Сұрақ пен сынақ

06.12.2019
Қаралды: 338

Қалыңдық іздеген жігіт қызды сынамақшы ниетімен оған түрлі сұрақтар қояды. Қыз оған жауап береді.

 

– Ақылды жанның ісі қандай болады? – дейді жігіт.

 

– Түзелмейтінді түзетем деп әуреленбейді, өзі білмейтінді әңгіме етпейді. Оның айтқан ақылы соқырдың көзіне нұр, көкірегіне сәуле, қараңғыға жарық бергенмен тең. Зор байлыққа сүрінбейді, тапшы өмірге күйінбейді, ақылдан – сабырды, байлықтан – қанағатты артық санайды, – деп жауап береді қыз.

 

– Өзін қайғыға душар ететіндер кімдер?

 

– Олар: жауға құр қол шапқан жан, өзге елде жүрген жан, жас әйелге үйленген жеңілтек шал.

 

– Адамдарға жексұрын көрінетін кімдер?

 

– Кіріспейтін жерге килігіп, білетінін де, білмейтінін де сөйлей беретін мылжың. Көршіге көмек бермейтін, өктем сөйлейтін есерсоқ жан.

 

– Адамдағы жақсы қасиеттер қайсылар?

 

– Төзімділік, ізеттілік, ақыл, біліп алып сөйлеу, ұяттылық, ұстамдылық, шыншылдық, мейірімділік, әділдік.

 

– Еңбегі жанбайтын кімдер?

 

– Жігерсіз, тоғышар жандар.

 

– Ретсіз ашуланатын кімдер?

 

– Ақылсыз, баққұмар жан. Пара алуға сүйенген әкім. Өзге үйде мырза, өз үйінде сараң жан.

 

– Адамды қор қылатын не нәрсе?

 

– Нәпсіқұмарлық, менмендік, өтірік айту, әдепсіздік, екі сөзділік, мақтаншақтық.

 

Осыдан кейін жігіт қыздың ақылдылығына тәнті болып:

 

– Мен сізді сүйемін! – дейді.

 

– Маған қанша рет кездескеніңіз есіңізде ме? – дейді қыз.

 

– Білмеймін.

 

– Сіз білмесеңіз, мен сізбен сырт­тай алты рет, осымен жетінші рет кездестім. Неше рет кездес­кеніңізді білмей тұрып сүйдім деуіңіз әлі алдамшылық ойдан арылмағандығыңызды көрсетеді. Ажарға, тілге, дәрежеге тоқмейілсу – лайықсыз нәрсе. Маған деген ықылас рас болса, сізді әлі үш жыл сынаймын. Оған төзсеңіз, тойымызға шашуға арнайтын менің мына төмендегідей жүз сауалыма жауап беріп шықсаңыз, ойланар едім, – дегенде жігіт үн-түнсіз өз жөніне жүре берген екен.

 

Қыздың сондағы сауалдарының жауаптары мынадай екен: Үлкенге – сәлем, қуанғанға – сүйінші, соғымнан – сыбаға, егіннен – кеусен, малдан – көгендік, балаға – базарлық, киімге – байғазы, сәбиге –  көрімдік беру керек. Алладан – денсаулық, Пайғамбардан – шапағат, Қыдырдан – бата, данадан – өнеге, батырдан – сауға, аңшыдан – сыр­ал­ғы сұрау керек. Науқастың – кө­ңілін, қарттың – хал-жайын, жердің – жай-күйін, саудың – амандығын, ағайынның – бүтіндігін, олжадан – теберік, қонақтан –бұйымтай. Тілеу керек: Барға – тәубе, жоққа  – сабыр, ауырға – төзім, жақсылыққа – алғыс, болашаққа – сенім, жетістікке – шүкір, өткенге – салауат, қалғанға – береке, басқа – амандық, денге – саулық.

 

Сұрақ-жауапты ықшамдаған – Тынысбек ҚУАТБАЕВ.

Жиенқұм ауылы. Бәйдібек ауданы.

Түркістан облысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ