Қарыз елді құтқара ма, әлде құрдымға кетіре ме?

12.12.2019
Қаралды: 290

Әлеуметтік желіде журналист әрі қоғам белсендісі Жанболат Мамайдың назар аударарлықтай бір бейнежазбасы жарияланды. Онда ол Қазақстанның Қытайға қарызы туралы сөз етеді.

 

«Ресми деректерге сүйенер болсақ, Қазақстан Қытайдан 12,3 миллиард доллар қарыз алған, – дейді ол. – Қытай Қазақстанның экономикасына 16 миллиард долларға дейін қаражат салды. Дәл қазіргі таңда 1200-ден астам Қытай компаниясы Қазақстанда жұмыс істеуде. Жақында Германиядағы бір халықаралық қор зерттеу жұмысын жүргізіп, Қытайдан көмек алатын 25 мемлекеттің ішінде ең көп несие алған елдердің қатарына Қазақстан, Пәкістан, Лаос кірген.

 

...Егер біз қарызға бата берер болсақ, осылай күндіз-түні несие ала берсек, онда біздің мемлекетке де қатер төнуі мүмкін. Сондықтан Қытайдан алынған әрбір қаражат халықтың бақылауында болуы қажет. Ақшаның не мақсатта және қайда жұмсалғаны ашық жариялануы керек. Бұл – бір. Екіншіден, Қытаймен қандай да бір келісім-шарт жасалар болса, оның бәрі тек қана халықтық референдумда шешілуі тиіс. Қытайдан қарыз алғанша, Еуропа Одағымен қарым-қатынасымызды күшейткеніміз дұрыс.

 

Салыстырып көріңіз, Қытай халқының саны – 1 миллиард 300 миллион. Қазақстан халқы – небәрі 18 миллион. Ертең біздің жағдайымыз қандай болады? Бізге қандай қатер төніп тұр?»

 

Расында да, қарыз алу мемлекетті құлдырата ма? Әлде елдің жағдайының оңалуына қандай да бір үлесін қоса ма? Мұндай сұраққа америкалық экономист Джон Перкинс (суретте) өзінің «Исповедь экономической убийцы» атты кітабында жауап берген. Онда ол өзінің «Экономикалық күйретуші» деп аталатын құпия қызметте жұ­мыс істегенін және басқа елдерді қалай тығырыққа тіреп, өздеріне бағындыруға тырысқанын ашып айт­қан. Бұл кітап АҚШ секілді ірі державаның құпиясын аш­қан әлемдік бестселлерге айналды. Джон Перкинс бұл туралы бірнеше рет сұхбат та берген. Соның бірінде ол:

 

«Біздің жұмысымызда көптеген әдіс-тәсілдер болды. Соның ішінде ең жиі қолданылатыны – мемлекетті қарыз беру арқылы тығырыққа тіреу. Біз табиғи байлығы, мәселен, мұнайы көп елдерді таңдап, соған Бүкіләлемдік банк немесе оған серіктес ұйымдардың бірі арқылы қарыз береміз. Шындығында бұл ақшалар ешқашан мемлекет қазынасына кірмейді. Бұл қаржылар сол елде инфрақұрылым, жолдар, зауыттар, индус­триалды фабрикалар салып жатқан біздің ірі корпорациямызға құйылады. Мұндай жүйе біздің корпорациямызды және сол елдегі санаулы адамдарды ғана ба­йытады. Қарапайым халық ол қаржының пайдасын сезінбейді де, керісінше, одан сайын кедейлене түседі. Содан соң бүтіндей бір мемлекет өздері төлей алмайтын өте ірі көлемдегі қарызға кіреді. Бұл – жоспардың бір бөлігі.

 

Осыдан кейін экономикалық күйретушілердің жұмысы басталады. Олар әлгі мемлекетке барып, қарыз көлемінің көптігін, оны оңайлықпен қайтара алмайтынын түсіндіреді. «Сондықтан бізге мұнайды арзан бағаға беріңдер. Болмаса осы мемлекетте әскери база құруымызға рұқсат етесіңдер. Қай жерге болса да өз әскерлеріңді біздің әскерлерге көмек ретінде жібе­ресіңдер немесе БҰҰ-да біздің пайдамызға дауыс бере­сіңдер, қолдайсыңдар. Электр, су, канализация жүйе­лерін американдық компанияларға сатыңдар» деген талаптарын айтады. Осылайша арнайы құрылған тізбек бойынша елді ешқашан қайтара алмайтын қарызға батырады. Содан соң мемлекет өзінің жеке ресурстарын сатуға мәжбүр болады.  Соның ішінде олардың коммуналдық компаниясы, білім, сот, сақтандыру жүйесі болуы да мүмкін. Мұның бәрі әбден ойластырылған», – дейді ол.

 

Иә, уақыт өткен сайын ертеңгі күнге деген күдік басым түсіп келе жатқандай. Ешқандай қауіп жоқ десек те қанатымызды кеңге жая алмайтын секілдіміз. Қазақстан қарызсыз елге айналса екен.

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ