысты Қ.Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағын берді, жер-жерлерде ескерткіштер ашылды, «Желтоқсан» атында көшелер бар, деректі фильмдер, кітаптар жарыққа шықты. Мұның барлығын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ осы күннің өзі ойдағыдай мере­келенбейді. Тәуелсіздік күні жақындағаннан студенттердің барлығын үйлеріне қайтарып жібе­реді. Көтеріліс болып кетеді дей ме екен, бірдеңеден қорқады. Қара бұлтты төндіріп, студент­терді, біздерді аңдумен болады.

 

Тәуелсіздік мерекесін неге алау­латып, жалаулатып тойламаймыз? 16-желтоқсан өз деңге­йінде тойлануы керек. Ал 17-желтоқсанда қаралы күн ретінде еске алулар өтуі қажет.

 

Сол секілді, Тәуелсіздік күніне дейін көшелерге шыршалар қою дұрыс емес. Жергілікті әкімдер мұны ойлануы керек. Қазір Алматыда біздің айқайымызбен, тегеурінді талап-тілектерімізбен бұл нәрсе тоқтатылды.

 

– «Желтоқсан қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жұмыс барысы туралы айта кетсеңіз.

 

– Қазіргі таңда «Желтоқсан қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Алматы қаласы бойынша 200-ден астам мүшесі бар. Мақсатымыз – Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарды ақтау, олардың әлеуметтік жағдайын көтеру және жастарға патриоттық тәрбие беру.  Желтоқсаншыларға Үкімет тарапынан көмек жоқ. Ұлы Отан соғысына, Ауған соғысына, Чернобыль апатынан соңғы қалпына келтіру жұмыстарына қатысқандарға мемлекет тарапынан белгіленген же­ңілдіктер желтоқсаншыларға бе­ріл­мейді. Сондықтар желтоқсандықтар үшін арнайы заң керек. Желтоқсан көтерілісінің саяси мәр­тебесі мен оған қатысқандарға құқықтық, әлеуметтік мәртебесі заңмен бекітілуі керек.

 

Қазір біздің бірлестік іс-шаралар, кездесулер өткізумен ғана шектелмейді, қоғамдағы кез келген келеңсіз мәселелердің барлығына араласып, олардың оңды шешімін табуға тырысамыз.

 

– Әңгімеңізге рахмет!

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ