Аяқжолдың жұмысын аяқсыз қалдырып кеткені қалай?

13.12.2019
Қаралды: 317

Шымкенттің Қырғы базары маңындағы Т.Әлімқұлов көшесінің бойында көпқабатты үйлер орналасқан. Осыдан біраз уақыт бұрын сол үйлердің арасына аяқжол салына бастаған болатын.

 

Өткен қараша айының бас кезінде басталған сол құрылыс әлі біткен жоқ. Дәлірек айтсақ, жарты жолдан тоқтап қалды. Тротуарға төселуі тиіс тас аралас топырақ үйілген күйі жатыр. Әр жерде шашылып жатқан бордюрлерді де байқау қиын емес. Ары-бері өткен сайын жол салушылар жуық арада келіп қалар деген үмітпен әлі салынып бітпеген жолдың бас-аяғына бір көз жүгіртіп қоямыз. Дегенмен қыбырлап жүрген ешкімді көрмейміз. Олардың жым-жырт қалғанына не себеп екенін кім білсін, әйтеуір бастаған ісін аяқтайды деген үмітіміз әлі де үзілген жоқ.

 

Осындайда қарашаның қара суығында басталып, желтоқсан айына дейін жалғасып жатқан осы бір жол салу жұмыстары неге күн жылыда қолға алынбады екен деген сауал туады. Күн суықта қара топыраққа күрек батыру былай тұрсын, мұндай ауа райында бордюрлерді бекіту үшін құйылған цементтің кебуі де қиындау болатыны белгілі ғой. Содан соң жұмыс та ұзаққа созылады.

 

Қар жауған күні сол маңға құрылыс үшін дайындап қой­ған топырақ та, бетон бордюрлер де жауынның астында қалған болатын. Енді жолға төселген топырақ қара суықтан қатып, кедір-бұдыр болып жатыр. Бассаң табаныңа батып, жүруге ыңғайсыздық тудырады. Күнделікті мектепке, дүкенге апаратын жалғыз аяқ жол сол болған соң сонымен баруға тура келеді.

 

...Әйтеуір бір нәрсені бастаймыз. Содан соң аяқтамай тас­таймыз. Бұған себепші жауапсыздық па, жалқаулық па? 

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ