Қара шаңырақ «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жарық көргеніне – 95 жыл

09.12.2019
Қаралды: 109

Кешегі аптада «Оңтүстік Қазақстан» газетінің алғашқы нөмірінің жарық көрге­ніне 95 жыл толды. Осы орайда Оңтүстік өлкесіндегі қара шаңырақтардың бірінен саналатын басылымның тарихы туралы қысқаша тоқтала кеткенді жөн көрдік.

 

• Бүгінгі «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тарихы «Ақ жол» газетінен басталады. Бұрынғы Түркістан Республикасы Орталық партия комитетінің органы – «Ақ жол» газеті сонау 1924 жылдың күзінде, яғни 26-қарашадан бастап Түркістан облысы жөніндегі ұйымдастыру бюросының үні ретінде шыға бастады.

 

• 1925 жылы Қазақ Республикасының астанасы Қызылорда қаласына көшірілді. Ал Қызыл­орда уезі ол кезде Сырдария губерниясына қарайтын. Осыған орай «Ақ жол» газеті Қызылорда қаласында шыға бастаған «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетімен қосылды.

 

• 1929 жылы астана Алматы қаласына көшкеннен кейін Сырдария округтік партия комитеті мен атқару комитетінің органы ретінде «Ленин жолы» деген атпен газет өз алдына бөлек отау тікті.

 

• Кейін округтер таратылып, аудандар тікелей республика орталығына қараған кезде «Ленин жолы» газеті Шымкент аудандық партия комите­тінің, аудандық совет атқару комитетінің және аудандық кәсіподақ бюросының органы ретінде шығып тұрды.

 

• 1932 жылдың көктемінде республикада қайтадан облыстар құрылды. Осыған орай «Ленин жолы» газетінің негізінде облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті шыға бастады.

 

• «Оңтүстік Қазақстанның» негізі болып саналатын «Ақ жол» газеті өмірге келген алғашқы жылдары бұл газетке қазақтың даңқты перзенттері Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ораз Исаев редакторлық еткен деген деректер бар.

 

• «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 95 жылдық тарихында бұл басылымға бас-аяғы отыздан аса азамат бас редакторлық етті. Қазіргі таңда газетті белгілі журналист Абай Балажан мырза басқарады.

 

• «Оңтүстік Қазақстан» газетінің қазіргі құрылтайшысы – Түркістан облысының әкімдігі. Меншік иесі – «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газеті редакциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

 

• «Оңтүстік Қазақстан» газеті өз тарихында түрлі-түрлі сынақтарды бастан өткерді. Кезінде оның таралымы құлдырап төмен түсіп кеткен уақыты да болды, сондай-ақ ол жүз мыңға жуық тиражбен  шыққан гүлдену дәуірін де бастан өткерді. Бүгінде ол отыз мыңнан астам таралыммен жарық көреді.

 

• 95 жылдың ішінде «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында мыңдаған адам қызмет істеді. Бүгінде осы қара шаңырақтан түлеп ұшқан жүздеген журналист өздерінің «Оңтүстіктің» шекпенінен шыққандығын мақтан тұтады.

 

Мерейтой құтты болсын, әріптестер!

 

"ЗАМАНА" ұжымы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ