Данияда тұратын Аюби мырзаның айтқандары

09.12.2019
Қаралды: 878

Келесі жылы елімізде көпбалалы отбасыларға 42 мың 500 теңгеден бастап жәрдемақы тағайындалатыны туралы жаңалық жұртты біраз қуантып қойды.

 

Дегенмен қымбатшылық қыспаққа алған заманда бұл қаржының қаншалықты жетімді болатыны айтпаса да түсінікті. Бүгінде жәрдемақы тұрмақ, жалақысын жеткізе алмай қиналған қарапа­йым халықтың жағдайы аса мәз емес.

 

«Қазақстан халқы қалай өмір сүріп жүр, айлығын айдан айға қалай жеткізеді, мен осыған таңқаламын», – дейді бізге берген сұхбатында даниялық қазақ, экономист, бизнес-сарапшы Қажы Әкбар Аюби мырза. Ол кісіден Дания хал­қының әлеуметтік жағдайы туралы сұрап білген болатынбыз.

 

– Маған Даниядағы өмір сүру деңгейі туралы сұрақты көп қояды. Мен ерлі-зайыптылардың екеуі де жұмыс істейтін, мектеп жасындағы екі баласы бар  жанұяның кірісін мысал ретінде келтірейін. Мұндай отбасыға айына шамамен 11 мың доллар жалақы кіреді. Оның 13 пайызы зейнетақы қорына аударылады. Содан соң қалалық салыққа 25 пайызы, мемлекеттік салыққа 15 пайызы алынады. Сонда бір отбасыға шамамен 6 мың доллар көле­мінде қаражат қалады. Азық-түлік, киім-кешек, жолкіре, күнделікті үйге жұмсалатын ұсақ-түйек қаражат, телефон байланысы мен интернет, телеарналар пакеті, балаларға алатын ойыншық, туған күн, тағы бас­қа мерекелерге берілетін сыйлықтар, өз-өзіңе жасалатын күтім (шаштараз, салон қызметі т.б.), үй-көлікті сақтандыру (егер көлік жол апатынан зақымданса немесе үй өртеніп кетсе, сақтандыру компаниясы шығынды толық өтейді), жарақаттан сақтандыру (жарақаттанған адам­ға белгілі бір көлемде ақы төлейді), жұмыссыздықтан сақтандыру (адам қызметінен босап қалса, сақтандыру компаниясы ай сайын шамамен 2 мың доллар көлемінде ақша төлеп тұрады), дәрілік сақтандыру (қажетті дәрі-дәрмектерді алу үшін компаниядан қаржы аударылады), коммуналдық қызмет, ипотека/несие – отбасыда осы шығындарды өтегеннен кейін де 2 мың доллардан астам қаражат өздеріне қалады. Оны саяхатқа, шетел аралау үшін жұмсауға болады. Мемлекет осы шығындардың барлығын көрсете отырып, оның әрбіріне әр отбасы шамамен қанша қаржы жұмсайтынын да есептеп көрсетіп қойған.

 

Біреулер салық мөлшері көп деуі мүмкін. Біз салықты қуана-қуана төлейміз. Себебі салық халыққа, халықтың жақсы өмір сүруі үшін жұмсалады. Дат халқы «Халық жақсы өмір сүрсе ел де тыныш, ұрлық-қарлық та аз болады» деп санайды.

 

Ал мектеп жасындағы екі баласы бар ерлі-зайыптылардың екеуі де жұмыс істемеген жағдайда мемлекет оларға орта есеппен айына 3 мың доллардан астам ақша төлейді. Оған қоса балаға көмек деп 300 доллардан аса ақша береді. Дәл осындай мектеп жасындағы екі баласы бар, жұмыс істемейтін жал­ғызбасты әкеге немесе анаға айына 1500 доллардан аса, қосымша балаға көмек ретінде 300 доллардан асатын ақша беріледі. Сонымен қатар, жалғызбасты болғаны үшін 700 долларға жуық ақша және төленеді.

 

Мүгедектерге де мемлекет тарапынан жақсы көмек беріледі. Арнайы қызметшілер келіп үйлерін та­залап, өздерін жуындырып кетеді. Үйін­де қараушысы жоқ, жалғыз қалған мүгедектерге арналған арнайы үй бар. Онда мүмкіндігі шектеулі жан­дарға 24 сағат қызмет көрсеті­леді. 

 

Жұмыс істемейтіндерге беріле­тін әлгіндей көмектер – ол тек сіздікі, қайда, қалай жұмсасаңыз да өз еркіңіз. Қазақстандағыдай болып, бір министр шығып, алған ақшаны қайда жұмсадың деп сұрайтын болса, ол адам жұмыстан қуылады. Егер мемлекеттен әлгіндей жәрдем алғысы келмесе, тиісті құжаттарды көрсетіп, бас тарту себебін айтып, қол қою керек. Әйтпесе ақша есеп-шотқа автоматты түрде аударыла береді.

 

Иә, мұнда «өз күнімді өзім көремін» деп супермаркеттердің жарамдылық мерзімі өтіп кеткен азық-түліктерін қоқыс контейнерінен тауып жеп, көпірдің астында, тағы да басқа жерлерде күнелтіп жүре беретін түрлі қызық адамдар да ара-тұра кездеседі, – дейді ол кісі.  

 

Әңгіме барысында Әкбар мырза Данияда жемқорлыққа мүлде жол берілмейтінін, соған қоса журна­листердің беделі туралы да айта кетті.

 

– Мұнда жемқорлық, парақорлық деген жоқ. Дания – жемқорлықтан азат елдердің бірі. Бұрын­ғы премьер-министр партияның қаржысына аяғына аяқ киім сатып алыпты. Мемлекеттің емес, партия­ның қаржысына. Сол адамды жұрт қаралап, жер-жебіріне жетіп, ол халықтың алдында қайта-қайта кешірім сұрап құтылған жайттар болған. Сол сияқты мұнда тамыр-таныс арқылы қызметке орналасу деген нәрсе жүрмейді. Әркім өзінің таланты, қабілеті арқылы жетістікке жетеді. 

 

Данияда үш билік бар: басқарушы, атқарушы және заң шығарушы. Олар бір-біріне бағынбайды. Ал журналистер – төртінші билік. Олар үш биліктің де, осындағы тоғыз партияның да жұмыс барысын, қаржылық кіріс-шығысын бақылап, оны халыққа жеткізіп отырады. Мұнда журналистерге өте үлкен құрметпен қарайды. Биліктегілердің өзі журналистерге қарсы шығуға батылы бармайды. Данияда журналистер қадірлі қауым болып саналады, – дейді Әкбар Аюби.

 

Әкбар Аюби бақылау бар, жемқорлық жоқ, жалақысы көп мемлекетте Қазақстандағыдай аста-төк ысырапшылдықтың болмайтынын, дат халқының үнемшіл екенін де жеткізді.

 

– Мұнда тойға 50 адам, ары кеткенде 100 адам ғана келеді. Оған тек екі жақтың туған-туыстары ғана шақырылады. Қонақтар тізіміне жұмыстағы әріптестер кірмейді. Тойда ұзағынан тост айту деген болмайды. Оның орнына қызықты әңгімелер, әдемі қалжыңдар, бала кезден естеліктер айтылады. Ешкім тойға кешігіп келмейді. Барлығы дәл уақытында басталады. Тойда барлық қонақтардың назары тек жас жұбайларда болады. Содан соң сыйлықты да жастардың қалауы бойынша әкеледі. Олар алдын-ала өздері қандай дүние қалайтынын айтады, қонақтар соны екеу-үшеуден бірлесіп сатып алып береді, – дейді ол.

 

Орайы келгенде ол кісіден елдегі медицина қызметі туралы да сұрадық.

 

– Данияның барлық халқы тегін медициналық қызмет ала алады. Емханаларға қаржы облыстық әкімдіктен, мемлекеттен бөлінеді. Тіпті Данияға туристер қыдырып келіп, осында ауырып қалса, оларды да тегін емдейді. Бұл – елдің сырттан келген қонақтарға деген құрметі. Халықтың бәрінде сары карта бар. Онда нөмір жазылады. Сол арқылы Данияның қай жеріне, қай қаласына барсаңыз да сізге тегін ем жасайды. Дәріні де өте аз береді, – дейді. 

 

...Дания – небәрі 6 миллионға жуық қана халқы бар шағын мемлекет. Астанасы – Копенгаген қаласы. Ресми тілі дат тілі болғанымен, ағылшын, неміс, француз тілдері де кең таралған. Англиядағы Лестерс университеті жүргізген тәжірибенің нәтижесінде Данияға жер бетіндегі ең бақытты адамдардың елі деген атау берілген екен. Ал Қазақстанға ондай атау қашан берілер екен?

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ