Ең үлкен басшыны олар қалай арбайды?

17.12.2019
Қаралды: 221

Қытайдың ежелгі ойшылы Ду Мудың «өмір тыңшысы» деген термині бар. Ондай барлаушыларға қаншалықты қымбатқа түссе де қажетті мәліметті тауып алып, міндетті түрде есен-аман оралу міндеті жүктеледі.

 

Әрине, мұндай тапсырмалар тек өте жоғары білікті барлаушыларға ғана беріледі. Ондай тыңшылар – ақымақ адамның кейпіне де ене алатын ерекше ақылды жандар. Сөйте тұра өте батыл, денсаулығы темірдей мықты, төзімді, бірнеше мамандықты жетік меңгерген болып келеді.

 

«Барлау жүйесін басқаратын адам үшін жан-жақты біліктілік қажет. Себебі ол өз қызметкерлерінің мінез-құлқына, адалдығына, білім деңгейіне шынайы баға бере алатын болуы тиіс. Және оны барлау қызметіне пайдалана алғаны абзал. Мұны бір деп қойыңдар. Ал екіншіден, әр басшы қызметкерлеріне мейірімді, әділ болғаны жөн. Жау жағы басшыларының сеніміне кіріп, ондағы шынайы жағдайды білуге қабілетті еті тірі адамдарды із­дес­­тіруіміз керек.

 

Ең алдымен қарсы жақтағы елдің ең үлкен басшысының қалағанын орында. Оны өз жағыңа тарт. Қаржыны аямай жұмсап, сатып ал. Қыз-қырқынмен басын шыркөбелек айналдыр. Содан кейін басқарушылардың араларына от жақ. Алдап-арбап, былық-шылыққа батырып болған соң қоқан-лоққы жасауға көш. Осылайша ешбір әскери күш, қару-жарақ қолданбай-ақ кез келген елдің билігін қолғапша ауыстыра беруге болады және керек болса, мемлекетінің де дербестігін жойып жіберуге қол жеткізе аламыз», – деген екен өз тұсында Ду Му.

 

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ