«Дөңгелек үй» жобасы Астанадан қолдау таба ма?

22.08.2016
Қаралды: 1913

Бүкіл дүние жүзінде ғимараттар төрт бұрышты болып келеді. Осы кезге дейін дөңгелек пішінді көпқабатты үйді кездестірмеппіз. 

Осыған байланысты  төрт бұрышты әдіспен ғимарат сала берген дұрыс емес дейтіндер де бар екен. Ол кісі – Отырар ауданының тумасы Бекбатыр Әйменов (суретте). Біз ол кісіні Шымкенттегі Көрме орталығында өткізілген көрмеде кезіктіріп, сөйлестік.

Қазақстанға дөңгелек үй мен аспалы жолдар салуды ұсынып жүрген қария өз жобасын қорғау үшін Елбасының алдына да баруға дайын екен. Әрине, егер облыс басшылары жобасына қызығушылық танытпайтын болса.

«Мен осыдан бір айдай бұрын облыс әкімінің қабылдауында болғанда көпқабатты үйлерді дөңгелек етіп салуды ұсындым, – дейді Бекбатыр Әйменов. – Бұл бос сөз емес. Мен мұны ғылыми жолдармен дәлелдедім. Сызбаларды көрсеттім. Дөңгелек үйлер салынған жағдайда көп қаржыны үнемдеуге болатынын түсіндіруге тырыстым. Бейбіт Бәкірұлы қызығушылық танытып, маған бір сағаттай уақытын бөліп қана қоймастан құрылыс басқармасының басшысы Салыхан Полатовқа тиісті тапсырмалар берді.

Сол кезде 12-тамызда Шымкенттегі Құрылысшылар күні қарсаңында ұйымдастырылатын көрмеден маған екі орын беретін болған. Басқа облыстардан да адамдар келіп көреді, қызығушылар табылар деген соң бүгін өз жобаларымды алып келіп көпшілікке таныстырдым. Адамдар келіп жатыр, көріп жатыр, сұрап жатыр. 

Төрт бұрышты үйге қарағанда мұның тиімді тұстары көп. Сырттан бір есіктен кіреді. Тіпті ауаның тазалығы үшін гүл егетін орындар да болады. Мен мұны Елбасының «100 нақты қадам» бағдарламасы аясында жүзеге асырдым. Нұрсұлтан Әбішұлы барлық деңгейдегі басшыларға өзі ұсынған бағдарламаны жүзеге асыру үшін кез келген ұсыныс пен жаңа жобаны қарап, оған бір айдан кешіктірмей жауап беруді тапсырды. Ал менің бұл жобаны құшақтап жүргеніме бір жыл болды. Бармаған адамым, қақпаған есігім жоқ. Құрылыс басқармасындағылар бірі екіншісіне сілтеп босқа әуре қылды. Сонда Елбасының тапсырмасы қайда қалды?

Бір байқағаным, құрылыс саласын басқарып жүрген адамдардың мұрнына құрылыстың иісі де бармайтын секілді. Олар инновация мен индустрияның не екенін білмейді. Суперметизм не деп сұрасаң, аспаннан түскендей ауыздарын ашады. Құрылыс саласындағы соңғы жаңалықтардан хабарсыз. Ненің тиімді, ненің дұрыс екенін түсінбейді.

Қарапайым адам жаңалық тапты, соны әрі қарай алып кетсе болады ғой. Ол үшін мен ешнәрсе сұрап жатқаным жоқ. Осы жоба іске асуы үшін тіпті авторлық құқымды да беруге даярмын. Өздері тиісті жерлерге өткізсін, ғылыми институттарда қорғасын. Оның барлығын жасауға менде қаржы да, уақыт та жоқ.

Сол кезде құрылыс басқармасындағылар мені бекерге сарсаңға салғаны үшін амалсыздан облыс әкіміне кіріп едім. Дұрыс болыпты. Көрмеде жобаға қызығушылар көп болды. Құрылыс басқармасының басшысы қасыма екі адам қосып, Астанаға жіберіп отыр. Сол жақтағы ғылыми-зерттеу институтында жобамды қорғап, қағаз әкеліп беруім керек екен. Басқарма басшысы содан кейін қаржы мәселесін шешуге уәде етіп отыр».

Көрме орталығында Б.Әйменовтің жобасын көп адам қызықтады. Ал бұл ол кісінің бір жобасы ғана екен. Бұдан бөлек, «Аспалы жол» және «Болашақтың ауылы» деген де жұмыстары бар. Б.Әйменовтің өзі жобаларының арзандығы және сапасының жақсылығымен құнды екенін айтады.

М. РАЙЫМБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ