Күйеуі күн бермеген, соққыға жыққан...

06.12.2019
Қаралды: 337

Әйелдер мен балалардың құқығын қорғау мақсатында 25-қарашадан бас­тап «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» атты халықаралық акция бастау алды.

 

Соған сәйкес еліміздегі дағдарыс орталықтары мен үкіметтік емес ұйымдар түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, қыз-келіншек­терге кеңестер бере бастады.

 

Осы орайда Алматы қаласындағы «Тұр­мыс­тық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының» мәдени іс-шара ұйымдастырушысы Әсем Бижанмен тілдескен едік. Ол өздеріне түрлі тағдырды басынан өткерген қыз-келін­шектердің келе­ті­нін, оларды баспанамен уақытша қам­тама­сыз етіп қана қоймай, психологиялық, әлеу­меттік және заңгерлік көмек бере­тіндерін айтып қалды. Бізге мысал ретінде бір­неше әйелдің өмірін әңгімеледі.

 

– Әлеуметтік-қоғамдық жұмысқа кіріскелі бері қоғамда небір сұмдық жағдайлардың куәсі болдым. Мұндайда өз бастарынан өткен адам төзгісіз жағдайлардан кейін қыз-келіншектердің өмірге деген құлшынысы жоғалып жатады. Бірақ біз олардың барынша аяққа тұрып кетуіне жәрдемдесеміз.

 

Мәселен,  Айгүл есімді келіншек күйеуі екеуі алғашқы жылдары бақытты өмір сүрген. Бірақ жолдасы жұмысынан айрылған соң ішімдікке құмартып, түбі нашақорлыққа салынады. Наркологиялық диспан­сердегі емделу, есірткіге деген тәуелділіктен пайда болған ашу-ызаның салдарынан күйеуі Айгүлге қол жұмсай бастаған. Бір күні жолдасы Айгүлді аяғы ауыр болғанына қарамастан қатты соққыға жығып, көкбауырын зақымдайды. Ал жатырындағы бала жиырмасыншы аптада шетінеп кетеді. Күйеуі осыған дейін балалар үшін деп шыдап баққан келіншегін ауруханаға түскен соң да артынан бірде-бір рет іздеп бармаған, балаларын да керек қылмаған. Жеті баласымен барар жер, басар тауы қалмаған Айгүл ақыры біздің орталықты паналады, заңгер мен психологтың көмегін алды. Кейіннен өзі де өмірін өзгертуге тырысып, ата-анасына оралып, жұмысқа орналасты.

 

Ал молдовалық Агата Алматыға келіп, осында тұрмыс құрады. Оның екі баласы осы қалада дүниеге келген. Күйеуі екеуі арасындағы ұрыс-керістер жиі орын ала береді. Осындай жан­жал­дардың бірінде жолдасы оның төлқұжатын жыртып тастап, мүлдем хабарсыз кеткен. Ол кеткен соң үшінші баласына жүкті келіншек бөтен қалада құжатсыз, үйсіз-күйсіз қалады. Біразға дейін біресе таныстарының үйінде, біресе көшеде қонып жүрген. Қазір орталықтың көмегімен құжаттары қалпына келтіріліп, еліне қайтарылды.

 

Әйгерім атты келіншектің анасы ол үш жасқа келген кезде қайтыс болады. Алты айдан соң әкесі екінші әйел алады. Бірақ өгей анасы оны керек етпейді, ақыры 15 жасында өзінен 15 жас үлкен жігітке тұрмыс­қа шығып кетеді. Әйгерім жолдасымен де бақытты болмаған. Ол үйде тек малға қарап, үй шаруасын атқаратын қызметші есебінде жүреді. Сәл қателігі үшін күйеуі оны ұрып-соғып, қатты жазалайтын болған. Сөйтіп жүріп 3 бала туады. Сол уақыт аралығында оның мұрны да, қабырғасы да сынған, басынан жарақаттар алған.  Жолдасы Әйге­рімге: «Сен ешкімге керек емессің! Қалаға барсаң, әлдебіреулер сені құлдыққа сатып, зорлап кетеді», –  деп сендіріп отырған. Осылайша сол үйде 16 жыл өмірі өткен. Кезекті бір қатты соққыдан соң Әйгерім балаларын алып кетіп қалған. Бір адамдардан біз туралы естіп, осында келген соң  ақырындап аяққа тұра бастады.

 

Бүгінде біздің орталық қыз-келіншектердің өмірлерін жақсы жағына қарай өзгертуге, жағымды жаңалықтар енгізуге барынша күш салып отыр, – дейді Әсем.

 

Дағдарыс орталығы жұмыс істей бастаған екі жылдың ішінде 1500-ден астам адам­ға көмек көрсетіліпті. Басшысы Зүлфия Байсақова болып табылатын бұл мекеменің мақсаты да сол, мамандардың көмегімен тұр­мыс­тық зорлық-зомбылық құрбандарының құқықтары мен мүдделерін қорғау. Бүгінде бұл орталық зорлық-зомбылықсыз қоғам қалыптастыру жолында алуан түрлі жұмыстар атқарып жүр.

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ