Солтүстікке ел қондыруды белсенді түрде насихаттауымыз керек

11.12.2019
Қаралды: 397

Біз күнделікті ақпараттық кеңістікте ұлттық мүддеге қарсы шабуылдарға ұшыраудамыз. Оны кейбіріміз байқап, енді біріміз байқамауымыз мүмкін. Ол шабуылдар қазақ ұлтының маңызды стратегиясына қарсы бағыттал­ған. Яғни олар солтүстікке қазақты көптеп қоныстандыру және Қазақ еліне қазақты өзге елдерден әкелу жоспарын іске асыруға кедергі болмақ.

 

Соңғы уақытта сайттарда мынандай мақалалар көп жазылады. «Солтүстікке көшкен шымкенттік отбасы жұмыс таппай, қайтқысы келетінін айтты», «Оңтүстіктен келген отбасы Павлодарда алданып қалғанын жеткізді», «Түркістаннан келген Пәленбаев әулеті солтүстікке келгеніне өкінетінін айтты», «Солтүстікке көшірілген отбасыларға уәде етілген көмек көрсетілмеген» деген сынды жаңалықсымақтар тым көбейді. Мақсаты айқын, қазақты солтүстікке көшуден айныту. Кімнің жаздырып отырғаны да белгілі: солтүстіктегі көршіміз.

 

Бұған қарсы стратегия қалай болуы тиіс? Осындай әр мақалаға қарсы бағыттағы кемі бес мақала жазылуы керек. Олар «Оңтүстіктің жігіті өз жарын солтүстіктен кездестірді», «Солтүстікке келген шымкенттік отбасы қожалығын дамытуда», «Түркістандық отбасы солтүстікте өзінің сиыр қожалығын ашты», «Солтүстікке қоныс аударған отбасылар баспаналы болды» және тағы басқа. Ресейлік саясатты қолдап, ақпараттық шабуылды үдеткен сайттарға қазақы мүдде тұрғысынан соққы берілуі керек. Олар солтүстікке көшкен қазақтардың жағдайы жақсы екенін көрсететін позитивті ақпараттардан тұруы қажет. Баспаналы болу, отбасын құру, жұмысқа орналасу, қожалық ашу, кәсіп өркендету сияқты мақалалар легін айтамын. «Фейсбукте» сондай ақпараттарды жазып, қазақты теріскейге көшуге үгіттеп жүрген  Өмір Шыныбекұлы  ағамыздың стратегиясы дұрыс.

 

Екінші бағыт Қазақ еліне қандастарды көшіруге қарсы жазылған мақалалар, посттар мен ақпараттардан тұрады. Оларда көбіне «Жергілікті қазақтар оралмандарды жұмысқа алмайды», «Қытайдан келген қазақ тілден қиындық туындағанын айтты», «Оралмандар баспанасыз, жұмыссыз жүр» деген ақпараттық-психологиялық шабуылдан тұрады. Сол арқылы миллиондаған сырттағы қазақтың Атажұртқа қоныс аударуына кедергі болмақ. Бұл ақпараттарға да жойқын соққы берілуі міндетті. Білім мен ғылым, мәдениет, өнер, спорт, саясат пен экономика саласында жүрген қанша оралман қандастарымыздың жетістіктері жазылуы, негатив ақпаратқа қарағанда, позитив ақпарат басым болуы тиіс.

 

P.S: Әрине, солтүстікке көшкен, қоныс аударған қандастарымыздың арасында әкімшілік басқару мен құжат тұрғысынан мәселелер туындағанын жоққа шығармаймын. Бірақ бұл бәрі нашар дегенді білдірмейді. Түптеп келгенде, солтүстіктің қазаққа толуы мен Қазақ еліне қандастардың қоныс аударуы қазаққа ғана қажет, ал өзге ұлт пен мемлекеттерге тиімсіз. Сондықтан бұл тақырыптарда эмоцияға қарағанда, әрқашан ұлттық мүдде басым тұруы тиіс.

 

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ