«Есектер жойылып барады!» деген дабыл қағылды

10.12.2019
Қаралды: 810

Англияда құрылғанына 50 жыл болған «Есек» қайырымдылық ұйымы дабыл көтеруде. Оны әсіресе Қытайдағы «есек қырғыны» алаңдатуда.

 

Терісіне бола тұқымын тұздай құртуда

 

Қытайдың есекке жаудай тиіп жатқаны белгілі. Онда жылына 5 миллионға жуық есек терісіне бола сойылады екен. (Еті азыққа пайдаланылатыны туралы да айтылып жүр).

 

Ал бұл елде есек терісіне сұраныс неге соншалықты жоғары?

 

Оның себебі мынада екен: Ілгеріректе Қытайда біреулер есек терісінің түрлі ауруларға қарсы шипалық қуаты күшті деген сөз таратқан. Содан байғұс жануарға жаудай тию басталып кетіпті. Есектің терісінен түрлі дәрмектер шығарып сату қарқын алған. Оны тіпті қаназдықтан, қатерлі ісіктен арылтатын керемет дәрі ретінде де қолдану етек алыпты. Ақырында одан косметикалық зат шығаратын болған. «Эцзяо» деп аталатын бұл затты бүгінде Қытай шетелдерге де экспорттайды. Оны «жастық эликсирі» деп те атайды. Яғни эцзяо адамды, әсіресе әйелдерді жасартады деген түсінік қалыптасқан.

 

Міне, осындай пайданың көзіне айналған есектер бүгінде Қытайда жылына бірнеше миллиондап сойылып жатыр. Статистикалық деректерге қарағанда, 1992 жылы Қытайда олардың саны 11 миллион болса, бүгінде 2 миллионға жетер-жетпесі қалған.

 

Қытайдағы есектерге расында да құрып кету қаупі туып тұр. Бірақ қытайлар саспайды, олар есекті басқа елдерден алады. Бір кездері Африкадан тасыған, осыдан оншақты жыл бұрын Орта Азия елдерінен алуды бастады. Соның салдарынан, мысалы, Қырғызстанда есектер қатары мыңдаған басқа кеміді. Бұл елде 2012-жылы 77 мың есек болса, арада 5 жыл өткенде 33 мыңы ғана қалған. Қытайға заңсыз есек экспорты, есек терісінің экспорты бүгінде тек Қырғызстаннан ғана емес, Тәжікстаннан, Өзбекстаннан, Қазақстаннан да жүріп жатыр.

 

«Есек» қорығындағы жануардың жағдайы жақсы

 

Қысқасы, бүгінде есек тұқымы үшін Қытай тажалдың апанындай болып тұр. Дегенмен бұл жануарлардың  жағдайын жасайтын елдер де жоқ емес екен.

 

Мысалы, Англия. «Есектің тұқымы құрып барады!» деген дабылды осы елдің Девон графтығындағы «Есек» қорығының қызметкерлері көтеріп отыр.

 

«Есек» қорығын «Есек ғибадатханасы» деп те атайды. Онда есектерге, әсіресе ауыр жұмыстан қажыған, қартайған, денсаулығынан айырыл­ған, түрлі себептермен мертіккен жануарларға қамқорлық жасалады. Ол осыдан 50 жыл бұрын, 1969-жылы құрыл­ған.

 

Элизабет Свендсен деген азамат  алғашында асырап көрмек болып, есек сатып алуға базарға барған екен. Сонда бір жануардың халі жақсы емесін көріп, оны құтқаруды ойға алыпты. Кейін қырық шақты есекті өз қамқорлығына алған. Девондағы «Есек» қорығы осылайша өмірге келіпті. Бүгінде онда тұрақты түрде 4 мыңнан аса есек жайлы тіршілік кешіп жатыр. Жылына жағдайы нашар мыңдаған жануар жеткізіліп, емделеді, сауықтырылады. Онда арнайы клиникалар жұмыс істейді.

 

Қорықтың жұмысын 7 адам жүргізіп отырады. Одан бөлек, 40-тан аса әлеуметтік қызметшілері есек иелеріне жануарды қалай күтіп-баптау керегі және басқа да сұрақтар бойынша кеңес берумен айналысады. Қандай да бір есек қорлық көріп, ашықса, ауырса, мертіккен болса, ести салысымен оны арашалауға аттанады, иесімен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

 

Бұл қорықтың Мысырда, Эфиопия­да, Үндістанда, Кенияда, Мексикада жүргізіп жатқан жобалары бар. Онда тәуелсіз ветеринариялық клиникалар жұмыс істейді, клиникада есектер толықтай медициналық тексеруден өткізі­леді, қажеттілік туындаған жануарлар­ға жылына 300 мыңнан аса емдік көмек көрсетеді.

 

Бұл қорықтың кіріс-шығыстары миллиондаған долларлап саналады. Оның Ирландияда, Кипрде, Грекияда, Францияда, Италияда, Португалия­да, Испания мен Румынияда есек қабылдайтын бөлімдері де бар.

 

...Есектер әлемінде осындай жағдайлар болып жатыр. Есегіңіз болса, сіз де оған қамқор көзбен қарағаныңыз дұрыс-ау!

 

Б. РЫСҚҰЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ