Жемқорлық пен парақорлық жөнінен алдыңғы орында келе жатырмыз

17.12.2019
Қаралды: 338

Кешегі аптада Халықаралық сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес күні аталып өтті. Осыған орай бүкіл әлемде дерлік түрлі іс-шаралар өткізілді.

 

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңға толықтырулар ендіру жөніндегі Жарлыққа дәл осы күн қарсаңында қол қойды. Кешегі 10-желтоқсанда күшіне енген бұл Жарлық талабы бойынша, енді сыбайлас жемқорлық қылмыспен қолға түскен мемлекеттік қызмет­шінің тікелей басшысы да қызметінен 10 күннің ішінде кетуі тиіс.

 

Жалпы, сыбайлас жемқорлық деген – жегі құрт сияқ­ты, қоғамның дамуына орасан кедергі келтіретін өте қауіпті құбылыс. Бүгінде Қазақстанда оның шырмауына түспеген бірде-бір сала қалмады десек болады. Тіпті еден жуушының өзі 30 мың теңге жалақысы бар жұмыс­қа 100 мың теңгеден кем емес пара беріп кіретіні туралы айтылып та, жазылып та жүр.

 

Коррупция деңгейін зерттейтін арнайы халықаралық мекеменің есебінше, Қазақстан бүгінде сыбайлас жем­қорлық қылмысты қабылдау, түйсіну көрсеткіші бо­йынша әлемнің 180 елінің қатарында 124-ші болып тұр. 100 ұпайдың 30-ынан төмен балл берілген елдерде коррупция «тежеусіз», яғни бой бермей кеткен деп саналады екен. Ал Қазақстанның көрсеткіші одан 1 саты жоғары, Джибути, Непал, Того, Доминикан Республикасы, Сьерра-Леоне, Боливия, Гондурас елде­рінікімен деңгейлес – 31 балл болып тұр. Яғни жағдай мақтанардай емес.

 

Елімізде күн сайын дерлік бірнеше адам пара алып қолға түсіп жататыны рас. Заңға ендірілген жаңа талап бюджет қаржысын жымқырғандарға тосқауыл бола ала ма, оны алдағы уақыт көрсетеді.

 

Бір кездері Персияда пара алған адамның терісін тірідей сыпырып, бұл терімен оның орнына тағайындал­ған адамның орындығын қаптайтын болған екен. Қызмет алған адам параға қызығып жолдан таймасы үшін. Ал бүгінде Біріккен Араб Әмірліктерінде пара алған адамның қолы шабылады. Қытайда парақорларды осы уақытқа дейін халықтың алдына шығарып атып келген. Адам құқын қорғайтын ұйымдар адам­гершілікке жатпайды дей бергесін онда парақорды арнайы «укол» егу арқылы өлтіретін болды, кей жағдайда үкімді ұзақ уақыт түрмеде отыру жазасымен алмастыратын болды. Парақорға өлім жазасын бүгінде Тайланд қолданады. Филиппинде де ондайларға өлім жазасын талап етіп жүргендер бар.

 

Жалпы, коррупция деген сөз латын тілінен аудар­ғанда «сатқындық», «сатылғыштық», «азғындау» деген сияқ­ты жағымсыз ұғым береді екен. Бүгінде осындай сатылғыштар өзінің ісі үшін ұялмайтын, намыстанбайтын болды. Сатылғыштардан жиреніп жатқан жұрт та жоқ. Қайта «қолынан келсе, қонышынан басуды» ойлайтын болды. Мүмкіндік туса, лауазымын пайдаланып пара алады, мақсатына жету үшін пара береді, өзгені бопсалайды, алдайды, қорқытады, жұмысты, қызметті, лауазымды сатады, бюджеттің қаржысын жымқырады.

 

Міне, осындай жұқпалы дертті жою Қазақстанның қолынан келе ме? Түбегейлі жоя алмаса да, алдыңғы қатарда тұрған «ондықтың» демей-ақ қояйық, отыз елдің қатарына жақын арада қосыла ала ма?

 

Осы жағы күмәнді. Өйткені біздің елдегі сыбайлас жемқорлық арам шөптің тамыры сияқты тарамдалып, өміршеңденіп кетті.

 

Ал оның жойылуы үшін ең бастысы адамның өзінің мәдениеті, парасаты, жауапкершілігі, лайықты білімі, мемлекетшілдік сезімі болуы керек-ау. Бүгінде адамдарды мемлекеттік қызметке аларда оның бойындағы осындай қасиеттеріне мән беріліп жатыр ма екен? Әлде бұлар өз пайдасын білмейтін ақымақтың ісі саналады ма?

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ