Үйленді ме, әлде «тұрмысқа шықты» ма?

11.12.2019
Қаралды: 181

Газетіміздің өткен қазан айында шыққан нөмірлерінің бірінде «Бисексуал, трансгендер, лесбиян...» деген тақырыпта мақала жарияланғаны белгілі.

 

Оны жазуымызға «Каменг-ауттың ұлттық күні» деп аталатын батыстық мереке қарсаңында астанадағы Нидерланды елшілігінің ЛГБТ (лесбиян, гомосексуал, тағы басқа) туын көтергені себеп болған. Сол мақалада «жыныстық азшылық» деп аталатындардың бүгінде Қазақстанда да бой көрсетіп жүргені жөнінде айтқанбыз.

 

Бір кездері Батыс елдерінде ғана кездесуі мүмкін көрінетін ондай адамдардың Қазақстанда да бой көрсетуі бүгінде селт еткізер жаңалық болмай қалғанға ұқсайды. Олай деуімізге себеп, енді қазақ азаматының бразилиялық еркекпен некеге тұрғаны туралы хабар шықты.

 

Көптеген ақпарат құралдарында жарияланған бұл хабарда Айдар Күнбаев есімді бір қазақ баласының бразилиялық Рафаэль Кастро де Мескита деген жігітпен біржыныстық  некеге тұрғаны туралы айтылады.

 

Олардың Лондонның «Отель Кафе Рояль» деп аталатын мейрамханасында ұйымдастырылған «үйлену тойынан» түсірілген бейнежазба ғаламторда кеңінен таралып кетті. Онда «жас жұбайлардың» тойға дайындалып, боянып-сыланып жатқаны, тойда жүзік тағысып, ерін түйістіргені, Қазақстан және Бразилияның туы бейнеленген тортты кесіп жатқаны, құшақтасып вальске түскені көрінеді. «Жас жұбайлардың» ата-аналары да сол жерде жүр. Түрлеріне қарағанда, олар да қуанышты сияқты.

 

Осы видеоны жариялаушылар еркекпен некеге тұрған Айдардың әкесі туралы мынадай дерек келтіріпті: «Мірболат Күнбаев – танымал медиаменеджер. 1991 жылы Ақтөбеде «РИКА.ТВ» деген телеарна ашқан. Оны 2002 жылы Наталья Бандровскаяға сат­қан. Сосын Астанада «Эра» деген телеарна ашқан, оны да сатқан. Өзі кейін шетелге қоныс аударған».

 

...Міне, ғаламторда осындай жаңалық жарияланды. Лондонда «отау құрған жас жұбайлардың» қайсысы «күйеу», қайсысы «қалыңдық» екені айтылмаған. Тек әлгі Рафаэль дегеннің Лондондағы сән салондарының бірінде стилист болып істейтіні нақтыланыпты.

 

...Біржынысты некені алғаш болып 2001 жылы Нидерланды елі заңдастыр­ған еді. Бүгінде ол Еуропа мен Американың 40-қа жуық елінде заңды. Оны тіпті 2006 жылы Оңтүстік Африка Республикасы да заңдастырыпты. Жақын көршіміз – Ресейде де осы мәселені заңдастыруды жақтап жүргендер баршылық. Бетін аулақ қылсын, бірақ бұл сұмдық ақырындап өзгелерге де жұғып жатқан сияқты.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ