Кішкентай қыздарды телефон арқылы азғындатады...

09.12.2019
Қаралды: 532

Бүгінде әр отбасы мүшесінің өзінің жеке қалта телефоны бар. Қолымыз қалт ете қалса, бәріміз де соған жармасатынымыз рас. Түрлі зияны, қатері барын айтып жатса да айырылмаймыз.

 

Ал балалардың онымен не істейтінін қадағалау ойымызға тіпті де кіріп-шықпайтын болды. Бетін аулақ етсін дейік, балаға төнуі мүмкін қауіптің үлкені осы телефонды бақыламаудан туындайды екен.

 

Таяуда әлеуметтік желіде мынадай аудиожазба жария­ланды:

 

«...Жұмыстан келіп, кешкі асымызды даярлап, ішіп бол­ғасын дастарханды жинастырып жатқанмын. Білесіздер ғой, оған кемінде жарты сағат уақыт кетеді. Қызымның тамақты тез-тез ішіп: «Сабаққа дайындаламын», – деп басқа бөлмеге асығуы назарымды аударды. Сосын: «Телефоныңды әкелші, ішінде не бар екенін тексеріп көрейін», – деп едім, ол тұра қашты. Жақында анам көшіп келген, жүгіріп барып апамды құшақтай алып: ««Әже, анам телефонды көрмесінші! Көрсетпеңізші!» – деп жылап қоя берді. Мен телефонда дұрыс емес бірдеңе барын сездім. «Әкел телефонды!» – деп едім, қызым: «Мама, бермеймін! Қарамашы, өтінем!» – деп жылап жіберді. Телефонды қолынан жұлып алып, қарадым. «Лайк» деген қосымша бар ғой, соған кірдім. Онда балалардың түсірген видеосы, билеп, ән айтып тұрғандары бар.

 

Ондағы бір баланың парақшасына кірсеңіз, ол кім, оның әл-ауқаты, отбасының әл-ауқаты қандай, не ішіп-жейтіні – сондай ақпараттың бәрін білуге болады екен. «Лайктың» чатын, хат алмасуларды, хабарламаларды тексеріп көрдім. Ішінде біреудің жазбалары жүр, сөзі баланың сөзі емес. «Привет! Менің атым – Айлин. Жасым – 8-де. Екеуміз дос болайық»,  деп жазған. Оған менің қызым да өзінің атын жазып: «Менің де жасым – 8-де. Екеуміз дос болайық», – депті. Сосын әлгіден қызыма жауап келеді. «ВТамтам» деген қосымшаға кірсең, ішінде қызықты видеолар көп. Балалар неше түрлі видеолар түсіріп, соған салады. Сосын лайк жинап, танымал болады. Сен сондайға кіресің бе?» – деген.

 

Бұл кеше түсте болған. Ол кезде мен жұмыстамын. Қызым: «Иә, менің де танымал болғым келеді», – деп жазыпты. Әлгі адам оған бір кісінің телефон нөмірін беріпті.

 

Әлгі «ВТамтам» дегеннің ішіндегіні көріп мен терезеден секіріп кетуге шақ қалдым. Онда кішкентай қазақ қыздар іш киімдерін видеоға түсіріп, оны шешіп тастап, өзін-өзі аймалап түскен видеоларын жаңағы кісілерге жіберген. Менің ойымша, олар – педофилдер. Бала емесі анық. «Ты – в сексе!», «Ты такая маленькая, сексуальная!» деген сөздерді жазған. «Тағы да видео жібер. Мен саған тағы да тапсырмалар беремін», – деген. Абырой болғанда, қызым ондай видеоларға түсіп үлгермеген. Өйткені үйге мен келдім».

 

Осылай деген жас әйел өзінің 8 жасына дейін дауыс көтеріп көрмеген кішкентай қызына қатты ұрысқанын айтады. Қобалжып, жүйкесі сыр бергені сонша, аяқ-қолы дірілдеп, қатты күйзеліпті.

 

«Бұлар әлі ойында ештеңе жоқ бала ғой. Өмір, заман қиын болып кетті қазір. Жұмыс дейміз, үй дейміз, бәрімізде де проблемалар бар. Бірақ балаға қарау керек. Балаға абай болыңыздаршы!

 

Адам өзінің басына түспесе көп нәрсені түсіне бермейді екен. Өткенде жиналыста апайлары жас ұрпақты тәрбие­лейік деп айтқан еді. Баланың телефонындағы чаттарды, лайктарды – бәрін өшіріп тастаңыздар! Ана «Лайк» дегенде 50 пайыз жасы  үлкен кісілер, ер адамдар отыр. Мен чаттан ана кісінің телефон нөмірін тауып алдым. Нөмір – ресейлік. Ресейдің ішкі істер министрлігіне арыз жаздым.

 

Мақсатым – бұл жөнінде барлық ата-аналардың құлағына жетсе деймін. Өтініш, үйде сөйлесіңіздер, балаларға айтып түсіндіріңіздер. Мүмкін болса, оларға қарапайым, кнопкалы телефон әперіңіздер. Баланың қолы бос болмасын, оны мектептегі қандай да бір пайдалы үйірмелерге, секцияларға беріңіздер», – дейді ол.

 

...Бұл – ойда-жоқта телефондағы осындай сұмдықты көріп қалған ананың жанайқайы. Біз де оны көпшілік жұрттың естігенін, одан тиісті қорытынды шығарғанын қалаймыз. Ал кішкентай балаларды осындай жаман іске тартып жүрген азғындарды заң орындары тауып, жазасын береді деген үміттеміз. Ондайларды аямау керек!

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ