"Гаишникке" "Халық қаһарманы" атағын берсең де, "Гаишник" болып қала береді екен-ау

16.12.2019
Қаралды: 245

Бұл оқиға талай адамның жағасын ұстатты. Біздің қоғамда небір сорақы оқиғалар бола беретініне тағы да көз жеткізгендей болдық.

 

Кезінде көпірден секіріп өз өмірін қимақ болған жас жігітті аман алып қалған, өртенген үйден бірнеше тұрғынды құтқарған аға лейтенант Азамат Балтабаев есімді полиция қызметкерінің есімі көпке таныс. Сол оқиғаларға орай, оның аты ақпарат құралдарында жиі аталған еді. Өзі де, қоғамға, адамдарға адал қызмет көрсетуді абырой санайтынын айтқан болатын. Ол кез келген адамның қолы жете бермейтін 2-дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталған-ды.

 

Міне, осы азамат өткен аптада жанындағы серігі Ринат Әбдірахмановпен бірге 7 жылға сотталды. Себеп: олар әріптесі екеуі түнгі кезекшілік кезінде Нұр-Сұлтан қаласында тұратын атақты азамат - Ұлттық нейрохирургия орталығының басшысы Серік Ақшолақовты бопсалаған көрінеді. Сот материалында осылай көрсетілген.

 

Яғни полицейлер рульде келе жатқан әлгі кісіні тоқтатқан кезде оның көлік руліне сыра ішіп алып отырғанын, оның үстіне үлкен лауазымы туралы білгеннен кейін бірден ойлары бұзылған сияқты. Қысқасы, белгілі нейрохирургті бопсалауға кірісіп, хаттама толтырмау үшін 1 миллион теңге талап етіпті.

 

Ал Ақшолақов бұған келісіпті, бірақ есеп-шотында барлығы 400 мың теңге барын айтқан. Содан полицейлер оны қызметтік көлікпен жұмысындағы банкоматқа апарып, көрсетілген сомадағы ақшаны шешкізіп алыпты. Әрине, тәртіп сақшылары мұны істеген кезде беттері бүлк ете қоймаса керек.

 

С. Ақшолақов бұл келеңсіз оқиғадан кейін көп ұзамай есін жиып, бұл жөнінде тиісті орындарға шағымданған. Бір қызық жері, үстерінен шағым түскеннен соңертеңіне әлгі полицей-сымақтар ол кісінің ақшасын өзіне кері қайтарып беріпті.

 

Бірақ мұнымен іс біте қоймағаны да анық. Парақор адамға ешқандай да аяушылық болмағаны дұрыс.

 

...Қысқасы, жап-жас азаматтар осылайша оңай олжа іздеймін деп жүріп бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ құқық қорғау органдарында қызмет істеу құқынан да өмірлікке шектелді. А. Балтабаев сонымен бірге "Айбын" орденінен де айырылды.

 

Міне, біздің заманымыздағы ең үлгілі деген тәртіп сақшысының карьерасы осылай аяқталды. Өкінішті, әрине!

 

Кейбір деректерге қарағанда, Азамат Балтабаев деген жігіт Сарыағаш ауданының тумасы көрінеді. Бұл оқиға оның туған-туысқандарына да өте ауыр тигені айтпаса да түсінікті.

 

Сөз реті келгенде, Серік Қуандықұлы Ақшолақов туралы да қысқаша анықтама бере кетейік. Ол - медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Ұлттық Нейрохирургия орталығының президенті, "Парасат", "Отан" ордендерінің иегері, Ақтөбе облысының құрметті азаматы.

 

Н. ЖҮНІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ