Киіздің кереметі көп екен

06.12.2019
Қаралды: 299

Кезінде ата-бабамыз тұр­мыста жиі пайдаланған киіз өнімдерінің қазіргі таңда қолданыстан шығып қалғаны жасырын емес. Десе де осы бір дүниенің біз білмейтін кереметтері көп екен.

 

Ол туралы бізге он жылға жуық уақыт осы тақырыпты зерттеп қана қоймай, одан түрлі бұйымдар жасап жүрген астаналық дизайнер Сандуғаш Сейсенова айтып берді.

 

– 2010 жылы диплом қорғау кезінде осы киіз тақырыбын алдым. Сол кезде Ресейден комиссия ретінде келген ғалымдар киіздің қолданыстан шығып бара жатқанын, оның сапасы, қасиеті туралы адамдарға көбірек ақпарат беру керектігін айтып кеткен болатын. Содан бері киізбен көп жұмыс жасап келе жатырмын. Бұл бұйымның пайдасын көп адамдар біле бермейді. Оның зиянды сәулелерден қорғайтын қасиеті бар. Киіздің бүкіл сәулелерді өзіне тартып алып, денеге жібермейтіні туралы ғылыми дәлелденген. Орысша айт­қанда, «поглощающий материал». Содан соң оның артриттен, бұл­шық ет ауруларынан, қан айналымының бұзылуынан, аллергиядан, салқын тигеннен, шаршау және стресстен қорғайтын қасиеті зор екені айтылып жүр. 

 

Қазір біз жүннен қыстық бас киім, қолғап, қамзол, жакет, интерьер ретінде сырмақ жасап жатырмыз. Олардың қатарында үйге киетін сүйретпелер де бар. Онымен жүру аяққа жеңіл массаж жасағанмен бірдей. Себебі олар аяқтың шаршағанын басады және оны зең ауруларынан сақтайды. Тағы бір қызық нәрсе, егер киіздің үстінде ұйықтасаң, шағатын құрт-құмырс­қа, кей жәндіктер жоламайды. Себебі олар қойдан қатты қорқады, тіпті алыстан иісін сезетін көрінеді. Мұны бала кезімізде әкем жиі айтып отыратын. Бұрын ата-бабаларымыз киіз төсеніш, сырмақ деген дүниелерді тұрмыста көп қолданған ғой. Қазір де сол нәрселерді үй интерьері ретінде пайдалансақ, ұтылмаймыз деп ойлаймын, – дейді ол.

 

Қолөнерші киіздің зиянды сәулелерден қорғайтын қасиетін енді ұялы телефондар үшін де пайдалана бастапты. 

 

– Қазір ұялы телефондарға киізден «чехол» жасауды қолға алдық. Оны тек тапсырыспен жасаймыз. Тапсырыс беру­шінің қалауына қа­рай оған адамның аты-жөнін жазамыз, кестемен безендіріп, тастармен көмке­реміз. Декорға байланысты бағасы да әртүрлі, 2000-8000 теңгенің аралығын құрайды. Өнімдер меринос қойдың жүнінен жасалған соң өте сапалы болып шығады. Жүнді біз Тараздан арнайы тапсырыспен алдырамыз.

 

Бір бұйымды жасауға түріне қарай әрқалай уақыт кетеді. Мысалы, қамзол, пальто жасау үшін 1-2 күн кетсе, қалпақ, қолғап секілді ұсақ заттарға 1-2 сағат жұмсалады.  Дегенмен, жасыратыны жоқ, киіз өнімдеріне сұраныс аз. Жоғарыда бас киім, қолғап, камзол жасап жатқанымызды айтып кеттім ғой, оған да адамдардың қызығушылығы төмен. Киіз өнімдерінің орнын Қытайдың сапасыз тауарлары басты. Бірақ біз жүннің, киіздің пайдасын халыққа түсіндіруіміз керек. Алда «Дала өрнектері» атты халықаралық көр­меге қатысуды жоспарлап отырмыз. Сол кезде біраз жұмыстарымызды қоямыз және жүннің пайдасы туралы тағы да айтатын боламыз. Халық оны түсінуі, білуі керек.

 

2008-2011 жылдары жүннен панно жасап, сатылымға шығаратынмын. Туындыларымды галерея мен көрмелерге қойсам, қазақтар­ға қарағанда шетелдіктер қатты қызығып, сатып алып кететін. Тұр­мыс құрған соң жұмысым сәл үзіліп қалды. Қазір енді қайтадан бәрін қолға алып, шеберлер академиясымен бірге көпшілікке киіз өнім­дерінің артықшылығын қоса айтатын онлайн-сабақтар өткізіп жатырмыз, – дейді ол.

 

Қазақ халқының киіздің пайдасын сонау заманда-ақ білгені таңдандырмай қоймайды. Ертеректе қан тоқтамай жатқанда киізді күйдіріп басып, жарақат асқынуының алдын алған екен. Одан бас­қа да киіздің қыста жылы, жазда салқын тартып, ыстық-суықтан қорғап, температураны бірқалыпты ұстайтын қасиеті бар. Сондықтан да көбіне аяқ киімге оны ұлтарақ етіп салып, табаннан сыз өтудің алдын аламыз. Сондай-ақ қыстың қатты аязында көліктің моторына киіз жауып қойса, қатып қалмайды екен. Ал көліктің орындықтарына киізден жабу жабудың омыртқаға пайдасы бар көрі­неді. Біреулер киіздің ылғал жібермейтінін, бел ауруларының алдын алатынын, дә­рі­­гер­лердің құяңы бар адамдарға көрпе орнына киіз төсеп жатуға кеңес беретінін айтса, енді бірі жүннен жасал­ған киім­дер қан айналымын жақсартып, адам терісінің қартаю­ын тежейді деседі. Киіз туралы тағы бір қызық,  киіз үйге найзағай түспейтін көрінеді.

 

Қой жүнінен жасалған осынау жылы бұйымдардың кереметін сіз білген бе едіңіз?

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ