Қатерлі ісікті емдеудің ғажайып тәсілі

13.12.2019
Қаралды: 447

Ресей ғалымдары медицина саласында қол жеткізілген үлкен бір жетістік жөнінде жариялады. Олар қатерлі ісік ошағын 15 минуттың ішінде жоятын тәсіл ойлап тапқан.

 

Мұндай ғажайып Калуга облысының Обнинск қаласында дүниеге келіпті. Обнинск – облыс орталығы Калугадан – 79 шақырым, Мәскеуден 105 шақырым қашықтағы қала. Ресейдің №1-ші ғылыми қаласы болып есептелетін Обнинскіде ғылымның ядролық физика, атом энергетикасы, метеорология, радиология, радиациялық химия, геофизика сияқты маңызды салаларының орталықтары бар. Солардың бірі – Ресей радиология ғылыми-медициналық орталығына қарасты Обнинск медициналық радиологиялық ғылыми мекемесі.

 

Міне, осы орталық ғалымдары бүгінде адам ағзасында пайда болған қатерлі ісіктерді «гамма-пышақ» деп аталатын құрылғымен жойып жіберуге қол жеткізген. Оны «ядролық скальпель» деп те атайды. Ол хирургиялық кесу тәсілінің орнына қолданылады, еш­қандай да  кеспейді, теспейді, қан шығармайды. Науқасқа жалпы наркоз емес, ауырсынуды сездірмейтін жергілікті наркоз ғана беріледі. Операциядан кейін  үйге қайтуға, тіпті жұмысқа бара беруге де болатын көрінеді.

 

Жоғары дәлдіктегі радиология орталығының қызметкері Сергей Ильяловтың түсіндіруінше, гамма-пышақпен қатерлі ісік ошағын кобальтті сәулелендіру іске асырылады. (Кобальт – түрлі салаларда, соның ішінде медицинада да кеңінен қолданылатын химиялық элемент). Зақымданған нүктеге кобальттің 192 көзінен бағытталған радиация шоғыры ағзаның бас­қа мүшелеріне, ұлпаларына зиянын тигізбей өтіп, көзделген нысанаға жеткен кезде ғана барып өзара түйіседі де, проблемалы жерге радиацияның жоғары мөлшерін жеткізеді, сөйтіп ондағы бүлінген жасушаларды өлтіреді. Көзделген нүктеге бағытталған протон шоқтары өз жолында көрші ұлпаларға еш әсер етпей-ақ кез келген қатерлі ісікті жояды. Ал мұндай операцияға 15 минуттық бірнеше сеанс қана жеткілікті. Науқас ешқандай да ауырсыну сезінбейді. Тіпті кейде бір сеанстан соң-ақ сауығып кетуге болады деседі.

 

«Ол мүлдем кішкентай обыр ошағына дейін жетеді, оны алғаш басталып келе жатқан кезеңінде жойып жібере алады», – дейді бұл керемет құрал жөнінде Ресей Ғылым академия­сының президенті Александр Сергеев.

 

Яғни гамма-пышақ ауқымды радиа­ция бағыттау арқылы қатерлі ісік жасушаларына әсер етеді, олардың белсенділігін, өсу мүмкіндігін тоқтатып, бірден жоя алады. Бұл тәсіл өте күрделі саналған, дәстүрлі операция тәсілімен құрту тіпті де мүмкін емес ісікті тауып, төңірегіне ешқандай да залал келтірместен оны жоқ қылады.

 

Әлем бойынша мұндай құрылғының бірнеше ғана данасы бар екен. Салмағы 20 тонна тартады. Бірақ оны кез келген ауруханаға апарып орнатуға мүмкіндік бар.

 

Осындай құрылғылар Ресейде екеу. Оның бірі бүгінде Обнинскіде обырмен науқастарға өзінің шарапатын тигізіп жатыр. Бір жылдың ішінде ғана осындай операциядан өткен 80 адам кеселінен толық айығыпты. Енді онда ядролық медицина орталығы ашылмақ. Онда қызмет ететін «медициналық физик» атты мамандар даярлануда.

 

...Бүгінде Ресейдің әрбір 45-ші тұрғынында онкологиялық дерттің қандай да бір түрі кездеседі деген ақпарат бар. Енді мына тәсіл жаппай жол­ға қойылса, миллиондаған адамның өмірге деген үмітін оятары сөзсіз.

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ