8 айлық күркетауық 10 мың теңге тұрады

06.12.2019
Қаралды: 288

Қыстың суық күндерінде адамның қуатты тағамды, соның ішінде етті көбірек тұтынатыны мәлім. Себебі ет ағзаға қосымша қуат береді, оның жылу түзуін күшейтеді.

 

Қысқасы, енді етке сұраныс арта бастайды. Дегенмен бүгінде бұрынғыдай молынан жейтін ет аз, оның бағасы да қымбаттап тұр. Мысалы, қазір базарда жылқы етінің килосы 2500 теңгеге шықты, одан қымбаттары да бар. Соғымға сойылған бордақы малдың «жілігінің» килосы да 2000 теңгеден жоғары сатылып жатыр. Бұрынғыдай оны қарызға беріп, ақысын келесі, арғы айда жинап алатындардың да қатары азая түсуде. Бәрі де нақты ақшаға сатуға тырысады. Қысқасы, көпшілік адамдардың «жілік» алу түгілі, етті базардан килолап сатып алуға да шамасы келмей барады.

 

Сондықтан бүгінде біршама арзандау ғой деп тауық етіне көшіп жатқандар бар. Ал ол қанша тұрады? Осы орайда көзімізге шалынған бірер жарнама иелеріне хабарласып, оның да бағасын білуге тырыстық.

 

Шымкенттік бір азамат үйінде брама тұқымдас 26 тауық барын айтады. Иесі олардың әрқайсысын 3 мың теңгеден сатпақ. Бұл тұқымдас ересек тауықтардың салмағы 4-6 килоға дейін тартады екен.

 

Ал күркетауық сататын Икрам деген жігітпен хабарласқанымызда (8-747-923-37-49) ол қазір үйінде 15 тауық бағып отырғанын айтты.

 

«Осыдан 8 ай бұрын шөжелерін 800 теңгеден сатып алғанмын, – дейді ол. – Қазір әжептәуір ет жинап қалды. Енді олардың әрқайсысын 10 мың теңгеден сатпақпын. Сосын қолда бар ақшаны қосып, 100-ін бір-ақ аламын. Мұны түбегейлі кәсіпке айналдырмақ ойым бар.

 

Бұларды шөже кезінде асырау қиындау екен.  Дегенмен алғашқы бір айда  жақсылап қарасаңыз, кейін бағу аса қиын болмайды. Тек қорасы сыз емес, суық емес болуы керек. Қораның кең болғаны дұрыс, өйткені бұлар ары-бері көп жүргенді ұнатады. Жылы күндері жайылып келуі үшін далаға жіберіп тұрамын. Бұлардың асқазан қышқылы күшті, кейде тас жеп тұрулары керек».

 

Икрам бүгінде базарда күркетауық етінің килосы 2100 теңгеден деп естігенін айтады. «Мен айтып отырған 10 мың теңге – қалыпты баға. Тіпті ол біршама арзандау болуы да мүмкін. Өйткені осыдан екі жыл бұрын күркетауық етінің килосы 1500 теңгеден еді. Одан бері талай нәрсе қымбаттап жатыр ғой», – дейді ол.

 

Күркетауықтың қоразының салмағы мекие­нінікінен кемінде екі есе ауыр тартады екен. Ал Икрамның тауықтарының бес-алтауы – қораз. «Қораздары тез ет алады, салмақ береді. Ал мекиендері көктемде жұмыртқалай бастайды. Сондықтан бұлардың бәрін бір бағада сатпақпын. Жекелеп те, алатын адам шықса, бәрін қосып та беріп жіберемін. Алған адам ұтылмайды», – дейді ол.

 

Оның күркетауықтары шамамен 8 – 12 кило аралығында ет беретін сияқты. «Қажет етсе, сойып, килолап та беремін. Етінің килосын 2 мың теңгеден беретін шығармын», – дейді тауықтардың иесі.

 

Күркетауық еті ағзаға жеңіл сіңетін, холестерині аз азық саналады екен. Құрамында ағзаға аса пайдалы А, Е витаминдері, калий, кальций, темір, фолий қышқылы мол деседі. Оны әсіресе дерттен қалжыраған, операциядан шыққан, химиялық терапия алған адамдарға пайдалы деп айтады.

 

Ендеше жаппай қымбатшылық жайлаған заманда мал етіне қолы жетпей жүргендер оның орнына тауық етін тұтына жүрсе бол­ғандай екен. Өйткені қыста, жоғарыда айтқанымыздай, адам ағзасы үшін еттің маңызы артады. Ал құс етінің ағзаға пайдалылығы бір бөлек, оның құны мал етінікінен біршама арзанға түсетіні белгілі.

 

Б. РЫСҚҰЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ