Шымкентті жұрт біледі ме екен?

09.12.2019
Қаралды: 400

Шымкент қаласы ТМД елдерінің 2020 жылғы мәдени астанасы дәрежесін иеленді. Сонымен қатар 2020 жылы Шымкенттің 2200 жылдығы аталып өтпек.

 

Мәдени астана атанды

 

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) осыдан оншақты жыл бұрын ТМД-ның тарихи-мәдени мұрасы аясында жыл сайын арнайы іс-шаралар өткізіп тұру жөнінде уағдаласқан болатын. Яғни әр жылы бір қала ТМД елдерінің мәдени астанасы болып жарияланады да, онда арнайы іс-шаралар өткізіледі, ол қаланың әлеуеті таныстырылады.

 

Бұған дейін ТМД-ның мәдени астанасы дәрежесін жеті-сегіз қала иеленді. Соның ішінде Қазақстаннан Астана мен Алматы (2012 және 2014 жылдары) бар. 2019 жылы Белоруссияның Брест қаласы мәдени астана болды. Ал өз кезегінде Шымкент бұл эстафетаны Тәжікстан астанасы – Душанбеге өткізеді.

 

Шымкентті ТМД елдерінің мәдени астанасы деп жариялау жөнінде 2017 жылы көктемде Ташкентте өткен ТМД елдері сыртқы істер министрлері басшыларының бас қосуында ұйғарылған болатын. Дүйсенбі, 9-желтоқсан күні ол мәртебе Шымкентке ресми түрде берілетін болады.

 

Еліміздегі ең көне шаһар деп танылды

 

Таяуда ЮНЕСКО (Біріккен Ұлттар Ұйымының білім және мәдениет жөніндегі арнайы мекемесі) Шымкенттің 2200 жылдық тарихы бар көне қала екенін ресми түрде таныды. Қаланың жиырма ғасырдан астам тарихын атап өту бұл ұйымның алдағы, 2020 жылы өткізетін халық­аралық іс-шараларының тізіміне ендірілді. Сөйтіп Шымкент 2000 жылдан аса тарихы бар Тараздан озып, Қазақстандағы ең көне қала дәрежесін иеленді десек болады.

 

Бұл істе оңтүстікқазақстандық археологтардың үлкен еңбегі бар. Олар ЮНЕСКО-ға Шымкенттің тарихын ай­ғақтайтын дәлелдер келтірген, сараптамалық қорытынды жасап, тиісті құжаттар түзіп берген. Бұл құжатты Англияның, Францияның, Канаданың, Бельгияның, Ресейдің ғалымдары, сонымен қатар ЮНЕСКО-ның өкілдері де қостап, оған қол қойған еді.

 

Ал Шымкент әкімдігі осыдан 4 жыл бұрын халық­аралық ұйымға бұған қатысты өтініш түсірген болатын. Соның нәтижесінде өткен қараша айында Парижде болған 40-шы Бас Конференциясында ЮНЕСКО Шымкенттің 2200 жылдық тарихы бар деп ресми түрде таныды.

 

...Қысқасы, алдағы, 2020 жыл Шымкент үшін мерекеге толы жыл болғалы тұр.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ