Осыдан тура 33 жыл бұрын...

16.12.2019
Қаралды: 117

Осыдан тура 33 жыл бұрын, 1986 жылғы желтоқсан айында қазақ жастары халқымыздың асқақ рухын әлемге паш еткені белгілі.

 

Олар Қазақ елін өз азаматы басқаруын, ұлт намысына тимеуді талап етті, жан-жақтан шұғыл түрде жеткізілген қарулы жасақтарға қаймықпай қарсы тұрды. Жастардың бұл толқуын әскер мен милиция аяусыз басып-жанышты.

 

Осы күндері жергілікті милиция, ішкі  істер әскерінің бөлімі, шекара әскерінің курсанттарынан бөлек, Алматыға КСРО-ның бірнеше әскери округтерінен солдаттар жеткізілген. Олардың жалпы саны 50 мың адамнан асып-жығылыпты. Оған қоса Алматы зауыттарында істейтін өзге ұлт өкіл­дерінен де арнайы отрядтар құрып, оларды арматура таяқтармен қаруландырып, қарусыз қазақ жас­тарына қарсы айдап салған.

 

Ол күндері басы жарылып, сүйегі сынғандарда есеп жоқ. Тек амбулаториялық жолмен жәрдем көрсетілген 286 адамның 281-і қазақ ұлтынан болып шыққан. Жарақаттанған, сынған-шыққан жер­лерін жасырып қалғандар одан да көп. Себебі ол кезде әрбір оқиғаның себебі сұралады, тексеріледі. Қылмыстық жазаға тартылудан қорыққан талай адам көрген зардабын жасырған болуы әбден мүмкін.

 

Кейін жарияланған деректерге қарағанда, сол күндері 8500-ден аса адам ұсталған екен. 1700-ден астам адамның ауыр дене жарақатын алғаны туралы айтылады. Прокуратура 5324 адамды, Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті 850 адамды жауапқа алыпты. Қамауға алынған,  ескерту берілген адамдардың саны 2300-ден асады. 319 жұмысшы жұмыстан қуылған, 309 студент оқудан шығарылған.

 

Бүгінде сол күндері 99 адамның қылмыстық жазаға тартылғаны туралы айтылып жүр. Бірақ олардың қатары одан да көп болуы мүмкін.

 

Сотталған осы 99 адамның барлығы дерлік студенттер мен жұмысшы жастар. Қылмыстық жазаға тартылғандар қатарында Қазақ телевизиясының редакторы Хасен Қожахмет, жоғары оқу орындарының бірер оқытушылары, отставкадағы 1 милиция капитаны, 1 инженер бар. Алматы архитектуралық-құрылыс институтының студенті Қайрат Рысқұлбеков пен Шамалғандағы АТП курсының оқушысы Мырзағали Әбдіқұлов ату жазасына кесілген. (Кейін олардың жазасы 20 жыл түрмеге ауыстырылды. Қ.Рысқұлбеков түрмеде қаза болды).

 

Сотталғандардың алды 1 жылдан бастап, арты 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Олардың қатарында 23 қыз-келіншек бар. Бірі студент болса, енді бірі тігінші, темір жонушы, бухгалтер, вахтер болып еңбек етіп жүрген бұл азаматшалар да ұлт рухы сынға түсіп жатқанда басын бәйгеге тігіп, ер-азаматтардың қатарынан табыла білген.

 

Ол кездері Алматы тұрғындарының саны 1 миллионнан енді асқан болатын. Сол халықтың 57 па­йыздан астамын орыстар құраса, қазақтардың үлес салмағы 24 пайыздай ғана болған екен. Ал Желтоқсан көтерілісінің бел ортасында қайрат көрсеткен студенттер мен жұмысшы жастардың көбі астанаға еліміздің басқа аумақтарынан барғаны белгілі. Міне, сол жастар 1986 жылдың желтоқсанында қазақ халқының асқақ рухын әлемге паш етті. Олардың ерлігі елдің есінде сақталады, істері ұлтжандылықтың, Отансүйгіштіктің, өрлік пен намыстың үлгісіндей болып жасай бермек.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ