Балаларға «салют» сатуға тыйым салынса екен

13.12.2019
Қаралды: 358

Жаңа жыл жақындаған сайын пиротехниканың да саудасы қыза түсетіні белгілі. Желтоқсан басталысымен-ақ әр тұстан тарсылдаған дыбыстар жиілейді.

 

Әсіресе кішкентай балалар өздері «пақылдақ» деп атап, ерекше құмартатын петардаларды осы кезде көп сатып ала бастайды. Қорабына бір сүйкеп тұтандырады да, сонау жерге лақтырып жіберіп, соның тарс ете қалғанын қызық көріп қарап тұратындары бар.

 

Әнеугүні аулада ойнап жүрген ұлым үйге зытып кірді. «Далада балалар петарда жарып жүр. Бір ағаның аяғына қарай лақтырды. Ол кісі балаларға ұрысты», – деген соң, сөйтіп жүріп өздері оқыс жағдайға ұшыраса не болады деген ойдың жетегімен мен де асығыс сыртқа шықтым. Бір топ бала жиналып тұрған жерге жетіп барып: «Кім петарда алып жүрген?» – дедім. «Мынау-мынау» деп бірін-бірі нұсқайды. «Сендер оның қауіпті зат екенін білесіңдер ме? Қолдарыңда жарылып кетсе, болмаса біреуіңе тиіп кетсе не болады?» – десем, ішіндегі пысықтау біреуі: «Балаларға, содан соң екіқабат әйелдерге лақтыруға болмайды», – деп тақылдап тұр. Кіп-кішкентай баланың жүкті әйелдердің жайын ойлай сөйлегеніне аздап таңырқап қалған мен оның қай сыныпта оқитынын сұрадым. «Төртінші», – дейді. «Ата-аналарың сендердің мұны сатып алғандарыңды біле ме?» – деймін. Үн жоқ. Демек, білмейді. Қайдағы бір жарылғыш зат үшін қанша ақша жаратып жүргендерін байқайын деп бағасын сұрадым. 150 теңге тұрады екен. Біраз әңгімеден соң: «Қай дүкеннен алып жүрсіңдер, көрсетіңдерші», – дедім. Әлгіндегі зыпылдақ бала алдыма түсті. «Міне», – деп үй маңайындағы дүкендердің бірінің есігіне дейін ертіп келді.

 

Әлгі дүкенге кіріп, аулада балалардың петардаларды тұтандырып, оңды-солды лақтырып жүргенін, пиротехникалық өнімді сатуға қаншалықты рұқсат берілгенін сұрадым. Әуелде ештеңені түсіне қоймаған болуы керек, мен сөйлеп болғанша біраз уақыт бақырайып қарап тұрды. Содан соң ғана: «Петарда сататын жалғыз мен дейсіз бе? Осы жердегі жағалай тұрған дүкендердің барлығы сатады. Балалар қайта-қайта сұрап қоймаған соң азын-аулағын әкелгенмін. Рұқсат бар-жоқ дейтіндей емес, сата береміз. Енді оны балаларға сатпасақ, басқа кімге сатамыз? Солардан басқа кім алады оны? Мен алмаймын, сіз алмайсыз, оқушылар ғой алатын. Ондай бұзықтықтарын әке-шешелеріне барып ескертсеңізші», – деді мәнерлей сөйлеп.

 

Мен балалардың қауіпсіздігін ойлап шыр-пыр болып тұрсам, ол бар кінәні петарда сатып алған балалардың ата-анасына жауып әлек. Оның мені қаншалықты түсінгенін қайдам, әйтеуір әңгімеміз онша жараса қоймады.

 

Негізі пиротехника тауарларын сөреге қоймас бұрын сатушылардың тауар сертификаты мен арнайы лицензиясы болуы тиіс. Сондай-ақ пиротехникалық тауарларды 14 жасқа толмаған балалар­ға сатуға тыйым салынады, олай болмаған жағдайда саудагер заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады екен. Демек, бұл жаңажылдық жарылғыштарды балаларға қолдануға болмайды деген сөз. Сондықтан  мектеп жасындағыларға мұндай дүние­лер сатылмауы тиіс. Қауіпсіздік ережелерін сақтамаған жағдайда оның зардабының қандай болатыны айтпаса да түсінікті.

 

Бұл тұста балалардан бұрын ата-анасы бақыласын, ал мен қалағанымша сата беремін  деп әлгі дүкенші әйел секілді дес бермейтіндерді қатаң қадағалау керек деп ойлаймын. Баланың аты бала емес пе, үйдегілерден «сағыз алатын едім» деп ақша сұрап, орнына жарылғыш зат алып, жан-жақта тарсылдатып жүрсе, әлгінің артынан қызықтап еріп жүргендерге де қауіп төнетіні белгілі. Сапасыз дүниеге қаншалықты сенім бар дейсіз? Сондықтан әлгіндей сауда орындарына жиі-жиі тексерулер жүрсе деген тілек біздікі. Пиротехникалық өнімдерді мектеп жасындағы балаларға сатуға болмайтыны да осы кезде қатаң ескертілсе деймін. Мұндай келеңсіздіктер заң орындарының тарапынан ертерек қадағалауға алынса екен.

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ