Көзіңе қара, әкім мырза!

12.12.2019
Қаралды: 205

Түркістанның су жаңа әкімі сөйлеп отыр. Ұққаным, Америкадан бір бай фирма келген-ау, шамасы.

 

Инвестор тарту – дұрыс-ақ. Іскер­лік. Болсын. Бірақ Түркістан әкімі Рәшит Аюповтың жеткізуі маған ұнамады. ЮНЕСКО бойынша қорғалатын үш асыл жәдігерлігіміздің бірі, бірегейі – А.Иассауи мавзо­лейінің айналасына су жіберіп, өзен ағызбақ, бәлкім жасанды көл жасайтын шығар, әйтеуір сондай бірдеңе. Жас­тар қайықпен әлгі өзенде жүзсе керек, кесенені айна-л-ып... Пау, шір­кін!

 

Айналайын, Рәшит-ау!

 

Түркістанға әкім болдың. Тағдырыңа ризашылық айт. Екі дүниеңе кетер қызмет бұл. Түркістанның перзенті көрінесің. Перзентше қызмет ет Түркістаныңа! Қолыңды қаға­тын пенде баласы болмайды. Бірақ Түркістанның арғы-бергі тарихын шұқынып оқып, қарасайшы, шырағым-ау! Бұрынғы өткен ойшылдар Түркістанды қалай сүйді екен? Жәді­гер шаһарды қалай түлеткісі келді екен? Кейінгі ұрпаққа қалай жаң­ғыртып, тарихи сымбатын сақтай оты­рып жасартып қалдыруды ойлады екен?

 

Мысалға жүгінуге тура келеді. Бұрын-соңды Қазақстанда 40 шақты мәдениет министрі болды, қарағым. «Әйелім орыс нәсілді болғандықтан ұлты «орыс» деп жаза сал» (Ә.Қанапин) деген мансап үшін ұлтын сатқан министрді де, «репетиция» мен «тренировканы» ажырата алмайтын (С.Әшляев) мондыбас министрді де мына көзіміз көрді. Сол 40 шақты министрден әлі күнге үш кісінің аты әлсіремей бүгінге жетті, ертеңге дін-аман кетіп бара жатыр. Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібек... Сол Өзбекәлі Жәнібек Түркістан туралы, Иассауи кесенесін қалай сақтау жөнінде сақтандыра жазады: «Қазір сол Әзірет-Сұлтанның айналасын көгертеміз деп арық қазып, су жіберіп жатыр. Бұл дұрыс емес. Оның астында көп ғасырлық ескі қоныстар, мәдени қазба байлық бар. Қаншама сүйек жатыр. Осындай білместіктің салдарынан онсыз да босап тұрған құрылыстың іргесін одан сайын үңгіп жа­тырмыз. Өзгелерді алайықшы. Анау Өзбекстандағы Регистанның қасында ағаш бар ма, жоқ. Болмаса Афи­ны­дағы мазарларды (Акрополь), Рим­дегі  Колизейді, Париждегі «Құ­дай – ана» соборын», тіпті сонау Оңтүстік Америкадағы жергілікті халықтардың ескерткіштерін алыңыз, әлі де сол қалпында тұр ғой. Ал бізде басқасы оңып тұрғандай, сол жерлерді көгерте қалайық дейді. Осынау өресіздікті тез арада тоқтатпайтын болса, біздің ұрпақтың кезін­де олар тұрар, ал келер ұрпақ көр­меуі әбден мүмкін».

 

Міне, көрдің бе, әруағыңнан айналайын Өзбекәлі Жәнібектің не дегенін? Бүгін біз мақтанышымызға айналдырып отырған мавзолей әуелі Құдайдың, сосын Өзбекәлі Жәні­бектің арқасында бүгінге аман жетті. Ертеңгі ұрпаққа аман жеткізе аламыз ба?

 

Мавзолейдің айналасын өзенге айналдырам дегенің қай сасқаның? Өзекең алдындағы гүлзарды да тарихи ескерткішке зорлық, қиянат деп отыр ғой. Ал сен ескерткішті айналдыра өзен жіберсең, бір сәтте опы­ры­лып түспей ме мавзолей?

 

Егер өзің мақтап отырған жобамен жұмыс істейтін болсаң, мен қате түсінген болмасам, Иассауи мавзо­лейін айнала өзен жасауға бейіл берсең, Түркістан халқы, Түркістан ғана емес-ау, күллі Түрік дүниесі саған сенімсіздік жариялауымыз әбден мүмкін! Бетке айтқанның зәрі жоқ. Тілектес адам ғана, білетін адам ғана бетіңе айтады. Ойлан!

 

Әкімдік қызметің құтты болсын! Бірақ көзіңе қарап, ойланып кіріс қандай іске де. Түркістан әкіміне ойшылдық жарасады. Он ойланып, бір рет шешім жасаған жарасады Түркіс­тан әкіміне!

 

Құлбек ЕРГӨБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ