Ескірген қымбат киімді жаңартып береді

11.12.2019
Қаралды: 654

Қимас, қымбат былғарыдан жасалған бұйымыңыз бүлінді ме? Өңі кетіп, түсі өзгеріп бара жатыр ма? Тастауға қимайсыз, киюге де жарамайды. Қыс болса қылышын сүйретіп келіп қалды, былғары етігіңіз бен күртешеңізді баяғы жап-жаңа күйінде көргіңіз келіп жүрген шығар.

 

Шымкентте аса бағалы былғары бұйымды ретке келтіріп, реставрация жасайтын кәсіби шеберлер бар. Біз сәтті түсіп, дәл осы кәсіпорын тынысымен танысып, кәсіпкер Галина Гаджикулиевамен әңгімелесіп қайтқан едік.

 

– Сұранысқа ие, ерекше ұқыптылықты талап ететін бұл бизнес түрімен қашаннан айналысып келесіздер? Кімнің идеясы болды?

 

– Біз бұрын бағалы аң терілерінен тігілген ішіктерді биотазалаумен айналысатынбыз. Ол кезде Ресейден франшиза бойынша жұмыс жасадық. Биотазалау химиялық тазалаудан біршама ерекшеленеді, онда тек табиғи бальзамдар қолданылады. Сонда байқағаным, адамдар сіздер теріні боямайсыздар ма деп жиі сұрайтын. Сұранысқа ие, тұтынушы да табылып тұрған соң ғаламтордан қарап, іздене бастадым. Қайда оқуға болады, кімнен үйренемін, бәрін зерттеп-зерделеп алып, осы іске кірісіп кеттік. Сол тұста жолдасым да бұрынғы қызметін тастап, өзіне жеке кәсіп ашпаққа бекініп жүрген. Менің мүмкін осы іспен айналысып көрерсің деген ұсынысымды қабыл алды да, осылайша жұмысымызды бастап кеттік. Алматыда, Ресейде білім алдық, бір-бірімізді үйрете жүріп, өз кәсібімізді бастадық.

 

– Шәкірт тәрбиелейсіздер ме? Осы бағытта жұмыс жасайтын басқа да кәсіпорындар бар ма қаламызда?

 

– Қазірше бұл істі арнайы үйретіп, шәкірт тәрбиелемейміз. Өзіміз де жаспыз, фирманың құрылғанына да 2 жылдан енді ғана асты. Бәлкім біздің қызымызды ізбасарымыз деуге болатын шығар. Ол жұмыс процесі кезінде үнемі қасымызда, бәрін өз көзімен көріп, үйреніп алған. Тері бұйымдарын бояу, қалпына келтіру саласында біздің қаламызда басқа фирмалар жоқ. Әзірге қаладағы жалғыз кәсіпорын біздің «Кожсервис» қана болып тұр.

 

– Прайс-парақшаларыңызды қарап, бағалармен танысып шықтым. Кез-келгеннің қалтасы көтеретін баға. Қызмет түрлері 2000 теңгеден басталады екен. Жұмыстарыңыз қаншалықты қиын? Аяқ киімнің бір жұбын қалпына келтіруге қанша уақыт кетеді?

 

– Дұрыс айтасыз, жұмысымыз «өте нәзік». Мұнда әр аяқ киімге жеке қарау керек. Өндіруші оны қандай бояумен бояды, қандай былғарыдан тікті, бәрі-бәрі есепке алынады. Сондықтан тұтынушыларға аяқ киімді алып келіп көрсетуін өтінеміз. Адам өз терісіне қалай күтіп жасайды, былғарымен де дәл солай. Бетіңізге крем жақсаңыз, оны сіңдіріп жағасыз ғой. Сол сияқты был­ғарыға да крем, бальзамдар әбден сіңіп, кебуі қажет. Барлығы саты-сатымен жүзеге асады. Алдымен аяқ киім шаң-тозаңнан тазартылып, әрі қарай былғарыны қорғап тұратын қорғаныш қабатын сылып алу қажет. Содан кейін тапсырысыңызға қарай келесі процедуралар жалғасып кетеді. Жалпы, бір жұп аяқ киімді толықтай қалпына келтіруге кемі 4 күн уақыт кетеді. Тұтынушылар кейде түсінбей жатады, бүгін алып келіп, ертеңге дейін дайын болсыншы деп қиылып тұрады. Қанша күш-жігеріңді салғанмен мұндай қысқа мерзімде жұмыс бітпейді. Әр этаптың өзіне тән ерекшелігі бар, көп уақытты талап етеді.

 

– Базардан алынған, арзанқол аяқ киімдерді реставрацияға әкелмейтіні белгілі. Сонда сіздердің тұтынушыларыңыз кімдер?

 

– Жоқ, ондай аяқ киімдерді де әкеледі. Базардан да сапалы, былғары етіктер алуға болады ғой.  Оларға кешенді күтім жасап және бояп бере аламыз. Әйел адамдардың өзіне құйып қойғандай жарасатын, өкшесі де сондай ыңғайлы аяқ киіммен қоштасқысы келмейтіні тағы бар. Ондай жағдайда аяқ киімнің бағасы емес, оны қалыпқа келтіру қолымыздан келе ме, сол маңызды. Кейбір қатты бүлінген аяқ киімдерді өзіміз қабылдаудан бас тартамыз. Оны қанша жөндегенмен байырғы қалпына келмейтіндіктен ары қарай жұмыс істеудің мәні жоқ. 15-20 мың теңгелік аяқ киімдерден бастап, құны 3 мың доллар тұратын брендтік туфлилер, күртешелерді де қалпына келтірдік. Жас қыздар өз тойларының алдында қыз жасауына қосылатын аяқ киім, күртешелерін алып келіп, қайта қалпына келтіріп жатады. Аяқ киімдер жаңарып, түсі кіріп қалады. Жалпы, 70 пайыз тұтынушылар аяқ киімін әкелгенде жап-жаңа болып шықсыншы деп жатады. Біз барынша тырысамыз.

 

– Аяқ киімдерден басқа да былғары бұйымдарды бояумен айналысасыздар ма? Көлік салондарын дегендей...

 

– Иә, барлық былғары бұйымдарын, аяқ киім, сөмке, күртешелерді қалпына келтіреміз. Бірақ көліктің рулін немесе түгелдей салонын бояп беруді сұранатындар жиі кездеседі. Бізде көлік салонына арналған ең сапалы бояулар бар, бірақ оған мүмкіндігіміз жетіңкіремейді. Көлік салондарын бояу үшін арнайы гараж болуы қажет. Болашақта оны да қолға алу ойымызда бар. Ал балалар аяқ киімдерін қалпына келтіруден өзіміз бас тарттық. Бала дегеніңіз бәрібір бір орында тұрмайды, бір-екі рет ойнап, сүрініп, жасалған жұмысты сол мезетте-ақ «жоққа» шығарады.

 

– Тұтынушылар тарапынан келіспеушіліктер болып тұра ма? Мұндай келеңсіз жағдайларды қалай шешесіздер?

 

– Тұтынушылар тарапынан жұмыстың сапасы жағынан сын түскен емес. Себебі әрбір бұйымға аса жауапкершілікпен қараймыз. Мәселе олардың шыдамсыздығында. Ешкім күткісі келмейді. Мысалы, жақында бізге бір спорттық аяқ киімді алып келді. Өз мерзімімізді айттық, бәріне келіскендей болған. Кейін қарасақ, бұл аяқ киімге үй жағдайында да «баллончикпен» бояу шашыратқан. Одан қалған дақтарды арнайы еріткіштерде 2-3 күн ұстап қана кетіруге болады. Сол сияқты, кей аяқ киімдерге тұз шығып, ағарып кетеді. Оларды тазалауға да бірнеше күн қажет. Осындай кішкентай түсініспеушіліктер болып тұрады, оның бәрін бейбіт түрде шешуге тырысамыз.

 

– Былғары аяқ киім ұзақ қызмет етуі үшін оған қандай күтім жасау керек? Кеңестеріңізбен бөлісе кетсеңіз...

 

– Аяқ киімді күнделікті тазалап отыру керек. Қар, жаңбырдың әсері, шаң-тозаң оның сыртқы бейнесіне әсер етпей қоймайды. Сыртқы факторлар оны ертерек «қартайтып», қызмет ету уақытын қысқартады. Аяқ киімге сіңген ылғал мен лайды кешке шүберекпен тазалап қойған дұрыс. Ал таң­ертең асығыста жусаңыз, аяқ киімге кір терең сіңіп, орнында дақтар қалып қояды. Сонымен қоса, су өткізбейтін спрейлер мен кремдерді қолдансаңыз, аяқ киім ылғалды өзіне сіңірмейтін болады.

 

– Сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!

 

Ақнұр АСЫЛБЕК.

Галина Гаджикулиеваның байланыс телефоны: 8-777-766-08-88.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ