Он екі әпкесі бар жігіт үйленді

05.12.2019
Қаралды: 305

Жуырда Атырауда ерекше үйлену тойы болып өтті. Ерекшелігі сол – бұл 12 қыздан кейінгі өмірге келген ұлдың қуанышы еді.

 

300-ден астам адам жиналған мерейлі жиынның тізгінін жеті жылдан бері той басқарып келе жатқан атыраулық асаба Есет Бахиев алыпты. Ол тойдың барысы туралы бізге былай деді: 

 

– Иә, бұл көп күттірген той болған екен. Той иелері – Сахиповтар әулеті. Зұлпыхар ата мен Сәуле ападан 13 перзент тараған. Үйленген жігіттің жасы – 27-де. Есімі – Амангелді. Әпкелері Асият, Зухра, Гауһар, Жаңылсын, Айнагүл, Гүлшат, Динара, Ұлмекен, Мейрамгүл, Гүлден, Ардақ, Әйгерім – барлығы отбасылы. Олардан бүгінде 42 жиен, 9 жиеншар бар.  Рулары – Адай.

 

Сахиповтар әулетінен той басқаруға ұсыныс түскенде қуандым. Өзім де төрт қыз, екі ұлдың әкесімін. Ол кісілер мені көпбалалы әке деп арнайы таңдаған екен. Негізі осыған дейін де бұл әулеттің бір тойын бас­қарғанмын, – дейді ол.

 

Асаба берген ақпарат бойынша, Аман­гелді бұл отбасындағы он екінші қыздан соң үш жылдан кейін дүниеге келіпті. Ол кезде қазіргідей «УЗИ» жоқ. Уақыты келгенде көршілер Сәуле апаны перзентханаға «ұл тауып кел» деп шығарып салған. Босанып, дәрігерлер ұл екенін айтқан кезде Сәуле апада қуаныштан бұрын: «Қасқа, күйеуімнің жүрегі жарылып кетер ме екен?!» деген қорқыныш басым болған көрінеді. Тіпті дәрігерлерден өзі үйге барғанша жолдасына ұл туғанын айтпауын да сұрапты. Десе де жақсы жаңалық жасырын қалмаған. Жолдасы ұлды болғанын ести сала перзентханаға тартып отырыпты. Келген бойда келіншегін «Любовь моя!» деп терезеден айғайлап шақырып, қуанышын осылай білдірген екен. 

 

Амангелді үйдің еркесі атанып, еркелігі соншалық, әпкелері таяқтың бір ұшы өздеріне тиетін болғандықтан қандай жағдай болмасын, жалғыз інілерін барынша жылатпауға тырысып бағады екен. Бала кезден қалған қызықты естеліктердің осы бір тұстары бізге асаба арқылы жетті.  Әулеттің 12 қызы бірыңғай қызыл түсті көйлек, ал асаба да соған сәйкес қызыл түсті костюм киіпті. Есет Бахиев мұның себебін: «Адайлар қызыл түске ерекше мән береді», – деп түсіндірді.

 

Отбасыда ұл-қыздың көп болғаны қандай жақсы! Бас қоса қалса өздері-ақ бір қауым елге айналып шыға келеді. Бұл әулет сонысымен-ақ басқа да жанұяларға жақсы үлгі бола алады емес пе?

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ