Халық Қастер мен Мұрагерді Қытайға қайтармауды талап етуде

16.12.2019
Қаралды: 296

Биылғы қазан айында Қытайдан тағы да екі қандасымыздың Қазақстанға қашып келгені белгілі. Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы Қытайда өздерінің бас еркіне, өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, елімізден саяси баспана сұраған еді.

 

Бұл екі азаматқа «Атажұрт еріктілері» ұйымы көмектесіп, Алматыда арнайы баспасөз жиынын өткізген болатын. Қауіпсіздік қызметі оларды осы жиыннан соң ұстап, Өскеменге жеткізген. Кейін олар­ға «пана іздеуші» мәртебесі берілген.

 

Бүгінде бұл екі азамат Өскемендегі облыстық ішкі істер департаментінің уақытша оқшаулау абақтысында отыр. Шекараны заңсыз, бұзып өткені үшін олардың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Бүгінде сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталып, іс сотқа өткізілу алдында тұр.

 

Кешегі аптада еліміздің шекара қызметінің директоры Дархан Ділмәнов бұл екі азаматтың Қытайға қайтарылатыны туралы мәлімдеді.

 

«Ратификацияланған келісімдер негізінде біз қылмыстық қудалау және сот істерінен кейін азаматты оның келген еліне қайтарамыз. Ары қарай не істейтінін ол жақтың өзі шешеді. Яғни олардың бұл жақта қалуға ешқандай да мүмкіндіктері жоқ», – деді ол ҰҚК баспасөз қызметіне берген сұхбатында. Шекара қызметінің  директоры Д.Ділманов, Қ.Мұсаханұлы мен М.Әлімұлына қатысты соттың осы желтоқсан айында болуы мүмкін екенін атап өтті. Оларға Қылмыстық Кодекстің «шекараны заңсыз бұзып өту» бабы бойынша айып тағылған.

 

Қысқасы, өзге амал таппай, Қазақ еліне шекара бұзып қашып өткен Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының жағдайы қиындап тұр. Қытайға қайтарылса, ол жақта оларды қатаң жазаға тартары анық. Сондықтан жұртшылық бұл екі қандасымызды Қытайдың шеңгеліне салып бермеуді талап етуде. Әлеуметтік желіде оларды қорғауға шақырып жатқандар өте көп.

 

Кешегі аптада қоғам белсенділері – Жанболат Мамай, Ырысбек Тоқтасын, Төлеген Жүкеев Алматыдағы Халықаралық адам құқықтары бюросында арнайы жиын өткізді. Олар Қытайдан қашып келген қандастарымызды ол елге бермеуді талап етті.

 

Осы жиында Ж.Мамай кезінде Қытай қысымынан қашып, Қазақстан шекарасынан заңсыз өткен ұлты ұйғыр азаматтың кері қайтарылғанын, оның кейінгі тағдыры белгісіз күйде қалғанын еске салды. Ол 2009 жылы Шыңжаңда болған ұйғырлардың бас көтеруі кезінде орын алған жайлар туралы телефон, ғаламтор арқылы ақпарат таратқан екен. Кейін басына қауіп төнгесін Қазақстанға қашуға мәжбүр болған. «Аршадин Исмаил 2010 жылы басына қатер төнгеннен кейін Қазақстан шекарасынан заңсыз өтті. Қазақстан оны түрмеге қамады. Сөйтіп 2011 жылы Қытайға қайтарып берді. Ол азаматтың содан бергі тағдыры белгісіз», – деді Ж.Мамай.

 

...Кейінгі бірер жылдан бері Қытайда қысым көріп жатқан қазақтардың жайы Қазақстан халқын қатты алаңдатуда. Қытай билігі, Шыңжаң басшылығы қаншалықты жоққа шығаруға тырысқанымен де мұндай қысымның орын алып отырғанын қазір әлем біледі. АҚШ бұған қатысты Қытайға санкция да салды. Бірақ бұл мемлекет азаматтарымызға не істесек те ол біздің өз ішкі ісіміз деп бет бақтырар емес.

 

Осының бәрін естіп-біліп отырған жұршылық Қазақстанды елім деп паналап келген жандардың Қытайға қайтарылмауын талап етуде.

 

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ