Бүркіт пен Аиша ұтысқа екі пәтер, бес көлік тікті

13.12.2019
Қаралды: 421

«Замана» газетінің өткен нөмірлерінің бірінде айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның астанадағы пент­хаусын ұтысқа қойып, оны шымкенттік бес балалы отбасының ұтып алғаны туралы жазған едік.

 

Енді эстрада жұлдыздары Бүркіт пен Аиша да Қазақстан бойынша лотерея ойнатып жатыр. Олар Алматы қаласынан екі пәтер, «Лексус» және «Тойота» маркалы 5 автокөлікті басты жүлде ретінде тігіп отыр. Сонымен қатар Дубайға екі адамдық бір жолдама, 2 тоңазытқыш, 5 кір жуатын машина, 5 газ плитасы, 15 қысқатолқынды пеш, 10 теледидар, 15 шаңсорғыш, 15 шырынсыққыш, 18 тостер, 18 блендер, 17 электр пеші, 15 электрлі еттартқышты ойынға тіккен.

 

Жүлделер қа­тары мұнымен біт­пейді. Үш адам­ға 100 мың теңгеден, алты адамға 50 мың теңгеден, он адам­ға 30 мың теңгеден, он бес адамға 20 мың теңгеден, жиырма бес адамға 15 мың теңгеден болатын ақшалай ұтыстар тағы бар. Осылайша бас-аяғы 202 жүлдені ұтыс иелеріне таратпақ.

 

Ойынға қатысудың бір ғана шарты бар екен: ол үшін арнайы есеп-шотқа 10 мың теңгеге төлем жасап, чек пен аты-жөніңізді жіберу керек. Содан соң ол адамға Бүркіт пен Аишаның әндер жинағының электронды нұсқасы мен арнайы нөмір беріледі. Жүлдегер сол нөмірлер арқылы анықталатын көрінеді. Алматы қаласында 23-желтоқсан күні өтетін бұл ұтысты әлеуметтік желідегі тікелей парақшалар арқылы бақылап отыруға болады екен. Егер ән-жинақтар ертерек сатылып бітсе, ойын одан да ерте өткізілуі мүмкін көрінеді.

 

...Осы секілді ұтыс ойындарын өткізу соңғы уақыттары эстрада жұлдыздарының арасында жиілеп кетті. Олардың қатарында әншілер Нұрлан Еспанов, Жігер Ауыпбаев, Дана Кентай, «Жігіттер» тобының солисі Бағлан Әбдірайымов, «Әзіл әлемі» театрының әртістері Қайрат Әділгерей мен Қанат Әлжаппаров, кезінде «Қалаулым» бағдарламасының жұлдызына айналған жас блогерлер Еркебұлан мен Жанерке де бар. Олардың барлығы да түрлі маркадағы автокөліктерді ұтысқа тігіпті.

 

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ