Айыппұлды қандай жағдайда төлемеуге болады?

12.12.2019
Қаралды: 354

Казір өз көлігімен жүретін көпшілік адамның басында айыппұл бар. Жол ережесін бұзғаны үшін жылдап жинала беретін бұл қарыздар кімді болса да қуантпайды. Қордалана берсе, қалтаға ауыр түсетіні анық жағдай.

 

Дегенмен оны кей жағдайларда заңға сүйене отырып төлемеуге болатын жайттар бар көрінеді. Бізге ол туралы шымкенттік заңгер Ғалымжан Темірбаев айтып берді.

 

– Өткенде таксиге мінсем, көлік жүргізушісі екі жылдан бері төлемеген айыппұлы бар екенін айтты. Шындығында ол кісінің сол жиналған айып­пұлдарды төлемеуге құқығы бар. Мәселен, жол инспекторы тоқтатып, сізге әкімшілік құқық бұзушылыққа байланысты айыппұл жазды делік. Олар хаттама толтырады, ол заңды күшіне енеді. Содан кейін ереже бұзған адам оны өзі ерікті түрде жабуы керек. Уақыт өте келе әлгі адам ұмытып кетуіне немесе басқа бір жағдайларға байланысты «штрафты» дер кезінде төлемейді. Сол кезде оны іздей бастайды. Нәтиже болмаған жағдайда іс сот орындаушыға өтеді. Сот орындаушы оны төлем жасауға мәжбүрлеуі керек. Есеп-шоттарын, дүние-мүлкін бұғаттап, Қазақстаннан шетелге шығуға тыйым салады. Заң бойынша осылай мәжбүрлі түрде төлету керек.

 

Неге екенін білмеймін, кейде осылай болмай жатады. Көп жағдайда іс сот орындаушыға өтпей, қалып кетеді. Мұндайда борышкер заңға сүйеніп, сытылып кете алады. Бірақ содан бері бір жыл уақыт өтіп кеткен болуы керек. Толығырақ түсіндірер болсам, егер айыппұл заңды күшіне енген күннен бастап бір жылдың ішінде оны төлеу­ге ешкім мәжбүр­лемесе, оны айып­пұл иесі тө­ле­меуіне болады. Яғни осы уақыт аралығында істі сот орындаушыға өткізу, көлігін «арест­ке» қою секілді шаралар жасалынбаған болса, онда арыз жазып,  айыппұлды өшіртіп тастауға болады. Ондай кезде сотқа да барудың қажеті жоқ. Бұл заңда көрсетілген. Ал егер көлік жүргізушісі камераға түсіп, айыппұл ар­қаласа, онда мұндағы мерзім – жоғарыдағыдай бір жыл емес, екі ай. Екі айдың ішінде айыппұлды төлетуге қатысты ешбір шаралар жасалмаса, қарызды жоюға болады, – дейді ол.

 

Заңгер мұның бәрі Қазақстан Республикасының құқық бұзушылық туралы Кодексінде көр­сетілгенін, қарапайым халықтың мұны да біле жүргені жөн екенін алға тартты. Расында да, заң білгеннің зияны жоқ қой.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ