Қайтпас қайсар Жидегүл

16.12.2019
Қаралды: 217

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін ҚазМУ-дің журналистика факультеті студенттерінің де басына қара бұлт үйірілді. Алматыдағы атақты көте­ріліске қатысқандарды жазалау науқаны бастал­ғанда барлық жоғары және арнаулы оқу орындары сияқты КГБ мен прокуратура тергеушілерінің назары журфак студенттеріне де ауды.

 

Тіпті біздің курстағы «желтоқсаншыларды» жазалау жиынына «Жәйрем» кен байыту комбинатының партком хатшысы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі қатысты. (Аты-жөнін ұмытыппын).

 

Осынау бір қысылтаяң шақта курстасымыз Жидегүл Нұрбаева да тергеу мен тексерудің небір құйтырқы әрекетін көрді. Алаңдағы аласапыранда өрімдей жас қыздың өрт сөндіретін машинадан шаш­қан судан пальтосы мұз болып қатып қалғанына қарамай алға ұмтылумен жүргені әлі күнге көз алдымда.

 

...«Өмір көріп» келген коммунист бізден түк шығара алмаған соң тергеушілердің курстың жас қыздарын майлы ішектей айналдырып: «Мынау кім? Мыналарды танисың ба? КазГУ-дің студенттерін алаңға шығуға кім үгіт­теді?» – деген сияқ­ты сұрақтарына жұмған аузын ашпауының өзі ерлік еді. Көз алдында фа­культеттің студент­тері, тіпті курстастардың суреттері шыға келсе де сыр бермеген қайран менің қайсар да өжет курстас-қа­рын­дастарым!

 

...Былтыр күзде Алматыға үш күндік семинарға барғанда Жидешпен кездесудің сәті түсті. Студенттік жылдардан есте қалған есті әңгіме қозғадық, Желтоқсан қасіретін жүрегіміз егіліп тұрып еске алдық. Өмір жолымыздан, жеке тағдырымыздан да сыр шертістік. Журфакта доцент екеніңді, болашақ журналистерді баулып жатқаныңды біліп бір қуансам, жеткен жетістік, алған асуыңа тағы бір қуандым.

 

Көзіңнің ағы мен қарасындай Алуаң азат елдің айбынды қызы болып өсе берсін, өзің де аман-есен биіктен көріне бер, курстасым-қарындасым – Желтоқсанның тағы бір қарлығашы – Жидеш қыз!

 

Амангелді ӘБІЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ