«Ескі қамал» ерекше түрге енбек

09.12.2019
Қаралды: 359

Бүгінде Шымкенттегі ескі қамал орнын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни келешекте онда аспан астындағы ашық мұражай бой көтермек.

 

Айта кетейік, Шымкенттің әу бастағы орталығы қазіргі Тәуелсіздік саябағы тұрған қыр үстінде болған. Яғни ескі автобекеттің шығыс беткейін алып жатқан қыр үстінде. Қазір сонда  құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр.

 

Кешегі сейсенбіде біз сол аумақты барып көріп қайт­тық. Осында бізге Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкері Азамат Ергешбаевпен (суретте) сұхбаттас болудың сәті түсті.

 

«Шымкенттің қала болып түзілуі осы қырдан басталған, – дейді А.Ергешбаев. – Яғни қазіргі тұрған жеріміз  – ескі қаланың орны. Бұл – мыңдаған жылдардың тарихы бар археологиялық ескерткіш. Қазба «Мәдени мұра» бағдарламасы кезінде басталған, көптеген жұмыс­тар жүргізілген. Кейінгі үш жылда ол жоспарлы түрде жалғасып жатыр. Соның нәтижесінде ескі қаланың қорғаныс жүйесі, сырт көрінісі ашылуда. Сол кездегі дуалдар, тұрғын үй кешендері, XVІ, XVІІ ғасырлардағы тұрғын үйлердің, тағы басқа нысандардың орны ашылып жатыр. Қаланың орталық бөлігі – цитадельге қазба жүргізілді, оның құрылымдық сырт кейпі, тұрғын үйлер кешені ашылды.

 

Қыш құмыра, мыс, күміс ақша сияқты заттай жәді­герлер де табылуда. 2200 жылғы тарихынан бастап, орыс гарнизоны тұрған кезге дейінгі заттай деректер табылған. Осының бәрі қаланың ондаған ғасырлық тарихынан сыр шертеді».

 

А.Ергешбаев осылай дейді. Оның айтуынша, мұндағы архитектуралық қалпына келтіру жұмыстары әлі де жал­ғасын табады. Нысандар археологтардың қазба жұмыс­тары кезінде анықталған жайлар негізінде салынып жатыр. Мақсат – туризмді дамыту. Шымкенттің ортасында тарихи ескерткіштер бар екенін жұртқа көрсету керек. Онда Қазақ хандығы, Қоқан хандығы сияқты әр тарихи кезеңді қамтитын фрагменттер ашылуда екен.

 

Университет қызметкері қазіргі «Ескі қала» аталып жүрген аумақтың да қала мәдениетінің дамуы, урбанизация арқылы үлкейіп, Шымкент шаһарының бір бөлігіне айналғанын атап өтті. Ол қаланың «Рабат» деп аталатын бөлігіне жатады екен. Оның астында да бірнеше мәдени-археологиялық қабаттар жатыр деген сөз. Ол да кезінде цитадельмен, шахристанмен бірге өмір сүрген.

 

Яғни орта ғасыр қалалары цитадель, шахристан және рабаттан тұрған. Цитадель деген – қаланы сырттан қорғап тұрған немесе қаланың орталығындағы өзіндік қорғаны бар аумақ. Шахристан – цитадель сыртындағы, қамал ішіндегі аумақ. Ал рабат – қамал-қаланың сырт­қы бөлігі.

 

Біз ескі қамал-қала орталығы болып табылатын қыр үстіне шығып, төңіректі шолып көрдік. Төрт тарапта да жұмыс үстіндегі адамдар мен техника өз істерін атқарып жатыр. Археологиялық қазбамен үш компания айналысса, әр бөліктегі шаруаларды да бірнеше құрылыс компаниялары бөлісіп жұмыс жүргізуде екен.

 

Ескі қала орнындағы цитадель мен шахристан аумағының өзі ғана 30 гектардай жерді алып жатқаны жөнінде естідік. Қамал-қаланың оңтүстік беттегі қақпасын құрылысшылар зауытта құйылған қалың кірпіштен өріп көтеруде. Басқа қақпалар да осындай материалдан тұрғызылмақ. Ал іштегі орны табылған нысандар кәдімгі лайдан құйылған қыштан салынады. Өйткені олардың әу бастағы материалы осындай. Әр жерден орны табылып, мұқият қазылған сондай нысандардың іргетастары, қаланған қыштары көзге шалынады. Қаланың әр тарапынан қарауыл мұнаралары салынады екен, олардың орны табылып, белгіленіп қойылған.

 

Ал қамал-қала тұрған қырдың сыртқы құлама бет­кейлерін орай биіктігі бірнеше метрге жететін темір-бетон дуал тұрғызылуда. Ол қырдың жаңбыр, жел-құздан мүжіліп, құлауына тосқауыл болмақ.

 

...Әзірге осы естіп-білгенімізбен шектеліп, кері қайттық. Ол жерден төрт тарап төңірек алақандағыдай көрінетіні белгілі. Осы қыр үстінен қарасаңыз, Шымкенттің ажары ашыла түскендей болып, көңіліңіз көтеріледі. Төменде үлкен қала, алыстан үстін ақ қар басқан биік таулар көз тартады. Атына заты сай Шымқаланың көркіне осы биіктен тамсанып талай ұрпақ тарих көшіне ілесті-ау...

 

Ал ол жерде жоспардағыдай ашық аспан астындағы мұражай  бой көтерсе, алыс-жақыннан ағылар туристер түгілі, қала тұрғындарының өзі де сүйсіне тамашалайтын ғажап ортаның біріне айналғалы тұрған сияқты. Лайым солай болғай!

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ